Үйлену - сүннет, үй болу - міндет!
2014 ж. 16 мамыр
4586
1
Дәстүрлі қазақ танымында: «Жалғыздық бір Құдайға ғана жарасқан» деген ұғым бар. Жаратылыстың бәрі де жұп-жұбымен жаратылған. Адам да бұдан тысқары емес. Ер мен әйел бір-біріне мұқтаж етіп жаратылғандықтан, үйлену Адам ата мен Хауа анамыздан бері келе жатқан табиғи құбылыс.
Бойдақ кезде үйдің де, түздің де бар ісін жалғыз арқалап жүретін жастар үйленгеннен кейін жұмыстарын өзара бөлісіп, бір-біріне тірек болады. Шаңырақтың жауапкершілігін сезініп, жинақылық пен жүйелілікке үйренеді. Үйленген жұптың әрқайсысының бойында жаңа қабілеттер ашылып, іскерлігі артады. Бір-бірінің кемшіліктерін толықтырады. Екі жарты бір бүтін болып өмірдің жаңа бір белесіне аяқ басады.
Жастардың үйленуімен әке-шешелері де бір-бірімен танысып, құда-жекжат болады. «Күйеу – жүз жылдық, құда – мың жылдық», - деп жақыннан сыйласады. Келін түскен жерінің қызындай, күйеу бала қайын жұртына ұлдай болады. Өз әке-шешесінің қатарына ата мен ене қосылып, жанашырларының саны көбейе түседі. Туысқандары арқылы адамның өрісі кеңейіп, қолы ұзарады. Жақын адамдардың көбеюімен жүктері сәл де болса жеңілдейді.
«Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деп жатамыз. Өйткені шаңырақ құрғаннан кейін адамның еңбекке деген құлшынысы да артады. Дүниесін үнемдеуді, есептеп, орын-орнымен жұмсауды үйренеді. Ал үнемшіл үйге береке жауады. Құранда былай делінген:
«Егер олар кедей болса, Аллаһ оларды шексіз шарапатымен байытады» («Нұр» сүресі, 32-аят).
Шаңырақ құру жастарды байсалдылыққа, сабырлы, төзімді болуға тәрбиелейді. Ұшқалақтық пен жеңілтектіктен арылтып, ақылды толыстырады. Үйлену арқылы адам баласы өзін түрлі күнәлардан қорғайды. Бұл турасында Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):
«Уа, жастар, араларыңдағы үйленуге шамасы жететіндер үйленсін. Себебі, көз зинасынан да, іс-әрекетпен жасалатын зинадан да ең күшті сақтану жолы – үйлену. Бұған шамасы жетпегендер ораза ұстасын. Себебі, ораза ол үшін қорған» деп кеңес берген.
«Өмірдің бір қызығы бала деген». Қамшының сабындай қысқа мына жалғанда жаманды-жақсылы күндерді өзіңмен бірге бөлісетін «өмірлік жолдас» табуды бір бақыт десек, арада ортақ сәбидің дүниеге келуі Аллаһ тағаланың екінші бір сыйы. Оның үстіне дүниеге әкелген перзенттері есейе келе қолқанаттарына айналып, қартайған әке мен шешені кезінде өздерін өсіргендей мәпелемей ме? Бұл үшін, әрине, баланы сәби күнінен жақсылап тәрбиелемек керек. Дұрыс тәлім алған перзент әке-шешенің мақтанышы, сүйеніші. Ата-ана балаларына жақсы тәрбие беруде Алла алдында да, қоғам алдында да жауапты. Баланың тәрбиесіне жіті қарап, оны мұсылмандық қасиеттерге баулу, діни сауатын ашу, Алла тағаланың алдындағы міндетін үйрету, жат қылықтар мен әдепсіздіктен сақтандыру барысында ерлі-зайыптылар еріксіз өздерін де тәрбиелейді. Себебі баланың алғашқы ұстазы − әке мен ана. Баласын жақсылыққа шақырғанда ата-ана сол жақсылықты алдымен өздері жасап, жамандықтан тыйғанда, алдымен сол жамандықтан өздері тыйылып үлгі көрсетуі тиіс. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осы туралы бір хадисінде былай дейді:
«Бәрің де жауаптысыңдар және жауапкершіліктеріңдегі нәрселерден сұраласыңдар. Патша өз қол астындағылар үшін жауапты және солар үшін сұралады. Отағасы жанұясына жауапты, солар үшін сұралады. Әйел күйеуінің шаңырағына жауапты, сол үшін сұралады. Қызметші қожайының мал-мүлкіне жауапты, сол үшін сұралады. Бәрің де жауапкерсіңдер, бәрің де жауапкершіліктеріңдегі нәрселерден сұраласыңдар». (Бұхари, Жұма, 11)
Еш кедергі жоқ бола тұра үйленбеу адам табиғатына, Аллаһ тағаланың жаратылыс заңына қайшы. Себебі Аллаһ тағала адам баласын ер мен әйел етіп жаратқан. Ер кісінің де, әйел затының да өзіне тән ерекшеліктері бар. Сондай-ақ ер кісі әйелге, әйел адам ер кісіге мұқтаж. Бұл − табиғи қажеттілік. Аятта айтылғандай: «Әйелдер (сендерді бүркейтін, күнәдан тыятын, шаттыққа бөлейтін және көрікті қылатын) киім секілді, сендер де олар үшін дәл сондай киім секілдісіңдер» ( «Бақара» сүресі, 187-аят). Демек, әйелі күйеуінің, күйеуі әйелінің қажетіне жарап, бір-бірінің кемшіліктерін толықтырып, көзімен де, көңілімен де басқаны іздемейтіндей бір-біріне пана болса, қосағымен қоса ағарғаны. Сондықтан хадисте:
«Үйлену менің сүннетім. Кім менің сүннетімнен бас тартса, менен емес (яғни үмбетім емес). Үйленіңдер, өйткені басқа үмбеттердің алдында мен сендердің көптіктеріңді мақтан тұтамын», – делінген.
Аллаһ тағаланың разылығын мақсат тұтып үйленген жұптың отбасылық өмірі терең мәнге ие. Олардың әрбір іс-әрекеті құлшылық жасағандай сауапқа кенелтеді. Неке қиылған уақыттан бастап ер азаматқа отағасылық, жас келіннің мойнына әйелдік міндеттер жүктеледі. Егер олар осы міндеттерін кемшіліксіз атқаруға талпынса, онда осы әрекеттерінің өзі Жаратушы Иенің алдындағы құлшылығы болып табылады. Әрі ерлі-зайыптылардың өмір қиыншылықтарына қарамастан балалы-шағалы болуы, оларды мәпелеп өсіруі, дұрыс тәрбие беруі, нәпақасын адал тауып асырауы, осы жолда тер төгуі Аллаһ тағаланың алдында сауапқа кенелтер іс екені хақ.
Мұсылмандық құндылықтарды берік ұстанатын, дәстүрді құрмет тұтатын, өзара сыйластық пен түсiнiстiкке, имандылық пен ізгілікке негізделген жанұя бақытты. Мұндай шаңырақ астында жасы үлкенге қай кезде де құрмет, жасы кішіге ізет танытылады. Келіні енесін анасындай сыйлап, енесі келінін өз қызындай көреді. Арақ ішу, ұрыс-керіс, ажырасу секілді келеңсіздіктер орын алмайды. Бала-шағаның тәрбиесі жіті қадағаланып, дастархан басында салиқалы әңгімелер айтылады. Балалар жастайынан еңбекқорлыққа, отансүйгіштікке, сауапқұмарлыққа тәрбиеленеді. Ұяттылық пен арлылықты, намысшылдық пен азаматтықты бойға сіңіріп өседі. Аллаһ тағала мен Пайғамбарға деген ыстық махаббат сезілетін, дінді құрметтейтін отбасын үлкен тәрбие мектебi деуге болады.
islam.kz