ТҮРКІ ӘЛЕМІ МАҚТАН ТҰТҚАН АЛЫП ТҰЛҒА
2014 ж. 24 сәуір
5093
1
Уақыт – ең ұлы төреші. Марқасқа халықшыл тұлғалар үшін сын сағаты соғатынына да тарих таразы.
Бірде аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, ғасырда біртуар ұлы тұлға Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев: «Соңғы кезде «тоқырау» деген сөз жиі айтыла бастады. Бұндай тақырыптың түп-төркіні нені меңзейді, бұған қандай себептер түрткі болғандықтан шыққан сөз. Мен елге басшылық жасаған 30 жыл ішінде бір Қазақстаннан ақырында жеті Қазақстан жасадым.
Айталық, 1955 жылы қазақтың саны 2.7 миллион еді, қазір 7 миллионнан асты. Қойдың саны 17 миллионнан 36 миллионға, ірі қара 4.5 миллионнан 9 миллионға өсті. Мемлекетке жылына 7 миллион тонна астық тапсыратынбыз, оны 27-30 миллион тоннаға жеткіздік. Мемлекет қоймасына 7 рет бір миллиард, 8 рет 900 миллион тұттан астық құйдық. Сонда Горбачевтың айтып жүрген тоқырауы қайдан шыққан тоқырау? 14 облысты 19 облысқа, 160 ауданды 214-ке жеткіздім. Өндіріс көлемі 9 есе, ауыл шаруашылық өнімі 6.5 есе, құрылыс 8 есе, халықтың саны екі еседен астам өсті. 48 жаңа қала, 70 ірі поселок салынды. Ал жаңадан ірге көтерген завод, фабрика, колхоз, совхозда есеп жоқ. Ел болып бір кісідей жұмыла білудің арқасында қолымыз жеткен игілігі мен ізгіліктері орасан зор ұлы жеңістер мен жетістіктерімізді тізе берсек, шеті көрінетін түрі жоқ. Сонда бұл тоқырау қайдан шыққан тоқырау?» деген екен.
Мінеки, дара туған дана тұлға Димекеңнің, Дінмұхамед Ахметұлының осы деректі сөздерінің өзінен-ақ қазақ елі үшін, туған халқы үшін қаншама нағыз ерлік жасай білгені, қаншама нағыз көреген кемеңгер көсемдік, қажымас іскерлік, кемел ірі кісілік жасай білгені ерекше көрініп тұрған жоқ па?!
Мемлекеттік аса жоғары лауазымды қызметте адал да таза бола білудің символына айналу дегеніміз, бар саналы ғұмырын өз халқына, оның ең жарқын бақытты да дәулетті тұрмыс кешуіне арнай білу мақсатында шын мәнінде кемеңгер көсем бола білудің символына айналу дегеніміз, ұлық болсаң, кішік бола білудің де, қарапайым тұлғалықтың да символына айналу дегеніміз, кемел даналық пен дара кісіліктің символына айналу дегеніміз дәл айтқанда нағыз алып тұлға, халықтың ұлы Дінмұхамед Қонаевтай бола білу болса керек.
Димекең өзінің көзі тірісінде жарық көрген «Өтті дәурен осылай» деп аталатын, кейін бұны толықтырған соң «Ақиқаттан аттауға болмайды» деп атаған ұлағаты орасан зор еңбегінде қазақ елінде 30 жыл билік жасаудың барысында халыққа тәлім-тәрбие, білім-ілім беру саласын, ғылымды дамыту, денсаулықты сақтау, экономикалық, мәдени және әлеуметтік, тұрмыстық тыныс-тіршілігін ең ұтқыр жасампаз іскерлікпен қалай өзгерткені жайлы жан-жақты әңгімелей келіп, туған елі, туған халқы осы табыстардың рахатын молынан көрген, терең күйде сезінген осынау игілікті іс-шараларының айтулы жемісті жеңістерінің бәрін толыққанды күйде баяндап өткен.
