Жұбайлар бір-бірін түсіне алса...
2014 ж. 06 маусым
4990
2
Біріншіден, әйел адамның өзінен не қалайтынын ер кісілер жақсы білуі тиіс. Ерлер көбіне «Ақша тауып жатырмын, демалыс сағаттарын үйде өткізіп жүрмін, үй істеріне де көмектесем, бұған енді не керек?» деп ойлайды Бұндай жайттардың әйел үшін бірінші орында емес екенін олар ескере бермейді. Жігіттер әйелдер үшін бірінші жайттың МАХАББАТ екенін ұғынбайды. Бірақ, бұл жайдақ махаббат емес, қат-қабат тіршіліктің арасында құнын жоймайтын өте нәзік те кіршіксіз махаббат болсын.
Шынайы іс-әрекет пен жылы сөздер әйел көңілін көтеріп, оған қуаныш сыйлайды, Өзін бақытты сезінеді. Міне, әйелге керегі осы.
Екіншіден, ер кісілерге де керегі осы екенін әйелдер ұмытпауы керек. Ер азаматтар үшін де әйелдерінің өздеріне көрсететін махаббаты, бабын тауып, құрмет көрсетуі, қолдауы бірінші орында тұрады. Әйелінен асып ешкім де ер кісіге ықпал ете алмайды. Ер кісіні бақытты, табысты, өзіне сенімді ететін де оның әйелі.
Әйел мен еркек осы секілді ерекшеліктерін түсінбегендіктен олардың арасында келіспеушіліктер турады. Бұндай отбасында ырың-жырың, ұрыс-керіс үзілмейді.
Бұның бірден-бір себебі - өзімшілдік. Өзімшіл адамның өзгені махаббатқа малындыруы қиын. Әйелінен сый-құрмет көрмеген ер кісі әйеліне қаттылық көрсете бастайды. Ал күйеюінен жылылық көрмесе, әйел онысын қырсығу, қарсыласу, қыршаңқы сөздермен тиісу, не болса содан ұрыс шығару арқылы білдіреді.
Ер кісі «Әйелім мені қашан құрметтесе, мен сол кезде оны жақсы көрем, еркелетем» деп ойлайды. Ал әйелі «Мені жақсы көрмеген адамды мен қалай құрметтемекпін?!» деген ойда болады. Міне, бұндай ойдағы жұптар ешқашан да бір-бірімен жараса алмайды. Олар ажырасудың ар жақ, бер жағында жүреді.
Алайда, ажырасу – ешқандай да шешім емес, ол проблемадан қашу. Әлсіз адамдар ғана қашады, мықты адамдар сол проблеманы шешудің жолдарын қарастырады. Шындап келгенде ерлі-зайыптылар арасындағы махаббат өшіп қалмайды ол тек түрлі себептермен күңгірт тартып қалады. Жүрек түкпірінде олардың бір-біріне деген махаббаттары сақталады. Олар сол себептерді шешеміз деп бас қатырғаннан гөрі махаббаттың өзін құрбандық қып шалып жібереді.
Бұл ешқандай жақсылық емес, екі арада балалар шулап қалады, ерлі-зайыптылардың өздеріне де жаман атақ келеді, бір шаңырақ өз-өзінен күйрейді.
Ал, махаббат жолында жеңіске жететіндер - өзімшіл емес ер көңілдер. Сондай адамдар бір-біріне сүйспеншілік көрсете алады. Өздеріне махаббат күтпейді де. Олар бәрін оң өзгертуге бейіл. Олай болса бұндай адамдар жеңімпаз келетіндіктен жеке өмірде жолдары болады.
Сүйіспеншілікті қалай қайта қалыпқа келтіруге болады?
Бір-біріңізден не күтесіздер, соны ашық талқылауға салып сырласыңыздар.
Өз қателіктеріңіз үшін кешірім сұрай біліңіз. Жұбайыңызды ешқашан кінәламаңыз.
Өзіңді және бар жақсы қаиетіңізді жұбайыңызға арнай біліңіз.
Өзімшілдіктен арылуға тырысыңыз.
Алайда мынаны есіңізде ұстаңыз: жұбайыңызды бақытты ету үшін өзіңіз де бақытты болуыңыз керек.
Оның адастырмас жолы имандылыққа жету екенін ұмытпаңыз.
islam.kz