Қазақстанның әр өңіріндегі қыздың "қалыңмалы"
2014 ж. 09 маусым
8030
0
«Қыз бен қойдың жүрмейтін жері жоқ» демекші, бүгінде Шымкенттің қызы Шығыс Қазақстанға, Солтүстік Қазақстанның қызы Қызылордаға, Маңғыстаудың қызы Астанаға, Алмытының қызы Оралға, келін болып жатады. Осындайда құда-құдағилар бірін-бірі түсінбей әуреге түседі-ау келіп. Ең қызығы, біздің еліміздің әр өңірі бір-бір мемлекет секілді ғой, салт-дәстүрлері де, тұрмыс-тіршіліктері де бір-бірінен ерекшеленіп тұрады. «Әр елдің салты басқа» дегендей әр өңірде қыз беріп, келін түсірудің өзіндік жазылмаған заңы бар. Әсіресе, әр облыста ұзатылар қыздың қалың малының құны әртүрлі. Таяуда ағамның баласы келін түсірісіп әулетімізді бір қуантқан еді. Алған келініміздің қалыңы қанша болды дейсіз ғой? 600 мың. Осы орайда «Алаш айнасы» оқырмандарымен Қазақстанның әр өңіріндегі қыздардың «қырық жетісі» туралы ой бөліскенді жөн көріп отырмын.
Өткен айда Алматыда тұратын ағамның тұңғыш баласы Алматының қызын алып қашып келіп, келін түсіріп мәз болдық. «Құда түсіп, қолдан алсақ дұрыс болар еді, алайда жастар өздері осылай шешкен екен, дегендері болсын» дедік те туған-туыс жиналып құда-құдағилардың алдынан өтуге бардық. Танысып, жөн сұраса келіп белгеніміз, құдаларымыз біраз жыл бұрын Алматыға Шымкенттен көшіп келіпті. Алматыда өздерінің бірнеше ірі дүкендері, жеке мейрамханалары бар дәулетті әулет екен. Құдаларымыз бірден ашығын айтты: «Құйрық бауыр жесіп, төс қағыстырып құда боламыз, бізде де ағайын-туыс, жора-жолдас бар, солардың алдында абыройымызды түсірмейсіздер деп үміттенеміз. Қызымыздың қалыңы 600 мың теңге, тоймалын, ана сүтін, басқа сый-сыяпат, киттеріңізді шамаларыңызға қарай әкелерсіздер» дегені құдағиымыз. Сонымен ағам мен жеңгем балаларының бақытын ойлап құдаларына ауыз ашпастан сұрағанын әкелетін болып келісті. Енді қайтер екен деп біз жүрміз. Туған-туыс болып көмектесіп-ақ жатырмыз. Дегенмен қалың мал, киіт, тоймал, ілу деген секілді анау-мынаудан бөлек той шығыны бар дегендей, әбден тыраштанып жатыр. Қайын жұртының көп ақша сұрағанын естіген ұлымыз «онда үйленбеймін, қызды апарып тастаймын» деп қиғылықты салды емес пе? Әйтеуір жабылып жүріп ұлды көндіріп, тойға дайындалып жатырмыз.
Мен өзім Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданында тұрамын. Екі қыз, екі ұл өсірдім. Екі қызымының бірі Алматы қаласына, бірі Алматы облысына тұрмысқа шықты. Құдағиларым құдалыққа келер алдында телефон соғып, қанша қалың мал, қанша киіт әкелетіндерін сұрағанда мен: «өздеріңіздің салттарыңызбен әкеле беріңіздер» дедім. Құдағилар шама-шарқынша 150 000 теңге, киіттерін, қоржындарын, өлі-тірісін әкелді. Біз өзіміздің шамамыз келгенше құдаларды күтіп, киітін кигіздік, қыздарыма көрпе-төсегін, ыдыс-аяғын бердік. Енді үлкен ұлым да үйленетін жасқа келді. Қай жақтың қызын алар екен, құдаларымыз қандай болады, дәулетті жердің қызы болса қайтер екенбіз деп те ойлап қоямын кейде. Егер дәулетті жердің қызын алса, құдалардың деңгейінде той жасай алмай жатсақ қайтеміз?
Былтыр тағы бір туыстарымыз Қызылордаға құдалыққа барар алдында құдалар жақ біздің оларға не апаратынымызды қағазға тізіп тұрып жазып берді. «450 мың теңге қалың мал, сүт ақы, ата күші, өлітірісіне бір малдың ақшасы, ілу, 9 жағалы киім, 9 алтын (2 білезік, 3 сырға, 2 жүзік, 2 алқа, өлшемдері көрсетілген), 9 жыртыс. Әлі есміде сонда бір жеңгем құдағимен саудаласып жүріп қалың малдың құнын 200 мыңға түсірткен. Сонымен қойшы, құдалыққа бардық, біздің апарған дүниелерімізді тойға жиналған қауымға көрсетіп, тіпті «5» деген баға алдық. Бірақ осының қайтарымы да жоқ емес екен, келінімізге жасауды жақсылап беріпті, төсек орны, ыдыс-аяғы, төрт мезгілге арналған киімдері дейсіз бе, әйтеуір бір үйді толтыратын жиһаз, дүниенің түр-түрі....
Естуімше, қазір Батыс Қазақстанда қыздардың қалыңының құны 150-300 мың, Оңтүстік Қазақстанда – 300-600 мың, Орталық Қазақстанда – 200-300 мың, Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстанда 150-200 мың екен. Солтүстік жақтағы облыстардың кейбір аудандарында қыздарына қалың мал сұрамайды да. Бірақ бабаларымыз «қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» дейді. Қазақ халқы қашанда қызын жат-жұрттық деп қадірлеп-қастерлеп дәстүрге сай ұзатқан. Айтайын дегенім, қалың мал төлеп қыз алу біздің ұлттық дәстүіріміз ғой. Сондықтан қалың малдан мүлде бас тартуға болмас. Дегенмен қалың мал төлеудің де, сұраудың да өзіндік жөні болғаны дұрыс секілді. Қалталы қазақтар бірінен-бірі асып түсіп, қалың малды бәсекелестікке айналдырып алған. 500 мың, 1 миллион қалың мал құнын апаратындар, китке бірыңғай алтын, гаухар тасы бар қымбат әшекейлер, жағалы киімге құндыз ішік кигізетіндер бар қазір. Байларға қарап тұрмысы орташа адамдар да шамасына қарамай несие алып сонша шығынданады. Ал осының кімге пайдасы бар? Біз балаларымыздың болашағын, бақытын неге ойламаймыз? Бізге бәріне ортақ қалың малдың орташа құнын белгілейтін уақыт жеткен секілді. Сіздер қалай ойлайсыздар? Абай атамыз «Күйеу келтір, қыз ұзат, тойың жаса» дейді ғой. Алла бізді тойдан айырмасын. Бірақ той жасасақ та ойланып жасайықшы!
"Алаш айнасы", Фаузия Сүлейменова