Көкжайлау, кімге болдың қолбайлау?

кокжайлау Ғаламда ғылым-білім өркендеп, техника мен технология күн санап дамып келеді. Соған байланысты табиғи шикізатты өндіріп, оны өңдейтін өндіріс те жедел қарқын алды. Әрине, осының бәрі экономикамызды ілгерлетуге мол септігін тигізіп, өмірімізге деген қажеттіліктен туындаған құбылыс екені де белгілі. Бірақ, көп жағдайларда біз шектен шығып кетіп жатқанымызды мойындауымыз керек. Табиғат ананы жан-жақтан аш бөрідей талаудамыз. Табиғи ресурстарды ретсіз пайдаланудың соңы неге апарып соғарын біле тұра, саналы түрде өзімізге көр қазып жатырмыз. Мақұл, мұның бәрін экономикалық тұрғыдан алғандағы қажеттілік деп түсінейік. Қазба байлықтарды алмасақ, суды пайдаланбасақ көрер күніміз қараң делік. Біз онымен де тоқтамадық. Табиғаты көркем деген жерлер кейбіреулердің көзжауына айналып, көмейіне құрт түсірді. Ағашын отап, жерін қазып, тасын қопарып тас-талқан етудеміз. Орнына бизнес саласындағы түрлі нысандарды тұрғызып, табыс табудың соңына түстік. Қазір бізді ештеңе тоқтата алар емес. ШАТҚАЛ ҮШІН ШАЙҚАС Бір жылдан бері ақбас шыңды Алатау бөктеріндегі Көкжайлау атты көркімен көз арбаған тау баурайынан халықаралық дәрежедегі шаңғы курортын саламыз деген хабар алып шаһар тұрғындарын айырықша алаңдатып келеді. Жер жанаты Жетісуды Жаратқан иеміз қазағымның бағына ғана емес, бас ауруына да орай берген бе деп қаласыз осындайда.Туған табиғатымыздың тамылжыған тұнығы сақталып қалсын дегендер мен тау етегін еншілеп, тау шаңғысы курортын салғысы келетіндер арасында былтырдан бері бітіспес дау, шырайлы шатқал үшін шын мәніндегі шайқас бүгінге дейін жалғасып келеді. Жалғыз Көкжайлау ғана емес, Алатаудың етегін бойлай Қаскелең немесе Талғар бағытына жүре берсеңіздер, тау шатқаладары мен аңғарларынан бос жер таппайсыз. Тау басына қарай қиялап өрмелеген жолдың екі қапталы түгелдей түрлі мейрамхана, қонақ үй, ойын-сауық орталығы сияқты табыс табатын нысандарды тізіп тастағанын көресіз. Ертеректе бұл жерлерде қайыңы мен қарағайы аралас жасыл желегі желкілдеп, асау тау өзендері тастан тасқа секіріп, сарқырап ағып жатушы еді. Бүгінгі күні Көкжайлау нағыз текетіреске, күшпен алар көкпарға айналды деуге болады. Қай білекті көкпарды тақымына басып, мәреге жетерін күту ғана қалған секілді. Доданың да немен бітері белгілі болып қалғандай. Алматы қаласы әкімдігі бастаған, туризм саласы қоштаған ресми топ Көкжайлауды төрткүл дүниеге танымал тау шаңғысы курортына айналдырамыз деп әлемге жар салса, қала тұрғындары мен қоғамдық ұйымдардың басым бөлігі бұл жобаға түпкілікті қарсы шығып, наразылықтарын білдіріп келеді. Шерулер өткізіп, шекпенділердің үстінен шағымдарын айтып, айқайға басуда. Қоғамдық ұйымдар жетекшілерінің айтуынша бұл табиғаты тамылжыған Көкжайлауға жасалып отырған көпекөрнеу қиянат, жүздеген гектар алқаптың жерін жұлмалау. «Табиғат» экологиялық қоғамының төрағасы Мэлс Елеусізов болса жаңа жобаны «кезекті ақша табудың амалы ғана, соған жасалып жатқан айла-тәсіл» деп бағалауда. Енді дау-дамайға айналған «Көкжайлау тау шаңғысы курорты» атты жобаның өзіне назар салайық. Қандай кереметі бар екен? КӨКЖАЙЛАУ КУРОРТЫ ҚАНДАЙ БОЛМАҚ? Біздің қолымызда бар «Көкжайлау тау шаңғысы курорты» жергілікті бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі» деп аталатын құжатқа сенім артсақ, болашақ кешеннің кескіні төмендегідей болмақшы. Алдымен осы нысанға байланысты құрылған консорциум мүшелерін атап өтейік. Олар – Алматы қаласы әкімдігі 2012-жылы негізін қалаған «Көкжайлау» тау шаңғысы курорты» компаниясы мен шетелдік 1975-жылы