Елбасы: Мемлекет мүддесін биік қойып, асқақ мұраттарға адал қызмет ету - әрбір патриоттың парызы
2014 ж. 06 мамыр
3417
1
«Бүгін еліміздің Қарулы Күштерінің мемлекеттік мерекесі күні қарсаңында, Ұлы Отан соғысының мерекесі қарсаңында Қарулы Күштердің Жоғарғы Қолбасшысы ретінде, Елбасы ретінде, мен, сіздерді жоғарғы мемлекеттік органдармен марапаттауға шақырып отырмын. Бұл Отан алдындағы мінсіз міндеттеріңіздің мемлекеттің бағалағаны болып саналады. Біздің халқымызда «бейнеттің де зейнеті бар» деген сөз бар. Сол істеген бейнеттеріңіз жанып, мемлекет қызметтеріңізді бағалап отыр»,- деді Н.Назарбаев.
ҚР Президенті өз сөзінде ордендер мен медальдар тапсыру арқылы мемлекет борышын адал атқарған азаматтарға өзінің ризашылығын және бағасын беретіндігін баса айтты.
«Тек қана марапат үшін қызмет істемейтіндіктеріңізді біз білеміз. Дегенмен, елге істеген еңбектеріңіз жануы керек. Сіздер елдің тәуелсіздігін, азаматтардың бейбіт өмірі мен тыныштығын қорғап жүрсіздер. Біз өздеріңізге қарап Қазақстанның болашағына сенеміз», - деді Елбасы.
Сонымен бірге мемлекет мүддесін биік қойып, асқақ мұраттарға адал қызмет ету әрбір патриоттың ісі болып саналатындығын баса айтқан Мемлекет басшысы: «Біз өткенді өнеге, қазіргіні қастер тұтамыз. Ертеңгі күнге үмітпен қарайтын халықпыз. Осылайша асыл арманымызды қажырлы еңбек, батыл әрекет арқылы жүзеге асырамыз. Әскери және қызметтік борышты абыроймен атқарып, Отанға қалтқысыз қызмет істеп келесіздер. Сол үшін барша Қазақстан халқы, Мен ризашылығымызды білдіреміз», - деді.
Baq.kz