Бүгінгі таңда интеллигенция «өлген»
2014 ж. 13 маусым
2623
0
Қазақ бұрын ру-руға бөлінуші еді. Енді секта-мектаға бөлінетінді шығарды. Ол ол ма? Исламның, сол секілді христианның өз ішінде жеке-дара тармақтарда тағы да тарана түсуде. Бұдан тыс ғаламданумен елімізге сайқалдап енген өзге де жалған идеологиялар жетегінде жүргендер қаншама? Осылайша мылтықсыз майдан нысанына айналған оларды әй, деп тыйып жатқан бұл қоғамда ешкім жоқ. «Алаш айнасы» сұрау салған мамандар мұның барлығына ұлтқа бас бола алмаған қазақ интеллигенциясы кінәлі деп санайды.
Саясаттанушы Досым Сәтбаев бүгінгі таңда интеллигенция «өлген» деп есептейді.
Маманның пікірінше, кеңес заманы түсінігіндегі моральдық-этикалық билігі бар, сонымен қатар таңдаған жолында ел беделі үшін өзін тәрік етуге әзір, жапондарша айтқанда, «моральдық харакириге» дайын интеллигенттер бүгін жоқтың қасы.
– Жалпы, кеңестік жүйе құрығаннан кейін сол стильдегі интеллигенция да жоғалуы керек еді. Бірақ біздегілер оны жасанды жолмен сақтап қалды. Негізінен, ХХІ ғасырдың басты кейіпкері – «интеллигент» емес, «интеллектуалдар». Қазіргі ғаламдық деңгейдегі инноваторлар кімдер?.. Олар – марқұм Стив Джобс, Марк Цукерберг, Сергей Брин... «Time» журналы жариялайтын «Жыл адамдары» қатарында саясаткерлерді, бизнесмендерді, актерлерді, тарих мамандарын көреміз. Бірақ олар өздерін интеллигент санамайды. Осы жағынан алғанда, «интеллигенцияның» дәуірі өтіп кеткен секілді. Өйткені соңғы кездері адамды қоршаған әлеуметтік, саяси, психологиялық орта қатты өзгеріп кетті. Сондықтан өлгенді қолдан жасаймыз деп ұмтылудың қажеті жоқ, оның орнына «интеллектуалдарды» тудыратын адам сапасы капиталы үшін күресу қажет. Себебі бүгінгі таңда жер шарында «ақылдар» үшін талас қызып тұр, - дейді саясаттанушы.
Сондай-ақ ол қазіргі қазақ қоғамында интеллигент деп жүргендер табиғи емес, жасанды топ екенін айтады.
– Антонио Грамш кез келген басқарушы элита «интеллигенция» деген жасанды мәртебеге лайық қоғамның бір табын құруға ұмтылады деген. Қазір біздегі шығармашылық интеллигенция деп жүргендеріміз қоғамнан гөрі билікке көбірек қызмет етеді. Әрине, олардың арасында шындық пен ар-ождан мәртебесін жаңғыртуға ат салысушылар ілуде бір кездеседі. Мәселен, Герольд Бельгер немесе Ермек Тұрсынов сияқты тұлғалар. Қалай дегенмен де нағыз интеллигенцияны қолдан жасау мүмкін емес, ол керек уақытында табиғи жолмен туындайды, – дейді Д.Сәтбаев
Қазір мәдениет орындарына, кітапханаға, ғылыми конференцияларға бас сұқсаңыз, бос орынды көп көресіз. Кезінде көзі қарақы деген қауымның барлығы мұндай орындарда болуды өзінің міндетінің бірі деп санаушы еді. Ал қазір осы міндет өзгерді ме, әлде зиялы қауымның өз арасында тоқырау бар ма?..
Бұл ретте әлеуметтанушы Бақтығали Шәкеев мәдени институттар дағдарысына осы институттардың өзі де немесе ойлы адамдардың да қатысы жоқтығын айтады. Маман бұған белгілі бір деңгейде айыпты билік деп санайды.
– Мәдени институттардың дағдарысына, негізінен, билік кінәлі. Билік өзінің идеологиялық саясатында мәдениеттің үлкен рөл атқаратындығын жақсы біледі. Сондықтан осы бағыттағы инфрақұрылымдарды дамытып, қоғамның бетке ұстар азаматтарын артық ақшамен, бос уақытпен қамтамасыз етуі керек. Бірақ бізде ондай жоқ. Мәселен, үш сағаттап баратын мәдениет орнына кім барады? Сол секілді жақсы табыс тапқанымен, оның барлығын несиеге жұмсап жатқан адам театрды ойлауы мүмкін бе? Міне, осы жағынан алғанда билікке интеллегенция белсенділігінің, потенциалының еш қажеттілігі жоқ. Бұл, әрине дұрыс емес саясат.
Ел-жұрт қазақтарды сауатты салалық телебағдарлама жасай алмайды деп көп сөгеді. Алайда журналист қауым өткір ой айта алатын маманды таппай қатты қиналады. Ондайлар мүлде жоқ емес, бірақ санаулы ғана. Мұның жайын саясаттанушы Уәлихан Төлешов былайша түсіндіреді:
– Бізде саяси плюрализм жоқ деп қиналамыз. Ал ол бізде қайдан болсын, өйткені біздегі биліктегілердің, тұлғалардың көбінің сауаты төмендеу. Сауатсыз болғандықтан да олар тілшілер қауымынан қашып, қоғам алдында қандай да бір ашық ой білдіруден қорқады. Олар айтқан ойым біреуге жақпай қала ма деп емес, сауатсыздығым білініп қала ма деп бүгежектейді.
Мұндайда қоғамға шын ақпарат жетпейді. Сұрап жатқан соң сарапшылар долбарлап, пайымдап бірдеме айтқан болады. Айналып келгенде, бүтін елдің сауаты осылайша бағаланып шыға келеді. Әйтпесе шетелдік арналарды қоссаңыз, министр де, депутат та шен-шекпеніне қарамай мықты ойларды ортаға тастап, идеяға толы кітаптарын жариялап жатады. Осы жағынан алғанда, елімізде білікті кадр тек орта емес, жоғары звенода да жеткіліксіздігі анық байқалып қалады.
Бізде қостілділік деген бар. Қоғамдағы орысша ақпарат қазаққа жетіп жатады, ал қазақшасы орыс тілділерге жетпейді. Бұл – рухани ағарту ісінде үлкен мән беретін мәселе. Өйткені осы екі әлем бізде бір-бірінен алшақтап кетеді. Барлық жағынан. Оны біртұтас жасау үшін орысшадан қашпау керек. Керісінше, қазақ интеллигенциясы ұлттық идеологияны осы екі тарапқа да бірдей етіп жеткізе алатындай болуы тиіс. Интеллегенцияның үлкен қозғаушы күшке айнала алмауында, жоғарыда мамандар атап өткен мәселелермен қатар, біздіңше, осы факторды да ескеру керек деп ойлаймыз.
"Алаш айнасы", Кәмшат Сатиева