құрылған «ECOSIGN» Маунтин Резорт Плэннерз компаниялары. Соңғысының шыққан тегі көрсетілмесе де, канадалық па деп болжадық. Құжатта осыған қоса екі компания мамандары туралы, олардың ғылыми атақтары мен сіңірген еңбектері жайында толық мағлұмат берілген. Бұл салақұлаш тізімдегі адам атаулары аталмыш жобаның беделін көтеріп, көпшіліктің сенімін арттырып, көңілінен шығады деп шамаласа керек. Осы құжатты дайындау барысында мынандай үш талапқа баса назар аударылыпты. Курорттың келушілерге жыл бойы қолжетімді болуы; жерді үнемдеп пайдалану үшін нысандардың шоғырланып орналастырылуы; курорт өз жұмысында экологиялық жағдайды қатаң ескеру қажет. Біріншіден, өткен жылдың тамыз-қыркүйек айларында жер серігі арқылы бұл аймаққа климаттық, қар көшкіні қаупіне баға беру, экологиялық, сейсмологиялық сияқты жанжақты нақты тексерулер жүргізілген. Соның нәтижесінде төрт бағытты жарамды деп тапқан екен. Олар – Көкжайлау-Құмбел (күніне 10150 шаңғышыға арналған) Үлкен Алматы көлі (9250), Шымбұлақ (5500), Бутаковка (2000) аймақтары. Бұл болашақ шаңғы курортының орналасуға тиісті негізгі аймағы болып табылады. Шын мәнінде, тау бөктерінің 42000 гектар аумағы зерттеуден өткізіліпті. Соның нәтижесінде тауда тіршілік ететін барыс, сусар, қасқыр, тау ешкісі, сирек кездесетін қызыл қасқыр, марал, қабан, борсық сияқты аңдар мен үкі, ұлар, кекілік, бүркіт тәріздес көптеген жабайы құстардың туған табиғат аясында әлі де сақталып отырғаны анықталған. Бұл тұжырымдар таулы аймақта табиғи жаратылыс әлі де болса байырғы қалпын көп өзгерте қоймағанын көрсетеді. «Көкжайлау» курортының бас жобасы бойынша оған 2 865 гектар жер бөлінбекші. Оның 183 гектары тау шаңғысы жолдарына арналған. Сол сияқты жалпы ұзындығы 21 шақырым 16 аспалы жол салынбақшы. Оның сағатына 3500 шаңғышыны тасымалдауға мүмкіндігі бар. Ал, 77 шаңғы жолдарының жалпы ұзындығы 65 шақырымға жетеді деп жоспарланған. Курорт орталығы болып саналатын болашақ Көкжайлау шағын ауылына 24,2 гектар жер бөлінген. Ол жерде барлығы 1300 нөмірге арналған қонақ үйлер бой көтермекші. Сонымен бірге шаңғы алаңдарын қысы-жазы қармен тұрақты қамтамасыз ету үшін үш су қоймаларын жасау да көзделген. Басты тау шаңғысына қоса түрлі қысқы және жазғы ойын түрлерін өткізетін алаңдар да жасалмақшы. Бұл келтіргеніміз жобаның негізгі бағыты мен мақсаты бойынша қысқаша мәлімет. КУРОРТТЫҢ ЕСЕП-ҚИСАБЫ Әрине, әлемге танымал тау шаңғы курортын салу үшін аса қомақты қаржы керек екені түсінікті. Алып нысанды бюд­жеттік қаржыландыру екі бөлімнен тұрады. Бірінші, Медеу-Көкжайлау арасындағы аспалы жол мен оған қызмет көрсететін екі бекет және Медеудегі көпқабатты автотұрақ құрылысының жалпы құны 103 миллион АҚШ долларын құрамақ. Екінші кезеңде тау шаңғысы инфроқұрылымы қолға алынбақшы. Бұған жобалау, ғимараттар құрылысы, шаңғышыларға арналған аспалы жолдар, шаңғы жолдарын жасау, курорт ішіндегі инженерлік инфроқұрылымдар, жобаны басқару жұмыстары кіреді. Оған қоса, кездейсоқ шығындар деген жеке бөлім бар. Тек қана соңғысының өзіне 37 миллион доллар бөлініпті. Ал, екі бағытты алғанда жалпы 450 миллион доллар қаржы қажет екен. Бірінші бөлімдегі автотұрақ, ғимарат және аспалы жолға 103 миллион қаржы жұмсалса, кездейсоқ шығынды неге шыңға шығарып, неге сонша көп қаржы қамдаған деген сұрақ туындары сөзсіз. Ол неғылған көз көріп, қолмен ұстауға келмейтін шығындар? Ол жағын аталмыш құжатта басын ашып көрсетпепті. Бизнестік бағыт ұстаған соң, одан түсер пайда алдымен есепке алынуы қажет, бұл бұлжымас заңдылық. Онсыз мұндай алып нысан құрылысын қолға алудың