Балғынбек Имашев: Қазір әуретті жабу – надандық, кіндікті ашу – мәдениет санала бастады
2014 ж. 16 мамыр
2633
3
Заман бұзылып бара жатыр деп айта салу тілге жеңіл. Бірақ айналаға қарасаңыз бір заманда өмір сүргенмен тіршілігі мен таным-түсінігі неше түрлі адамдарды көресіз. Былайша айтқанда, заман деген – уақыт. Өзен сияқты өз ағысымен кетіп барады. Адам деген Алланың әлсіз жаратқан, бірақ ақыл-сана берген ардақты пендесі. Бұдан мыңдаған жылдар бұрынғы адамдардың бойында қорқақтық, сараңдық, надандық, қатыгездік, дүниеқоңыздық, қызғаныш, мақтаншақтық, атаққұмарлық сияқты толып жатқан жаман мінездері болған, қазір де сол. Бұдан мыңдаған жылдар бұрынғы адамдардың бойында батырлық, жомарттық, даналық, мейірім, қанағатшылдық, бауырмалдық, кішіпейілділік, жанашырлық, махаббат секілді толып жатқан жақсы мінездері болған, қазір де бар. Мәселе, меніңше басқада сияқты. Ақ пен қараны ажырата алмау көздің кемшілігі болса, жақсы мен жаманды айыра алмау көкірек көзінің соқырлығынан, немесе жүректің дерті. Қазір көп адам Абайдың «Жақсы менен жаманды айырмадың» деп айтқанындай не дұрыс, не бұрыс екенін білмей қалды. Адам құқығын қорғау деп шектен шыққан күнәһарларды қорғайтын заңдар шығарып жатыр. Басшыға бағынуды жағымпаздық деп, патшаға қарсы сөйлеуді батырлық деп түсінетін болды. Әуретті жабу – надандық, кіндікті ашу – мәдениет санала бастады. Төсек қатынасын мектептен бастап оқыту керек дегенді биік мінбердегі тұлғалар айта бастады. Жасанды түсік жасатумен күресу үшін, қызға қырық үйден тыйым емес, мүшеқапты пайдалануды үйрету керек дейтін болдық. Мұның бәрі діннен алыстаған қоғамның қаншалық ғылыми-техникалық жетістіктерге жетсе де, рухани азғындай беретінін көрсетеді.
"Шын" порталынан