Өзіне қол жұмсаған полицейдің әйелі қаржы полицейлерін айыптап отыр
2014 ж. 28 мамыр
1723
0
Атырауда өткен айда асылып өлген тәртіп сақшысының туыстары бұл суицидке қаржы полициясы қызметкерлерін айыптауда. Айтуларынша, олар марқұмнан ақша талап еткен.
Алтынбек Құбайдоллин қайтыс боларынан бір күн бұрын жұбайына телефон соғып, тездетіп 100 мың доллар жинау қажеттігін айтыпты. Бірақ мұнша қаржының кімге, не үшін керек екенін нақтыламаған, деп хабарлайды ktk.kz.
"16 сағат бойына жолдасымды заңсыз ұстап отырып, ешқандай кінә тағып, ешқандай протокол толтырмаған. Сол уақыттың ішінде Алтынбек жолдасым маған телефонмен хабарласып, 100 000 АҚШ долларын жина деп өтінді. Сол кезде олар бір жеңілдік жасаймыз деп Алтынбекке шарт қойды ма деп ойлаймын", - дейді оның жұбайы Ақжібек Сабырғалиева.
Естеріңізге сала кетейік, 21 сәуірде Исатай аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Алтынбек Құбайдоллин 250 000 теңге мен 3 келі бекіре уылдырығын пара ретінде алып жатқан жерінде ұсталған еді.
Ол Каспийде бекіре аулағандарға ақылы қолдау көрсетті деп айыпталған болатын. Қолға түскен күні майордың денсаулығы күрт нашарлап, ауруханаға жатқызылды.
Бірақ жағдайы жақсарған соң емдеу мекемесінен қашып кеткен оның мүрдесі қаладағы құрылыс нысандарының бірінен табылған. Атырау облыстық прокуратурасы полицейдің өліміне қатысты 2 бірдей - заңсыз тұтқындау және өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу баптарымен қылмыстық іс қозғады.
Ал қаржы полицейлері өздеріне тағылған айыпты жоққа шығаруда.
КТК арнасы
"Қаржы полициясы қызметкерлерінің қылмыстық істі қысқарту үшін ақша талап етті деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазіргі уақытта Исатай аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс арнайы прокурорлар басқармасымен тергелуде", - деді Атырау облысы бойынша қаржы полициясы бастығының орынбасары Заңғар Заңқанов.