Қыздар өзгеріп барады
2014 ж. 13 мамыр
10554
2
Қазақ халқы әрдайым ұрпағының әдептен озбауын қадағалады. Бұл орайда оларға бала жасынан жаман мен жақсыны айтып өсірді. Желкілдеп өскен өрен соны біліп, ата-анасына жаман ат келтірмеудің жолын қарастырды. Әрбір адам түзу жолмен жүруге тырысты. Отбасылық өмірде де шаңырақ шаттығын сақтауға көңіл бөлді. Осындай жарасымды тіршілік ауаны халқымызды өзгенің алдында беделін биіктетіп, еңсемізді тік етті емес пе? Өкінішке қарай, бүгінгі таңда кеудемізді керіп, осылайша мақтана алмайтын күйге түстік. Оған күнделікті өмірде кездесетін кереғар көріністер себеп болып отыр. Ұлымыздан ұят, қызымыздан қылық қашып бара жатыр ма деп қаласың. Осыдан 50-60 жыл бұрынғы қазақ өмірі мен бүгінгіні салыстыра алмайтын күйге түстік. Соның бірі – қыз тәрбиесі.
Қазақ қызға қырық үйден тыйым салған. Жөн-жосықсыз көшеде жүруіне тосқауыл болған. «Қызым үйде, қылығы түзде» деген де бекер айтылмаған. Енді өсіп келе жатқан өскінге дұрыс тәрбие бермесең, күні ертең одан опық жеп қалатының айдан-анық. Ата-бабалар осы жағын қатаң ескерді. Өкініштісі, бүгінгі күні сол тәрбиенің жұрнағы қалмай бара ма деп ойға қаласың. Қазір қыздарымыз қазақ ұлтының атына селкеу түсіретін кейбір жағдайларға душар болып келеді. Атап айтқанда, оң босағада отырып, аяғы ауырлап жүкті болып жатқан қыздарымыз қаншама. Тағы бір жаға ұстатарлық нәрсе – сол қыздардың арасында кәмелеттік жасқа тола қоймаса да, ана атанып жатқандар кездеседі. Олардың арасында мектеп қабырғасында жүріп-ақ аяғы ауырлап қалып жатқандар аз емес.
Қазіргі таңда елімізде некеге тұру жасы 18 жас болып белгіленген. Әрине, бұл тектен-текке айтыла қоймаса керек-ті. Өйткені, адам жасының осы бір кезеңі ақыл-сананың толыса бастайтын шағы саналады. Рас, кезінде қазақ қыздары ертерек тұрмыс құрған. Тіпті көпшілігі сол 18 жасқа дейін ұзатылып кететін еді. Жасы 20 асқаны кәрі қыз атанып жататын. Қазір бұл жастағылар оқу орнын бітіріп, жұмысқа тұруға ұмтылып жатады. Негізінде дәрігерлер ертерек тұрмыс құрудың жөн екенін жиі тілге тиек етіп келеді. Өкінішке қарай, осы тұрғыда бізде әлі күнге дейін бірізділік қалыптаспай отырған жайы бар. Соның салдарынан қыздардың 18 жасқа толмай жатып-ақ босану жағдайы жиілеп бара жатқанын айқын аңғарып жүрміз. Тағы бір жан ауыртатын нәрсе – оң босағада отырып, жүкті болып қалып жатқандардың қатарында 15-16 жастағы өрімдей қыздардың артып бара жатқандығы ойлантады. Бұл әлеуметтік мәселе екенін ұмытпайық. Оның астарына үңіліп, оған қарсы күресті қолға алғанымыз артық емес. Елдің ішін жайлап бара жатқан келеңсіз көрініспен күні ертең күресе алмай қалмаймыз ба? Себебі, елдің арасына кеңінен тараған індет түбінде ұлттың абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Алайда, желік қуған кейбір қыздар оны ойлап жатқан жоқ. Тіпті, оған тәйт деп отыратын ата-ананың аздығы алаңдатып отыр.
Бұрынғы жылдарда желкілдеп өсіп келе жатқан қыздың тәрбиесі ешқан елдің жадынан шықпайтын. Әрине, елдің арасы болғаннан кейін бір-екілі келеңсіз көрініс кездесіп қалатын. Алайда, қазіргідей секілді ол елдің есін алатын жағдайға жете қойған жоқ еді. Бүгінгі күні ондай жағдайды қалыпты көрініс секілді қабылдайтын жағдайға жеттік. Қызға қырық үйден тыйым салатын әдетімізді адыра қалдырып қойған сықылдымыз. Кейбір ата-ананың көңілінде «Жастық шағында көрсін, қыдырсын» деген пікірлер бар. Ия, ешкім де өзінің бауыр еті – баласына жамандық ойламайды. Осыған қарамастан кейбір қыздар жеңіл жүріске салынып, желік қуып кетіп жататын шағы да аз емес. Ендеше, осы орайда біздің «Қызға қырық үйден т тыйым» деген қағиадамыздың дұрыстығы айқын көрініп тұрған жағдайы бар. Өйткені, өздерін еркінбіз деп санайтын Еуропа елдерінде ес білгеннен бетімен кететін өрендер аз емес. Олардың арасынан түрлі жат қылықтарға бой алдырып жүретін жасөспірімдер баршылық. Ондағы ата-аналар балаларына ие бола алмайтын жағдайға түсті. Егер біз де сондай қағиданы ұстанатын болсақ, күні ертең біз үшін жаға ұстатарлық көріністердің көбейіп кететіні айдан-анық.
