ТАРИХЫМЫЗДЫ ТАБАНАСТЫ ЕТПЕЙІК

Нурлан Қазақ елінің тарихы мен қазақ халқының тағдыры трагедия мен тауқыметке толы екені белгілі. Атақты ақынымыз Жұбан Молдағалиев асқан дәлдікпен айтқандай «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың басынан не өтпеді десеңізші. Арғыға бармай-ақ, соңғы ашаршылық, саяси қуғын- сүргінмен сабақтасқан репрессия, екінші дүниежүзілік соғыстың өзі ұлтымызға үлкен сын болды, қаншама қасірет әкелді. Осы соңғы үш қырғынның өзі миллиондаған адамдарымыздың өмірін жалмап кетті, халқымыздың саны әлі күнге дейін қажетті деңгейге жете алмай жатыр. Егемендік алып, тәуелсіздік туын көтергелі зұлмат заманның құрбаны болған Алаш азаматтарын ақтап, ардақтап жатқанымыз ұлтымызды ұлықтаудың бір жарқын көрінісі дер едік. Басқаның емес, өзіміздің жүріп өткен өмір жолымызды саралап, тарихымызды таразылап, әділ баға беру бүгінгілердің бұлжымас парызы, келер ұрпаққа ұлағат, болашағымызға аманат. Кешегісіз бүгін жоқ, бүгінсіз ертең де болмайды. Бұл - өмір заңы, тіршілік тәлімі. «ТАТАРКАДА» ТАПТАЛҒАН ТАРИХ Жылнамасы жүз­деген жылдарды қамтитын Алматы қаласының көлемі соңғы кезде күн санап өсіп келеді. Зәулім ғимараттар да жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Қалай десек те, бүгінгі заман талабына орайластырылған ертеңгі күннің тарих беттері жазылып жатыр. Осыдан бір ғасыр бұрынғы шаһарды қазір көз алдына елестету де мүмкін емес. Дегенмен өткен жылдар белгісі, жүрген жолдар сүрлеуі әлі де өше қойған жоқ. Көне қаланың кейбір тұстарынан тарихымыздың тамырын тауып, тарауларын оқуға болады. Өткен күндердің куәсіндей ескі ғимараттар аз да болса сақталған. Өте аз десек, дәлірек болар еді. Ал, сақталмағаны қаншама. Оған кезіндегі кеңестік кері кеткен саясаттың да тигізген әсері мол болды. Бүгінгі білімсіздігіміз бен жетесіздігіміз де жоқ емес... «Татарка» - халық өзі осылай атап кеткен Алматының бір бұрышы. Бұрындар бұл маңда татар тұрғындары өзге ұлттарға қарағанда басымырақ болғандықтан, осы атауға ие болған екен. Кейін олардың саны әлдеқайда азайғанмен атауы ел аузында сақталып, күні бүгінге дейін айтылып келеді. Сол бір кездерде татардың сауда-саттықпен айналысқан байларының ықпалымен бұл шағын аудан өзгелерге қарағанда біршама жақсы дамығаны туралы аз айтылмайды осы күні. «Татарка» қазір қаланың қақ ортасында қалды деуге болады. Аты бар да заты жоқ, бірақ сапалы салынған, кейін біреулерге бөгет болып сүріліп тасталған «Саяхат» атты бұрынғы автобекеттен күн шығысқа қарай, Райымбек даңғылының басынан басталып бірнеше шаршы шақырымды алып жатыр. Бұл маңда көп қабатты үйлер тым аз, көбісі жер үйлер. Тұрғындары да тамырын бұрынннан тереңге жайған байырғы алматылықтар және солардың ұрпақтары. Дегенмен Алматыдағы жерге деген тапшылық бұл көптің көзіне іліне бермейтін, өзіндік маңызы бар тарихи елдімекенді де тыныш қалдырмапты. Ауданның біраз жерлері бұзылып, түрлі ғимараттар бой көтерген. Ол да болса заман талабы, ескі үйлердің орнына жаңасы тұрғызылуының еш әбестігі жоқ шығар. Бірақ... Кезінде қаланың шеті болғандықтан, бұл маңда мүрделер де жиі кездеседі. Соның бірі Шухов, Базарбаев көшелері маңында орналасқан. Орналасқан деп айту артығырақ. Қазір оның өшуге жақын болар-болмас ізі ғана қалған. Емхана, мектеп және тұрғын үйлер салынып, жалғыз «Татарканың» ғана емес, сол кездегі Алматы тұрғындарының біразы жерленген зират жермен-жексен болған. Христиан зиратының бүгін