Кәрі қыздардың саны артып барады
2014 ж. 23 мамыр
8373
4
Бүгінде түндігі желбіремей, оң жақта отырып қалған қыздардың саны елімізде 350 мыңға жетіп қалыпты. Яғни, жыл сайын кәрі қыздар армиясы көбейіп барады деген сөз. Мұны демографтарымыз қауіпті құбылысқа балап отыр. Заңды некеде тұрған ақ жаулықтылардың төрттен бірін 16 мен 49 жас аралығындағылар құрайды екен. Мамандар соңғы жылдары отбасын құрған арулардың қатары 6 есеге дейін төмендеп кетті деп дабыл қағуда. Қазіргі жастардың 30-40 пайызы отау құруға құлықты емес. Олар үшін бала табу емес жан бағу бірінші кезекке шықты.
Әуелі материалдық жағдайды ойлайтын олар тұрмыс құруға келгенде тізгінді тарта тұруды жөн көреді. Жастардың отау құруына ынталы еместігіне бірнеше мәселелер басты себеп. Жалақының аздығы, баспананың болмауы, материалдық жетіспеушілік... Қыздардың көпшілігі ілім қуып, жастық шағын сарп етсе, жігіттердің дені материалдық жағдайын түзеп алайын деп уақыт өткізіп алады екен. Оның үстіне қыздардың дені ыңғай әйелдер ғана жұмыс істейтін ортада қызмет етуі өмірлік жолдас табуына кедергі келтіріп жатады. Етектен тартар тағы бір қауіпті құбылыс қылаң береді. Яғни, кеш некенің кесірі кәрі қыздармен ғана шектелмей олардың дүниеге ұрпақ әкелуі де қиындай түседі. Дәрігерлер тұрмысқа кеш шыққан қыздардың үштен бірінің ұрпақсыз қалуы мүмкін екендігін айтады. Яғни, біз кәрі қыздар проблемасын да алдымен шешіп алуымыз қажет. Бірақ қайтіп? Біреулер тоқал алу мәселесін түбегейлі шешу керек дейді. Оған кеңестік идеологиямен құрсауланған бәйбішелер дес бере ме? Егер екі үш әйел алу туралы заң шықса, шағын мемлекеттердің «соғысы» басталып кетуі кәдік деп қауіптенетіндер де жоқ емес. Сонымен бұл мәселе басы ашық күйінде қалып отыр... Сондай-ақ елімізде «кәрі қыздардың» көбеюі демографиялық ахуалымызды дамытуға үлкен соққы екені сөзсіз. Бұл мәселені түбегейлі шешудің жолы жеңгетайлық дейтіндер де табылады. Алайда екі жастың жаманын жасырып, жақсысын асырып үйленуіне сеп болатын жеңгетайлардың да бүгінде аузы күйген. Оған себеп... жастардың мінезі. Өйткені бүгінгі жастардың психологиясы мүлдем бөлек. Эгоизм дертіне тұсалғандар өзінікін жөн санап «менкі дұрыс, неге мен төмендеуім керек» деген сияқты отбасын сақтап қалуды емес, өзінікін жөн деумен-ақ діңкелейді. Мұндайда «машайық қашыпты» дегендей ертеңгі күні сен тауып бергенсің деген өкпе мен наладан жеңгелеріміз айналып қашатын болған. Мамандардың айтуынша кәрі қыздардың орташа жасы – 40 жас. Көн етіктіні менсінбей, көк етіктіні іздеп жүргенде уақытын өткізіп алатындардың дені жоғары білімді. Ал, «тақиялы періштелердің» саны да аз емес. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Осы тұрғысында мамандардың сөзіне құлақ түрсек...
Мақаш ТӘТІМОВ, демограф:
–«Кәрі қыз деген – бәріміз», яғни оған бәріміз кінәліміз. Қоғам кінәлі, адам кінәлі, айналып келгенде бәрі. Жүректі ауыртар ауыр мәселе. Мұның демографиялық анықтамасы бар – 25 – тен асқандар «кәрі қыз» деп есептелінеді. Олардың тең-құрбыларының аз болуы да олардың көбеюіне септігін тигізуде. Еркектердің басым бөлігі не қайтыс болуы мүмкін, не түрмеге түсуі мүмкін, не ауру, не маскүнем болып кетуі мүмкін. Басты себеп - еркектердің аздығы. «Мешкей деген жақсы ат емес» деген сияқты, кәрі қыз деген де жақсы ат емес. Ол жағылмаған ошақ, көтерілмеген отау. Әр әйелді орташа есеппен үш бала табады десек, сонда бұл 1 миллионнан аса туылмаған бала деген сөз. «Ауруын жасырған өледі» дейді. Мұны айтпасақ бұл мәселе қашан шешіледі? Студент қыздарға сабақ өткенде үнемі айтып отырамын: «Айналайындар, кәрі қыз боп қалмаңдар. Дәл осы жаста теңдеріңді тауып, шаңырақ көтерсеңдер өмір жолын оңай бастап кетесіңдер. 25-30 жаста психологиялық толысудан кейін тұрмысқа шығу өте қиын болады. Төлеген іздеп келмесе, Бекежанға кете беріңдер. Бекежанды ұнатпасаңдар Сансызбайға барыңдар. Бұлар болмаса басқа байлар бар» деймін. Бір жолы жатақханаларды аралап жүріп 35-тен асқан кемпірден әрмән қартайып кеткен қыздарды көрдім. Жүрегің ауырады. 40-қа дейін күйеуге тимесе, бала тумаса, солған гүл сияқты, жемісі жоқ ағаш сияқты емес пе? Бұл проблема орыстарда сирек кездеседі. Француз, ағылшын, немістерде мүлде жоқ десе де болады. Олар демографиялық тығырықтан өткен. Өзі үшін бір бала туып алады. Төлегенді тосып, Қозы қашан келеді деп жүре беруге болмайды. Қазір екінші әйел болып жатқандар да, азаматтық неке деген де бар. Әркім өзі үшін әрекет етуі керек қой. Сонда оларды қолынан жетектеп жүру керек пе?
Қызық дерек
Қайбір жылдары ҚР Статистика агенттігі қызық деректі жария еткен болатын. Еліміз бойынша ерлерге қарағанда әйелдердің саны көп екен. «Қазақстан бойынша жалпы алғанда 1000 әйел адамға 928 ер адамнан келеді. 29 жасқа дейінгілерді алсақ, 1000 әйел адамға 1037 ер адамнан келеді. Яғни, 29 жасқа дейінгі ер азаматтардың саны әйел азаматтардан көп. Ал, 30 бен 64 жас аралығындағы топ жайлы айтсақ, елімізде бұл жас аралығындағы әйелдердің саны ерлерден көп, бұл жас тобында 1000 әйелге 888 ер адамнан келеді. Ал, 65 жастан жоғары топқа келсек, 1000 әйелге бар-жоғы 528 ер адамнан келеді. Бұл аталмыш жастан кейін ерлер арасындағы өлім-жітімнің әйелдерге қарағанда көптігімен байланысты» делінген еді. Алайда бұған күмән келтірушілер көп. Халық санағының дұрыс жүргізілмегендігі жайлы «жыр» әлі біткен жоқ. Соған қарағанда мұны қате дейміз бе, әлде...
Гүлжан Көшерова, "Алаш айнасы"