Шынымен де ол кезеңде қолымызға шырақ алып, тәулік бойы үй біткенді аралап, жертөле біткенді тінткілеп іздесең де, жұмыссыз жүрген құдайдың бір пендесін мүлде таба алмайтын ғажайып кезең болды ғой. Егер жұмыссыз жүрген бір адам табыла қалса, оны «тунеядец» деп соттап, барша жұртты тәртіпке шақырғаны, еңбекқор кәсіпкерлікке жұмылдырғаны, бұл түптің түбінде күллі елді жұмыспен түгелдей қамтамасыз етілгені, нәтижесінде қазақ елі бай-қуатты күйде алаңсыз өніп-өсумен ұтымды өмір сүруді бастан кешудің алтын заманы өткені тарихтан белгілі. Ең бастысы, ол кезеңде ауыл біткен түгелдей гүлдей жайнап, ғарыштап көркейді, жайқалып өркендеді. Қысқа мерзім ішінде қазақ жері гүлденген, елі түрленген ең айтулы елге айналғанымызды әлем мойындады. Ол кезеңде майды ит біткеннің өзі жеп тауыса алмаған орасан зор молшылық пен ғарыштап көркеюдің нағыз алтын заманында алаңсыз мамыра-жай күйде дамыған қазақ елі өзінің басынан өткерген бақытты кезеңдерін ұмыта қою өте қиын шығар, сірә.
Сөз жоқ, Дінмұхамед Қонаевты мұндай әлем мойындаған, кемел кемеңгерлікке көтерген біріншіден, оның ғасырда біртуар ғұламалығы болса, екіншіден, моралдық тұрғыдан алғанда мінсіз адал және кіршіксіз таза күйде ғұмыр кеше білуінде, ар мен халықтың аса жауапты да ауыр жүгін мінсіз арқалай білуінде, есті де текті, ұлық азаматтығы. Бүгінде Димекең алты Алаш жұрты пір тұтар ең айтулы Байтерек тұлғасына айналды. Жалпы Қонаев қанша жерден аса жоғары биікке көтерілсе де, ол биіктікті аса ерекше байсалды мінезбен, парасатты ақылмен, көргенді тектілікпен, кішіпейіл кісілікпен ғана көтере білген айрықша жан.
Бірде атақты Вольтерге замандастары «Халық алдында беделіңіз күшті. Адам даңқ салмағын қалай көтереді екен?» дегенде ол: «Биіктеген сайын жел күшті болады. Шың басында даңқтың желі сені, тіпті, қатты шайқайды» – депті. Бұл оның қоғамдық ортада, айналасын қаумалаған өңшең жағымпаз екіжүзді құзғындар мені жер-көкке сыйғызбай үнемі көпірте мақтады екен деп, шынымен де дәл солай екенмін деп опасыз мақтаншақтықтан, даңғаза дабыралықтан аулақ бола білуді аса қатаң түрде ескерткені емес пе? Бұндайда қазақтың ойшылы Хакім Абай: «Ақылды сақтап тұратын мінез деген сауыт бар» деуі тегіннен-тегін айтылмаған.
Елді жайлаған, халықтың басына түскен жүгенсіз қауіпті қасіреттерді көрмеу, оның аса ауыр зардаптарын мойындамау, халықтың көңіл-күйімен, пікірімен, талап-тілектерімен санаспау, бұл – адамзат тарихында теңдесі жоқ ең апатты трагедия.
Тақтан түсіп, демалыс зейнетіне шыққаннан кейін елде жүріп жатқан ортақ ұлттық (халықтық) байлықты жекешелендіру саясатына қатысты тілшінің қойған сұрағына жауап беру кезінде Димекең: «Қазақта алып – алты, жеп – жеті бола алмайды» деген сөз бар. Бұл ел үстінен ішіп-жеп оңбайсың деген сөз. Ал, жең ұшынан жалғасып, мансабын мал табу үшін сатып жүрген сыбайлас жемқорларды өз басым кездестірген емеспін. Ал, бүгінгі қоғамымызда ондайлар болса, онымен заң орындары аса қатаң түрде айналыссын» – деп алаңдаушылық күйін танытқаны белгілі.
Сөздің шыны керек, ең айтулы кемеңгер Дінмұхамед Ахметұлы 30 жыл елді басқару кезінде министрдің орынтағына шын мәнінде білімді де білікті, кәсіби іскер де кемел, іздемпаз да талғампаз, нағыз есті де текті маманды ғана министрге сай етіп тәрбиелеп, сынақ тезінен өткізген соң ғана отырғызды. Ал қазіргі егемен атанған елде 23 жыл ішінде сол министрдің орынтағына тек қалтасы қалың ұлтсыз, ар-намыссыз, сауатсыз, біліксіз, тексіз, көрсоқыр «прорабты» не «кассирді» ойланбай-ақ отырғыза салу дәстүрі орныққан соң мемлекеттік, елдік, ұлттық, халықтық... тағдыр атаулының көкейтесті ахуалы қайдан оңсын. Ұлттық, халықтық істердің қисыны мен жөн-жосығын жетік күйде білетін кемел, шын кемеңгер іскерлер мен көреген тектілердің бағы байланды. Шет елдерге асуға және антисанитариялық жабайы мұз базарларды жағалауға мәжбүрледі. Еркек біткен қазан бағуға шықты, баланы тәрбиелейтін әйел біткен мұз базарда көгенделді. Қылмыс қаулады. Қысқасы, ұлтсыз, ар-намыссыз, біліксіз, тексіз, көрсоқыр, зиянды, сыбайлас дүбәралар лауазымды қызметке жетуде таңы оңынан атты, жолы болды. Бұндай опасыз құбылыстың түбі – тәуелсіз еркін де текті елдігімізді, ұлттығымызды түбегейлі құрту емес пе?
