Астанада дене шынықтыру пәнінің ұстазы оқушыны өлімші етіп сабаған
2014 ж. 22 мамыр
2130
1
Астанада 10-шы сынып оқушысы мұғалімнен таяқ жедім деп ауруханада жатыр. Анасының айтуынша, дене шынықтыру пәнінің ұстазы бозбаланы дәл мектептің ішінде есінен танғанша соққыға жыққан.
Денесінің көгеріп, басынан соққы алғанын дәрігерлер де растап отыр. Алайда ұстаздың өзі "жұрттың көзінше баланы өлімші етіп сабайтындай жын ұрған жоқ" деп шырылдайды, деп хабарлайды КТК арнасы. Қазір Елорда іргесіндегі Воздвиженка ауылын шулатқан оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, полицейлер тексеруді бастады. Ерназ үш күннен бері дәл осы облыстық ауруханада ем қабылдауда. 16 жастағы бала оқиғаның мән-жайын өз аузымен айтып беруге үзілді-кесілді қарсылық білдіруде. Дәрігерлердің айтуынша, бұған дейін одан құқық қорғаушылар бірнеше рет сұрау алған. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген бала қорқып қалуы мүмкін. Сондықтан болған жайды Ерназдың анасы баяндап берді. 10-шы сынып оқушылары дене шынықтыру мұғалімімен бірге мектептің қабырғасын ақтауға көмектесіп жүрген. Аяқ асты Ерназдың үстіне әк төгіліп кетіпті. Бала қолын жууға беттегенде ұстаз жұдырық ала жүгірді, дейді анасы. "Мына жерден соққанда бала жерге бүгіліп отырған,сол кезде басынан ұрған. Бала талып қалған, әлі ұрып жатқанын сездім дейді", - деді Ерназдың анасы Алтыншаш Асқарова. Баланың ауыр дене жарақаттарын алғанын облыстық аурухана дәрігерлері де растап отыр. "Науқаста жабық ми жарақаты бар және бас сүйегі, көкірек клеткасы мен іш-құрылысы зақымданған. Баланың денесінде ұрып-соғудың барлық белгілері бар. Басынан, ішінен ұрған сияқты", - деді№2 облыстық ауруханасының бас дәрігері Марат Достығалинов. Ал, мұғалімдер оқушыларды не себептен шаруашылық жұмыстарға жегіп қойғандарын түсіндіре алмады. Директордың өзі жоқ, орынбасарлары желаяқ екен. Бір ауыз тілдесу үшін дәлізде дәл осылай қуаласпақ ойнадық. Есесіне мектепке ауыл әкімі шұғыл жетті. "Бұл кісіден, мұғалімдерден өтініштер түсті, қазір тергеу органдары тексеріп жатыр, сұраққа сол кісілер нақты жауап береді", - деді Воздвиженка ауылының әкімі Сейфолла Ысқақов. Ал,15 жылдық тәжірибесі бар дене шынықтыру пәні мұғалімінің өзі "шәкіртіме саусағымның ұшы да тиген жоқ" деп шырылдайды. "Мектептің ішінде тапа-тал түсте баланы тепкілеп тастайтын мен ақымақ емеспін ғой. Ол жерде менің күәгерлерім бар. Баланы мектеп директорына алып барамын деп жүргенімді көрген оқушылар да бар", - деді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Алданыш Қапсемет. Ұстаз бен шәкірт арасындағы дау мұнымен бітпеген. Дәл осы мектеп ауласында кейін Ерназдың үлкен ағасы мен мұғалім әрі қарай жаға жыртысқан. Сөйтіп тараптар бірдей полицияға шағымданған. Қазір бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тексерілуде. Читать полностью: http://news.nur.kz/kk/314507.htmlКТК арнасы