Қазақтың қай отбасысы да өзінің атына кір келтірмеуді қалайды. Қазақы тәрбие көрген бала ондай әдеттерден бойын аулақ ұстайды. Қазіргі күні көше тәрбиесі жастарды түрлі жат қылықтарға ұрындырып келеді. Сондықтан баланың, оның ішінде қыз баланың тәрбиесін мүлдем естен шығармауымыз тиіс. Себебі, қыз дегеніңіз біздің халқымыз үшін ежелден-ақ пәктіктің, адалдықтық, сұлулықтың символы саналып келеді емес пе? Сондықтан біз қай кезде де бала тәрбиесін ұмытпай, осы мақсатта өзіміздің жауапкершілігімізді сезінуіміз тиіс. Бұған жүрдім-бардым қарауға болмайды әсте. Алайда, бүгінгі күні біздің бойымызды бейжайлық басып тастаған тәрізді. Әйтпесе, телі мен тентегін тыйып отыратын ұлт емес пе едік. Ұят дегенді ұмытпай, жас ұрпаққа жақсы тәрбие беруге назар аударатын едік-ау. Қазір сондай қасиетімізді ұмытып кеткеніміз қандай өкінішті. Қыздарымызға тәйт дейтін, аталы сөзін айтатын ақсақалдар қалмай бара ма, өзі? Көкейге тірелген көп сауал бізді қалың ойға қалдырып тұр.
Әрине, бұл тек Қазақстанның басындағы жағдай емес. Әйтсе де, олардың кейбірінде еркіндік деген ұғым елдің арасына енгеніне қаншама жылдың жүзі болған. Оларда бесіктен белі шықпай жатып-ақ ойына келгенін істеп жүре береді. Оны ешкім де жоққа шығара алмас. Өйткені, қазір жаңалықтың барлығы ашық айтылады. Жаһандық желі арқылы талай сұмдықты да естіп жатамыз. «Құдай ақырын берсін» дейміз. Әлемдегі дамушы елдердің көбісінде жас қыздардың ертерек тұрмысқа шығуы байқалады. Осы тақырыпты терең зерттеп жүрген азаматтар олардың саны жыл сайын 10-12 млн. адамды құрайтынын айтады. Ал шығыстағы араб елдері болып табылатын Иордания, Араб әмірлігі, Тунис, Йемен секілді елдерде қыздар 15 жасқа толса, тұрмысқа шығуына рұқсат етіледі. Ал біздің елімізде 18 жаста некеге отыруға рұқсат етіледі. Өкінішке қарай, сол жасқа жетпей-ақ нәрестені өмірге алып келуге мәжбүр болып жүрген қыздарымыз аз емес. Мамандардың айтуынша, біздің елімізде дәл сондай жағдайды жылына 10 мыңға жуық қыздар басынан өткізеді екен. Әрине, олардың кейбірі заңды некеге отыра алмаса да, отау көтеріп жатады. Десе де, желік қуып жүріп, аяғы ауырлап қалған қыздар еріксізден тастанды балалар санын арттырып жатады. Қызының желік қуып, не істеп, не қойып жүргенінен бейхабар ата-аналар аяқ астынан ұяттан «өртеніп», құрсаққа біткен баладан құтылудың жолын іздейді. Әйтеуір, күнәһарлық жағдайға ұрынып жатқанын ескере бермейді. Статистикалық деректерге сүйенсек, жылына өмірге келген балалардың 10-20 пайызы некесіз туылып жатады. Бұл да бас ауыртатын мәселе.
Мамандардың айтуынша, бала көтеруге ең ыңғайлы кезең – 20-23 жас екен. Ал 13-14 жастағы қыз бала отбасы құрып, бала көтеруге ешбір дайын емес. Оған физиологиялық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да шамасы келе бермейді.
Қысқасы, бұл тақырып біздің өзекті мәселемізге айналып отыр. Десе де, оған көп болып, тиісті шара қолдануға әлі де енжар болып келеміз. Қашанға дейін?..
"Алаш айнасы", Жан Алтый