"Қыз алмай қашу"
2014 ж. 30 мамыр
4706
1
«Отырған қыз» қайдан шығады?.. Екіншіден, жә, мейлі, қыздың аяғы ауырламай-ақ қалды делік. Жігіті оны «алмай қашты». Бірақ ол бәрібір кінәлі ғой? Ең біріншіден, ол қыз жүрегін ойыншық етті, бәлкім абыройдан айыруы да ғажап емес. Ендігі жерде ол бейбақ тұрмыс құра ала ма, жоқ па? Яғни, қыздардың отырып қалуы тегін емес, бірақ біз осы жағына мән бермей, тек «бала санын көбейтпей неғып отыр?», «кетпей ме?» деген сияқты қатаң әрі сауатсыз көзқарастың жетегінде жүрміз, шыны керек.
Осы тұста бір тәмсіл айтсақ...
Баяғыда бір кедейдің қызы тойға барғысы келіп, әкесінен қайта-қайта сұрана берсе керек, әуелі «бармайсың» деп кесіп айтқан әке, кейін тағы сұранған қызының жүрегін жаралап алмайын деп «қызым бара ғой, бірақ барғызбасың барғызбай қоймаса» деп жауап қатыпты. Мұны ести сала «бара ғойына» ғана мән берген бойжеткен сол күн келіп жеткенде, тойға барайын деп киім іздейді ғой. Қараса, иығы жылтырақ бір киімі жоқ екен. Сонда барып түсініпті «барғызбастың» мәнісін. Яғни, қызды тойға жібермейтін әкесі емес, жоқшылық екен.
Сол секілді, қыз байғұстың кеткісі-ақ келеді, бірақ «барғызбасы» бар, соның ең негізгісі әуелде оның өмірімен әлдекімнің «ойнап кетуі» болуы бек мүмкін. Яғни, «алмай қашып кеткен» жігіттің қиянаты. Бұл екі деңіз.
Елімізде бүгін 10 мыңнан аса жезөкше бар Тәуелсіз сарапшылардың дерегі осылай дейді. Ал бұл – үшінші бір үлкен мәселе. Және бұл – Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстаннан келген транзитті жезөкшелерді есепке алмағандағы өзіміздің қаракөздер құрайтын қомақты сан. Мәселен, Шымкент қаласында бір түнде 2000 жезөкше көшеге шығады десе, жуырда сол екі мың жезөкшені тексере келгенде 24-інен вич-инфекция табылып, құқық қорғау орындары мен жергілікті өкіметтің көтерген шуы әлі басыла қойған жоқ. Мұнайлы мекендердің көптеп табылуына және соған орай шетелдік жұмысшылардың ағылып келуіне байланысты, Ақтау мен Атырауда бұл кәсіп иелерінің қарасы күрт көбейіп кеткен. Бұл Жер бетінде ежелден келе жатқан «кәсіп» болса да, оны өршітетін сырттан келген біреу емес, өз ішімізде, өзіміз. Яғни, «алмай қашқан» жігіттің кесірі осы жерден тағы әшкере болады. Ол жай ғана «ойнап» кетті, ал оның салдарынан бір тағдыр төңкеріліп түсті. Әу баста бәлкім әдепті, арлы қыз ба еді, соңында ашынғаны соншалық ар мен ұятты жинастарып қойып, былайша айтқанда беттің арын белбеуге түйіп, кәнігі кәсіптің иесі болып шыға келді. Әрине, қате ешқашан біржақты болмайды, «тана көзін сүзбесе...» деп келетін мақалды көлденең тартатындар да табылады, ол негізсіз де емес.
Салмақтап көрелікші, көнбей жүрген қызын қолға түсіріп, зорлықпен үйіне алып барып, табалдырығын аттатып, басына ақ жаулық салса, әрине, қылмыс. Әсіресе еуропалық түсінікпен өскен қыз-келіншектер үшін қыз алып қашу – ең бір жабайы дәстүр. Ал біздің қазақы көзқарас жағынан алғанда, бұл – үйленудің бір тәсілі. Мысалы, әке-шешеміздің кезінде жігіт қызды ұнатты ма, келісе ме, жоқ па, қыз отынға, суға барғанда бас салып, алып қашып кеткен. Қазақтың көптеген шаңырағы солай құрылған, қыздар күйеуін тек төсекте ғана көрген. Ал солар ешуақытта «ищай» десіп, бір-бірінің бетіне келмеген. «Еркек – үйдің егесі, әйел – оның шегесі» деген түсінік әр қазақ отбасының берік концепциясы еді. Екіншіден, келісіп алып қашу деген бар, ол – екі жақтың салтанатты түрде той жасауға шамасы келмегенде тоқтайтын байламдары. Қайсысы болсын, жақсы ниет, жақсы нәтиже. Ал енді осылай алып қашса да отбасын құрған жақсы ма, болмаса қыздардың отбасын құрмай, оң жақта жүкті болып қалып, тастанды балалар санын көбейтіп жатқаны жақсы ма?Ең басты айтарлығы мұнда жігіт қызды «бұл қыз менің өмірлік жарым бо-лып, үйімде жүреді, балаларыма ана болады» деген ниетпен алып қашады. Егер оның басқа ойы болса, біркүндік құмар болса, ол басқаша әрекет жасар еді. Яғни, алдымен «тояттап», сосын болары болып, бояуы сіңген соң, іс насырға шапқанда «күйеу жігіт» алмай қашады. Сонда үйлену үшін алып қашқан жігіт қылмыскер ме, әлде...
"Алаш айнасы", Мәриям Әбсаттар