“Біздің Қазақстанға жатақхананың жертөлесінде де орын жоқ”
2014 ж. 27 сәуір
2089
2
Жаһандану деген жұлмыр заман келді. Дүние бөліске түскен заман. Аранын ашып анталаған алпауыт елдер шортанды да, шабақты да жұтып қоюға әзір. Қазақстанды түгел жұтып алса да, олардың қылқаның кетті-ау демесі анық.
Ара-тұра әлем картасына көз саламын. Мектептен қалған дағды. Жағрапиядан сабақ берген Жанболат ағайдың тәлімі. Әлемдегі екі жүздің үстіндегі мемлекеттің ішінде жұтынып отырғандары да, құтырып отырғандары да жеткілікті. Сол мемлекеттің бәрі аспан астында күн көргісі келеді: бір-бірімен байлық үшін тартыса, таласа өмір сүреді, өз нанын өзгеге бермей, әлі жетсе өзгенің нанын тартып жегісі келеді. Ә десе, мә деуге дайын тұрғандары да табылады. Өмір сүрудің өзіндік қағидасын көлденең тартып, сол қағидаға көнгендерді бір шыбықпен, көнбегендерді мың шыбықпен айдап отырған елдер де аз емес. Маңдайының соры бес елі мемлекеттерді майшелпек көріп, табиғат байлығын түгел сорып, қалдығын түкіріп тастап отырған қансорғыш елдердің етігінің ізі қазақтың жерінде де жатыр.
Мемлекет, халық, ел деген ұғымдар заманның дамуына қарай әр кезде, әртүрлі сипат, мазмұн алса, ұлт деген атау индустриялық дәуірде иегін қылтитты. Мемлекетіміз бар, еліміз бар, жеріміз бар, бірақ «Қазақ ұлты» деп ұртымызды толтырып әлі күнге дейін айта алмай отырмыз. Жұрттық топтасудан ұлттық тұтастануға ішкі де, сыртқы да қатерлер жол бермей кес-кестейтіні өз алдына, ұлт ретінде жөнді ұйыса алмай отырған өзіміздің дәрменсіздігіміз есеміздің еселеніп кетуіне кең жол ашты.
Жаһандану деген адамзат баласының жапырағына түскен жауыз құрт. Ол әр жерден шұрқ-шұрқ тесік жасап алып, сол тесікті бұрқ-бұрқ қайнатып, жапырып қана қоймай, опырып жейді. Өздері ештеңе өндірмей-ақ, өзгенің байлығын теспей сору арқылы күн көрудің жаһандық жүйесі жасалған: бұл жүйе жер бетіндегі халыққа – халық деп қарамайды, кез келген халықты жалдамалы өндірістің құралы деп біледі; ұлттың да, жұрттың да табан тірейтін тірегі – жері, жаһандану арқылы жаппай тырнағын батырып отырған елдер бірінші кезекте сол жерді жұтады. Жер сату заңдылығын қабылдатады, жерінен айырылған елдің белінен айырылған ермен бірдей екенін олар жақсы біледі; жүретін жері сырғанақ болса, адамның табаны бір жерге тоқтай ма, құдды сол тәрізді елді жерден үзеді; нәр алдырмайды. «Ұлан-байтақ жерім бар» деп қаншама кеудеңізді керіп, аяғыңызды алшаң басып жүруіңіз бек мүмкін, бірақ сол жердің бүткіл байлығы біреудің қолында, біреудің жолында болады. Сол жердің байлығы мен қазынасына ие болмақ түгілі, жер бетінде жер басып аман жүргеніңіздің өзіне шүкіршілік етуден өзгеге шамаңыз келмей қалады. Жаһанданудың жолын кесетін жалғыз нәрсе бар: ол – ұлтшылдану. Біз осы уақытқа дейін ұлтсыздану ұранымен өмір сүріп келдік.
Ұлттан безу – ұяттан безу. Ұяттан безу – аяттан безу.
