Астанада зейнеткерді көлігімен қағып өлтірген прокурор сотталды
2014 ж. 18 маусым
2157
0
Астанада көлігімен зейнеткерді қағып өлтірген аудандық прокурордың көмекшісі 3 жылға бас бостандығынан айрылды. Сондай-ақ оның 2017-ші жылға дейін көлік тізгініне де отыруға құқы жоқ деп хабарлайды КТК арнасы.
Алайда, үкімге жәбірленушілерді айтпағанда прокурордың туыстарының көңілі толған жоқ. Тараптар тіпті соттан бір-бірімен дауласып тарқасты.
Соңғы процесте Мақсат Шыңғысов өзін салқынқанды ұстады. Жәбірленуші тараппен келісімге келіп жазадан құтылуды аңсаған прокурор енді 3 жылын темір торда өткізуі тиіс. Үкім оқылған соң, осыған дейін қолхатпен үйінде болған 24 жастағы жігітке сот залында кісен салынды.
Астанадағы аудандық прокурордың көмекшісінің карьерасына қара дақ түсірген қаңтар айындағы жол апаты еді. Мақсат Шыңғысов көлігімен 70 жастағы қарияны қағып өлтіріп артына бұрылып қарауға да шамасы келмей, оқиға орнынан қашып кеткен. Онысын қатты шошынғанымен түсіндіріп отыр. Ал қансырап далада ұзақ жатып қалған теміржол саласының ардагері сол жерде көз жұмды.
Марқұмның туыстары, зардап шегушіге шұғыл дәрігерлерік көмек көрсетілгенде аман алып қалуға болар еді дейді.
"Мен өз күйеуімді ақшаға сатқан жоқпын. Олар бізге келді: "ақша берейік", "келісімге келейік" деп. Оны істеген жоқпыз. Әділділеттілік үшін істедім. Басқаларға сабақ болсын. Адамды басып жол үстінде тастап кетпейтіндей болсын", - дейді марқұм Ж. Ақпановтың жесірі Рауза.
Бірақ 3 жыл жазаны жұмсақ деп отыр. Ал прокурордың туыстары керісінше, үкімнің тым қаталдығына наразы. Ақыры екі жақ, бүгін сөзге келіп қалды.
Ал 24 жастағы Мақсат Шыңғысов түрмеден жазасын өтеп шыққанының өзінде прокуратурадағы қызметіне кайта оралуы екіталай. Бірақ, үкіммен келіспеген прокурор апелляциялық арыз азбақ. Оған 15 тәулігі бар. Осы уақытқа дейін изоляторда болады. Ал шағымы қанағаттандырылмаған жағдайда, бірден абақтыға тоғытылмақ.
nur.kz