да керегі жоқ емес пе? Мамандар курорт құрылысын негізгі үш кезеңге бөліп қарастырған екен. Олардың есебінше бірінші жылы (2015 ж.) бұл кешен 13 млн. доллар түсім түсіреді екен. Ал, шығын мөлшері 12 млн. доллар. Демек таза пайда 1 млн. доллар деген сөз. Он жыл пайдалану барысында 92 млн. доллар пайда таппақшы. Ал, 20 жылдан соң 285 млн. доллар пайда көрмекші. Енді қазақи қарапайым есепке жүгінелік. Курортты салуға 450 млн. доллар жұмсалатыны белгілі. Бұл жерде курорттағы инженерлік инфроқұрылым құрылысы (су, электр қуаты т. б.) шығыны есепке кірген жоқ. Оған қоса қаладан Медеуге дейін баратын көше жолдарын кеңейтуге жұмсалатын қаржыны да ұмытпау керек. Сонда қалай, жиырма жылда өзін өзі ақтай алмайтын неғылған бизнес болмақ? Егер жаңағы негіздеме құжатта қате кетіп, дұрыс көрсетілмесе, онда әңгіме басқа. Ал, ұсынған мәліметтерге қарағанда бұл шеке қыздыра қоятын жобаға ұқсамайды. Одан кейін мына бір «Он жылдан кейін компания ашық бәссаудаға салынып, жекеменшік инвесторға сатылуы мүмкін. Алдын-ала есептеу бойынша ол 160 млн. долларға бағаланбақшы» деген жолдар да жаңылтпашқа ұқсайды. Бәлкім, бұл жерде біз біле бермейтін күрделі, жоғары математика ғана игеретін есеп жатқан болар? Әйтпесе, нысан құрылысына 450 млн. жұмсап, 160 миллионға кім сатушы еді? Бәссауданың бұл бастапқы бағасы болса да оны кім көтеріп сатып алмақшы? Атақты Қожанасырдың өзінен біздің заманымызға мұндай әзіл-қалжың жетпеген шығар. ҚОҒАМ ҚАЛАЙ ҚАРАЙДЫ? Қоғам мүшелерінің, оның ішінде, алматылықтырдың аталмыш жобаға деген көзқарасы әртүрлі. Алматы қаласы туризм басқармасының басшысы Бақытжан Жоламановтың айтуынша, бұл жоба бізге аса қажет. Біріншіден, халықаралық дәрежедегі шаңғы жарыстарын өткізуге жол ашады. Қазіргі қолда бар Шымбұлақ, Табаған тағы басқа шаңғы кешендері бүгінгі сұранысқа толық жауап бере алмайды. Алдыңғы қатарлы Австрия, Канада, Жапония, Германия, АҚШ сияқты елдерде спорттың осы саласын дамытып, қыруар қаржы тауып жатқан көрінеді. Біздің Көкжайлау шаңғы курорты келешекте солардан кем түспейді деген сенімде. Бұл пікірді қоштаған қалалық әкімдік те жобаны қолдап, қаржы бөлуге қазірдің өзінде кірісіп кеткен. Ал, табиғатқа жаны ашитын қала тұрғындарының, қоғамдық ұйымдардың біразы бұл жобаға күдікпен қарайды. Олар маңдайымызға біткен табиғат сыйын сол алғашқы күйінде сақтап қалғанды жөн көреді. Онсыз да жұлмаланған тау бөктерлерін біреулердің бизнес көзіне емес, қалалықтардың көзқуанышы болып қала берсін деп талап етуде. Тау шаңғысы курортын салуға көрші қырғыз экологтары наразылықтарын білдіріп үлгерді. «Жасыл құтқару» қоғамы мүшелері бұл жоба Алатаудың күнгей бетіне де өз әсерін тигізеді деп қауіптенеді. Тау шыңындағы мұздақтар еріксіз еріп, аймақтағы экологиялық тепе-теңдіктің бұзулуы туралы қорқыныштарын айтады. Оған қоса, таудағы жабайы аңдар ауып кетуі немесе жаппай қырылуы да мүмкін дейді осы саланың кейбір мамандары. – Мен тау баласымын,- дейді сексеннің сеңгіріндегі Жарылқап Жармағанбетұлы. – Бүкіл ғұмырым осы Алатау баурайында өтті. Бүгінгі табиғатымызға деген безбүйректікті айтып жеткізу қиын. Осыдан жарты ғасыр бұрынғы көріністің көлеңкесін де таппай қалдық. Кезкелген ғимаратты тұрғызып алуға қашан да болады, ал талқандалған табиғатымызды енді орнына келтіре алмаймыз. Осыны неге ойламаймыз?.. Жылдардың жалғасындай тағы бір көктем келіп жетті. Ақбас шыңды Алатаудың да құлпыра түсетін мезгілі. Тау басына тырмысқан ақ қайыңы мен қарағайы алыстан көз тартады. Көз арбайтын сұлу көрініс... Сол сұлулығы түбіне жете ме деп қорқамыз... Зейнолла Абажан