орны да жоқ. Оның үстіне қазір спорт алаңын салып, балаларды футбол ойнатып қойған. Ал, мұсылмандар жерленген бөлігінің бүгінге сұлбасы ғана жеткен екен. Бұл жер Алматыға қатысты талай тарихты қойнауында басып жатыр. Әсіресе, ашаршылық жылдар мен репрессия құрбандарының құпиясын «қазып» алуға болады. Оған қоса, ұлы Отан соғысынан ерлікпен оралған жауынгерлеріміздің де осы зиратта жерленгені қаншама. Өкінішке орай, қала әкімшілігі тарапынан оған жете мән беріліп жатқан жоқ. Сол тарихты басынан өткерген, сол байырғы тұрғындардың бүгінгі ұрпағы ғана осы мәселеге байланысты үлкен алаңдаушылық білдіруде. Оны еститін құлақ та жоқ сияқты айтуларына қарағанда. ДЕПУТАТ ДӘНЕКЕР БОЛМАҚШЫ Жақында осы аудан тұрғындары жиналып, бұл мәселені шешуге «Ақ жол» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Нұрлан Жазылбековті шақырған болатын. Бұйымтайлары біреу-ақ – қайткен күнде де ата-бабалары жерленген қорымды қорғап қалу. Аумағы ат шаптырымға да келмейтін, тоқымдай жердің өзін өзегінен өгіз өтіп кететін біреулер сатып алып, сауда орталығы немесе тұрғын үй салып, оны сатып, ақша жасамақшы екен. Осыны естіген жергілікті тұрғындар күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылғанға ұқсайды. Ұрпақ алаңдаушылығын түсінуге болады. Басына барып зиярат ететін, құран бағыштайтын киелі орынды оп-оңай басқа біреулер жермен-жексен етпекші болса, кім де болса күйіп-пісері анық. Қазіргі тойымсыздар керек болса, өз әкесінің мүрдесінің үстіне құрылыс салудан тайынбайды. Рухани құндылықты құлқынның қамына баяғыда айырбастап жібергендерден бәрін де күтуге болады дейді жиналғандар бірауыздан. Өздері жиналып, қаржы құрастырып, алаңға бір белгі орнатқан екен. Оған да күні-түні тыныштық жоқ. Жерленген адамдардың аты-жөні жазылған тақтаны сызғылап, біреулер келіп бүлдіріп, жан-жағына қоқыс төгіп кететін көрінеді. Қаланың қазіргі жастары қасқарайған шақта осында жиналып ішімдік ішіп, наша тартып, ойларына келгенін істейтін болған. Оларға тиым салатын құқық қорғау орындары қайдағы ескі зиратты қайтсін, ат басын да бұрмайды. Құлаққағыс етілгенмен, олардың мұндай майда-шүйде жұмысқа уақыттары жоқ болып шықты. Майда-шүйде демекші, тәрбиелік мәні зор бұл мәселені Медеу ауданы әкімшілігі де назарына алмай отыр, олар да мұны ұсақ-түйек шаруа деп шешсе керек. Осы қорымға қатысты тарихи мұражайды іздеген тұрғындар қайда барса да тұйыққа тіреле берген соң амалдың жоғынан Астанадағы депутатты Алматыға арнайы шақыртқан. Депутатпен кездесудегі жиналған жұрттың осыған байланысты мұңын шағатын болсақ газетіміздің бір нөмірі де аздық етер еді. Халықпен сөйлесіп, пікірін толық тыңдаған Нұрлан Жазылбеков тұрғындарға бұл мәселені шешуге бар күшін салатынын айтып сендірді. Ол үшін алдымен ресми түрде түрлі құжаттарды толтырып, бәрін заңды түрде іске асыру керектігін айтып, Алматыдағы партия филиалы қызметкерлері жұмыла іске кірісетін болды. Депутат Нұрлан Жазылбеков бастаған «ақжолдықтар» белгі басына құран оқытқызып, гүл шоғын қойып, өткен ата-бабалар рухына тағзым етті. ҚҰПИЯЛЫ ҚАРА ЖЕР Ақсақалдылар мен қарасақалдылардың айтуынша, бұл қорымның аумағы әлдеқайда үлкен болыпты. Қазіргі пайдаланып жүрген емхана мен мектепті салғанда жерден адамның сүйектері көптеп шыққан көрінеді. Кеңес кезінде дін туралы дымыңды шығаруға болмаған соң, іштей егіліп қала беріпті тұрғындар. Қазір дін мен ділге еркіндік берілген кезде көздерін жұмып