Алматы облысында полицей көлігімен жас қызды мерт қылды

gai_ubilei_1 Алматы-Өскемен республикалық тас жолының 50 шақырымында Алматы облысының ІІД бөлімшесінің біріне тиесілі SsangYong қызметтік көлігін мінген полицей жүргінші өткелінде бір қызды басып кетті. Бұл туралы облыстық прокуратураның тергеу басқармасы хабарлады. Зардап шеккен 1991 жылы туылған Әйгерім Күлшанова алынған жарақат салдарынан оқиға орнында көз жұмды. Алматы облысының ІІБ баспасөз қызметі басшысының міндетін атқарушы Көбейхан Нұрахмет қайғылы оқиға орын алған кезде көлік басқарып келе жатқан адам мас болмағанын (медицина сараптамалық қорытынды нәтижесі) мәлімдеді. "Кеше, 5 маусымда сағат 22:30-да Алматы-Өскемен тас жолында орын алған, жүргінші зардап шеккен жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша сараптама тағайындала отырып, қылмыстық іс қозғалды", - деді Көбейхан Нұрахмет. Өз басшысымен қызметтік іссапарға бара жатқан көлік жүргізуші Алматы облысы ІІД автошаруашылығы полициясының сержанты Нұржан Жырғалов ЖКО кезінде медициналық қорытындаға сәйкес мас болмаған. Қазіргі уақытта Жырғалов қамауға алынды. ҚазАқпарат