Ақырында ел іштен іріп-шірудің ең қасіретті ауқымы шектен тыс шарықтауына орай, мемлекеттік қызметшілер жаппай бұлық-шылыққа (яғни сыбайлас, жемдес жемқорлыққа, парақорлыққа...) белшеден батуына орай кезек күттірмес сан алуан проблеманың түйіндері дер кезінде ұтқыр шешімін таппай, керісінше, олар бұрынғыдан да бетер күрделеніп, қауіпті қатерлері күшейіп, ауқымы мен зардабы еселеніп барады. Ешкімге де кіріптарсыз тәуелсіз, дербес, алаңсыз елдікке сай болу үшін қоғамымыз, ұлттығымызды, әсіресе, ұл-қыздарымыз мен шәкірттерімізді сан алуан аждаһалы кесапаттардан жедел түрде тазарту, сауықтыру, жаңарту, асылдандыру бағытындағы сара да дана жолға салуды бастау үшін ең алдымен озық тәлім-тәрбие, сапалы білім-ілім беру саласын түбегейлі жаңаша жаңартатын, үлгілі-өнегелі өркениетке қол жеткізер ұлттық жүйелі ұтқыр реформа, қатаң тәртіп, озық жоба мүлде жоқ. Тек тәтті сөйлеп, елді мазақ қылар көзбояушылық шектен шықты.
Мәселен, таңғаларлық бір ғажайыбы, бүткіл ел, халыққа, әсіресе өскелең жастарымызға аса қажетті ең ұтымды халықтық құрылымды (ұлттық тәлім-тәрбие, білім-ілім беру және халықтың денсаулығын сақтау салаларын, яғни шын мәнінде тәуелсіз, алаңсыз елдікке қол жеткізудің ең негізгі стратегиялық алтын ескекті! Ұлт үшін ең негізгі өзекті де тұғырлы саланы!) құрдымға жықса да, табантасына дейін талқандаса да ол жасаған өлшеусіз де жүгенсіз опасыз істері үшін ешқашанда жауап бермейді. Керісінше, оның лауазымы бұрынғыдан да бетер жоғарылай түседі. Күлесің бе, әлде жылайсың ба?
Атам қазақ «хан тойынса, халық ойыншық болады» дейді. Күллі елдің көзін бақырайтып қойып, бүткіл халықты ақымақ қылудан ұялмайтын, оған шектен тыс қиянат жасаудан, сондай-ақ оның төзіміне тәжірибе жасаудан аянбайтын жүгенсіз лауазым иелері көп бізде. Олар алуға тиісті қатаң жазадан сайқал көзбояушылықпен құтылып кететіндей, тіпті, қызметтік лауазымы жоғарылай беретіндей осыншама ең құдіретті күш қайдан туындайды? Бұл сонда ненің күші? Кімді-кім ақымақ қылып жүр? Бұл кімге аса тиімді болып отыр? Бүкіл халықтың, ұлттың, ұл-қыздарымыз бен шәкірттеріміздің бүгінгі биліктен көрген рахаты, сезінген жұмақты ұтыстары қандай? Мемлекетіміздің негізін құраушы байырғы қазақ халқының басым көпшілігі неге қу тақыр кедей, ашқұрсақ, үйсіз-күйсіз, көтерем, қаңғыбас?