Ар мен аятты бәрінен жоғары қойған ел едік. Сырттан таңылған, өз ішіміздегі ірілі-ұсақты жалпақбайлардың жалбағай жағымпаздығы мен сатқындығы танылған, басқалардың өмір сүру үрдісіне бағынған жаңа қалыпқа түстік. Мыңды, миллионды сатып алу мүмкін емес, ал бір немесе бірнеше адамды сатып алу оңай. Бүгінде мемлекеттердің үстінен қарайтын жаһандық құрылымдар бар, олардың өз мүддесі бар, негізгі мүддесі халықтың байлығын сорудан басқа түк те емес, осы жолда неше түрлі айла-шарғыға, қитұрқы әрекетке, қанқұйлы қылмысқа барады; оларға елдің игі жақсысы деген аз ғана топты сатып алудың еш қиындығы жоқ, мемлекет мүддесі, ұлт мүддесі дегендерді аяққа таптап, жекелеген топтарды өздерінің ыңғайына қарай пайдалануға келгенде шебер, биліктің жоғарғы эшалонының аузын майлау арқылы тұтас ұлттың мүддесін күл-талқан етуден тайынбайды.
Әлемдегі кез келген оқиға бірінші кезекте үш мемлекеттің қабағына қарай белгілі болады. АҚШ, Англия, Австралия. Өйткені бұл үшеуінің Тілі бір. Тілі бірдің – тірлігі бір.
Әлем картасындағы кез келген мемлекетті, кез келген елді тыпыр еткізбейтін тағы бір алпауыт – Еуропа. Бұлар Еуроодаққа бірлесіп, дүниені бөліске салудың жаңа жоспарын жасап жатыр. Бүкіл дүниежүзінің халқын әлемдік жатақханада жатыр деп көз алдымызға елестетіп көрейікші: жақсы, жарық, жылы бөлмелерде осы аттары аталған елдер әлдеқашан тіркеуге тұрып алған, біздің Қазақстанға жатақхананың жертөлесінде де орын жоқ; біздер жатақхана сыртындағы отын-су, ошақ-пошақ тірлігіне де жарамаймыз, біз тек малдының соңындағы жарлы тәріздіміз. Қазақстан бұрын сәбет өкіметінің шикізат шылауы болса, қазір әлемдік алпауыт мемлекеттердің шикізат шылауына айналып үлгерді. Сәбет байлықты қанша сорса да, ол бізге жол болып, жарық болып, айдаладағы шопан отауына дейін малқора салса да, бір қайтарымы бар еді; мына жұтқыншағы жұтқан сайын толмайтын, не қанағаты, не қайыры жоқ жаһандық құлқынға ұлтымыздың жұтылуы ғана қалды.
Малдың өзі өлер алдында тұяқ серпеді.
Біз не істей аламыз?!
Қанша мал баққанымен, қанша жерден малсақ болғанымен біздің қазақ сол мал екеш мал ғұрлы бола алмай қала ма деген қауіп жоқ емес бүгінде…
Қан шығармай соятын, төбеңді теспей оятын, оспадарсыз әлемнің күні бар ма тоятын?!
Қайран, ақкөңіл, дарқан мінез, кеңпейіл, жомарт халқым-ай! Көрінгенге құшағыңды ашқан қонақжай қалпыңның шын мәнін түсінген ел бар ма? Кең далада, мынау сахарада жалғыз-жарым күн кешудің, бөлініп өмір сүрудің мүмкін еместігін терең ұққан ұлтыңның ерке мінезі Еуропа мен Американың, Құранда қарғыс тапқан қанжұмыр халықтың серке топтарының қалтасын қалыңдатқаннан, қарнын шермиткеннен артыққа бара алмай, сән-салтанатынан, әдет-ғұрпынан, салт-дәстүрінен айырылып, уақыт өткен сайын ұлттық құндылықтардан жұрдай болып бара жатқаның бір сәт ойландыра ма?!
Адамзат баласының қанша байлыққа құнықса да, ана дүниеге алып кететіні не? Атақты Александр Македонский, бізше – Ескендір Зұлқарнайынның табыттан бір қолы шығып, ашық алақаны көрініп жатыпты деген тәмсіл бар. «Мен әлемді билегеніммен, алып кеткен түгім жоқ» дегеннің ишарасы екен бұл.
Қазақ «Дүние – жалған» деген. Дүниенің жалған екенін анық біліп, шын түсініп айтқан. Мынау жарық дүниеге не жетеді?! Осынау жалпақ әлемде адамзат баласының айтысып, тартыспай, өзара қырқыспай өмір сүруіне болар еді, қазақтың осы бір ауыз сөзіне құлақ асса!
Өкінішке қарай, қазақты керек қылған әлем бар ма? Қазақты қазақтың өзі керек қылмай отырғанда, әлемге наз айтар бәлем бар ма?!
Адамзаттың көксегені – қу дүние.
Түбінде, дүниенің түбіне – дүние жетеді…
Нұртөре Жүсіп, "Намыс" сайты