Сәбидің дүниеге келуін арақпен атап өту – арам іс
2014 ж. 23 мамыр
2214
1
Жақында құдамыздың келіні босанып, Астана қаласының бір мейрамханасында «Қалжа» берді. Барсам, туған-туыс, құда-жекжат, тамыр-таныс… қысқасы тек әйелдер ғана жиналып алып, улап-шулап арақ ішіп, әндетіп отыр екен.
Ең сорақысы, бір кемпір өзі мас, екі қолды көкке жайып тастаған бата беріп жатыр. Тұра қалып тыңдамаймын ба, батасы бата емес, тост тәрізді ме қалай, жартылай орысша дүбәра бірдеңе.
Дүние есігін жаңа ашқан нәрестенің құтты қадамын шайтан сумен қарсы алу, қай атамыздан қалды екен. Арақты ұстап тұрып айтқан тілек қабыл бола ма? Әрине, болмайды. Арам араласқан тойда қандай береке болсын!
«Қалжа» деген қандай той өзі? Біріншіден жаңа туған нәресте мен анасы үшін арналып сөлді қой сойылады. Келінге осы жас еттің сорпасын ішкізіп, етін жегізіп, жоғалтқан күш қуатын жинатады. Оны бір ай бойы жалғастырады. Қазақтың «біз туғанда анамызда бір қой қалжа жеген» деп айтатыны сондықтан.
«Қалжа» жеп, жас сорпа ішкен әйелдің омырау сүті құнарлы болып, бала тез өседі. Ержеткенде қуатты, мықты болады. Әлсіз жігіттерді құрдастары: «шешесі қояннан қалжа жеген» деп келеке ететін себебі осы.
Ал, мына «Қалжа тойына» қарап тұрып осыдан үш ғасыр бұрын Мөңке би айтқан:
“…Бас қойылған жерлерде
Әйел жағы ден болар.
Жаман-жақсы айтса да,
Өзінікі жөн болар.
Орай салып бастырып,
Желбіретіп шаштарын,
Тақымдары жалтылдап,
Емшектері салпылдап,
Ұят жағы кем болар.
Сөйткен заман кез болса,
Түзелуі қиын болар…”
Ішкен ішімдіктің зияны ертең айналып келіп осы сәбиге жабысады. Мұндайды жауыздық дейді. Баланың дүниеге келуін арақпен атап өткенді қашан тоқтатамыз, ағайын?!
"Намыс" порталы, Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ
namys.kz