Назарбаев Түркиядағы шахтада орын алған жарылысқа байланысты көңіл айтты
2014 ж. 15 мамыр
2073
1
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сома қаласының маңындағы шахтадағы жарылыстан көптеген адамдардың қаза болуы мен зардап шегуіне байланысты Түркия Республикасының Президенті Абдулла Гүлге көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Мемлекет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жеделхатта Елбасы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын атап өтіп, қайтыс болғандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ шахтадағы апаттан аман қалғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.
Еске сала кетейік, 13 мамыр күні Стамбулдан 250 шақырым шалғай жерде Сома атты елдімекенде орналасқан шақтада апат болған. Кеншілер екі шақырым тереңдікте жұмыс істеген. Алдын ала таратылған ақпарат бойынша, шахтада электр сымдарының тұйықталуынан өрт шығып, жарылыс болған. Апат кезінде жердің астында 787 кенші болған. Соңғы деректер бойынша, апаттан ажал құшқандардың саны 245 адамға жеткен. Құтқару операциясы әлі жалғасуда.
tengrinews.kz