отыра алмайтындарын айтады. Түптеп келгенде, тап осы бір жарым гектар жерге ешкім қарап қалмаған болар. Оны тарихи орын етіп тәртіпке келтірсек деген армандарын алға тартады. Шығар шығынды да өздері көтеретіндерін жасырмайды, ең бастысы, билік тарапынан рұқсат берген тілдей қағаз болса жетеді. Ал, тілдей қағазға қолжеткізу үшін талай табалдырықтарды тоздыратынын олар да алдынала сезіп отыр. Өйткені біраз есікті қағып көрген тұрғындар оның қандай азап екенін жақсы біледі. Біздегі бюрократиялық бөгетбағаннан өту үшін шыдамың шыңдалған құрыштай болу керек. Исмайл Бақыреев кіндік қаны осы жерге тамған тұрғындардың бірі. Әкесі де, атасы да осы елдің елеулі азаматтары болған. Қазір өзі де ата болып отырған Исмайлдың айтуынша, бұл жер не бір сұмдықтың куәсі болған екен. Атасы мен әкесінің өз ауыздарынан естіген әңгімелерінің шет жағасының өзі шашыңды тік тұрғызады. Ашаршылық жылдары бұл жерге көшеде аштықтан тұралап құлаған адамдарды топ-тобымен әкеліп жерлепті. Әсіресе, алыс ауылдардан бір үзім нан үшін үміттеніп келгендердің қарасы көп болыпты. Бәрі де қазақ ұлтының өкілдері екен. Қалалықтар бұрыннан тұрып жатқан соң жүрек жалғарлық бірдеңе таба білгенмен, алыстан келгендерге қолын созатын ешкім болмапты. Өйткені өздері де өлместің күнін көріп отырғандардан қандай жәрдем болсын. - Анау бір төбені көріп тұрсыз ғой, - дейді Исмайл аумағы әжептәуір төбені көрсетіп. – Бұл жерде Алматыдағы жетім балалар үйінің арнайы қорымы жатыр. Оны қазір көбісі біле бермейді. Кем дегенде 2 мыңнан астам жетім балалар жатыр жер астында. Аштан өлген балалардың бәрін осы бір жерге әкеліп көме беріпті. Оны маған атам да, кейін әкем де талай рет айтып, әкеліп көрсеткен де болатын. Бала болсам да сол әңгімелері есімде ұмытылмастай жатталып қалды және жиі еске аламын. Ондай қасірет қайтып естен шыға қойсын. Иә, жантүршігерлік оқиға. Мыңдаған жастың қыршынынан қиылған өмірі жатыр көмулі. Ал, біз болсақ соның үстіне ештеңе болмағандай ғимарат салып, сауық-сайран құрмақпыз. Не деген қатыгездік, не деген тасбауырлық десеңізші. Жоқ, тасбауырлық емес. Тоғышарлық пен топастық десек дәлірек болар. Өткеніміз өзімізге керек болмаса, біздің болашағымыздың да бұты бір тиын емес пе? Бізден көріп, ертең ұрпақтарымыз да біздің сүйегіміздің үстінде би билесе, таңданудың қажеті жоқ бұдан кейін. «Тарихын бағаламаған халық, өзін де қадірлей алмайды» дегенді осындайда айтқан болар ақылдылар. Н.Жазылбеков   Өткен жылдардың бірінде саяси қуғын-сүргін күнін аза тұту шарасынан кейін жеке әңгіме барысында қызметі жоғары, лауазымды адамнан осы бір жағдайларға байланысты «Алматының қай жерін қазсаң да адамның сүйегі шығады, енді соның бәріне ескерткіш орнату керек пе?» деп кейіген күйін көргенім бар. Ауызымның ашылғаны соншалық, не дерімді білмей қалған болатынмын. Рас, Үлкен Алматы өзені аңғарлары мен кейбір құрылыс алаңдарында кездейсоқ мүрделердің тап болатыны бар. Бірақ, олар беймәлім болғандықтан, ұмытылған. Оған қоса саяси қуғындау кезінде атылған арыстарымызды жұрт көзіне көрсетпей, құпиялап көме салғанның салдарынан болып отырғаны анық. Ол үшін қиналатындай не бар еді жаңағы шенеунікке? «Адам өлгеніне емес, ескерусіз қалатынына өкінеді» деуші еді аталарымыз. Мына көзіміз құрғыр көріп отырған көрініс соның бір айғағы болар. Айтыңызшы, шын мәнінде, бәріміз үшін ойланатын да, күйінетіндей де жағдай емес пе?.. Зейнолла Қабиоллаұлы Алматы қаласы