«Халық – қазы, пікір – таразы», «Халық айтса қалп айтпайды» демекші, халықтың денсаулығын мінсіз сақтауға айрықша міндетті бүгінгі медициналық министерлік құрылымды, яғни емхана, аурухана біткенді «тек халыққа қарсы «антинародная» медициналық құрылым» деумен, «емдеген сырқатқа ұзақ уақыт қайтып келмесіне кепілдік бермес, тек қана қалта қаққыш опасыз дәрігерлер» деумен барша халық аса айрықша жанақайлы күймен неге ашынады? Медициналық құрылым халықтың жүрегін шектен тыс қанжылата отырып, жүгенсіз қанқақсатудың сан алуан опасыз үрдістерін неге үдетеді? Ұлы ұстаз алдында мәңгі айнымас Антты опасыздықпен бұзуға кім мәжбүрледі?
Жалпы біз, қазақ елі қолымыздан келмейтін жаңа велосипедті жасау үшін күшену қажет пе еді? Керісінше, уақыттың талабына сай дайын велосипедтің өзекті тетіктері мен көкейтесті құрал-жабдықтардың сапасын ұтқыр іскерлікпен жетілдіру арқылы, жылдамдық өлшемін жаңаша еселеу арқылы халыққа ең пайдалы коэффициенттерін еселей білуді үйлестіре білу, оздыра білу қажет емес пе еді. Қазақ мемлекеті «еуропалық стандарт???» деген аждаһалы сөздің, опасыз түсініктің түп-төркініне терең үңілместен, қазақ үшін қандай ұтыс, нендей ұтылыс екенін ажыратпастан, жөн-жосықсыз желеу етіп, жер-көкке ұрандатып, ұлтсыз, білімсіз, сауатсыз дүбәралықпен, көрсоқыр надандықпен ғана халыққа, ұлтқа, ұрпаққа пайдасы зор ұтымды да ең ұтқыр құндылықты, мемлекеттік озық құрылымды тек талқандауға келгенде неге өлермендікпен құмармыз, шеберміз?
Сонда қазақ халқы өмір бойы аңсап армандаған тәуелсіз елдіктің сиқы осы ма? Біз, қазақ елі бұндай күймен Тәуелсіздікті сақтай аламыз ба? Кеше мықшегедей қалыптасқан халыққа аса тиімді ең ұтқыр да ұтымды құрылымды кім құртты? Не үшін жойды? Бүткіл ел, халықтың қанын тек кенедей сорып, қанқақсатумен ғана өрбіген ұлтсыз, білімсіз де біліксіз, жауапсыз да тексіз дәрігердің кесірінен өлім еселеніп, аурудың түрі күрделеніп барады. Елде қатыгез қаскүнемдікті теңдесі жоқ дәрежеде қаулата өрбітер мемлекеттік, қоғамдық жабайы, дүбәра құрылымдарды орнықтырып, біз кіммен, қайда бармақпыз осы?
Ендігі жерде халықтың асыл арманын, қалауын орындауды кім мойына алады? Уақыт пен халық талап-тілектеріне сай озық тәлім-тәрбие, сапалы білім беру саласын, халықтың денсаулығын мінсіз қамтамасыз етуде тегін (халық бір тиын да төлемейтін күйде болу шарт!) болуға міндетті шынайы халықтық ұтқыр медицинаны кім орнықтырады? Халыққа аса пайдалы коэффициенттері орасан зор, шын мәнінде тегін күйде тәлім-тәрбие, білім-ілім беруге, оның денсаулығын қапысыз сақтауға қатысты контитуциялық міндетті Кепілдік пен бүкіл халық, ұрпақ алдында берген Ант иесі не бағып отыр?
Міне, бұлардың бәрі де Тәуелсіздік үшін ауадай қажетті талаптар. Біз үшін ел Тәуелсіздігі бәрінен де қымбат!
Ұлт денсаулығы – табысты болашағымыздың әрі ең негізі, әрі алтын кепілі екені хақ.
Әйтсе де, бұл ұлт, халықтың денсаулығына қатысты осынау аксиомалық аса қатаң заңды талап-тілектерге қарамастан, егемен атанған елде жауап бермей жиі ауысатын әрбір лауазым иесі жаңа реформаны бастап, оны аяқсыз қалдыру дәстүрі, басқа орынға ауысып кетудің, яғни ауыстыра салудың дәстүрі орнықты. Әрине, халықпен мүлде санаспайтын, тек бір кісінің көзқарасы, бағыты ғана шешуші рөл атқаратын авторитарлық мемлекеттік билікте орындаушылардың орын ауысуы қоғамға ұтысты жаңалық та, ұтымды тың серпіліс те әкелмейтіні, пәрменді жаңа қарқынды да туғызбайтыны айдан да анық ақиқат. Бұл, әрине, айрықша аса ащы болса да тарихи факт.
Расында да елде шектен тыс қаулаған аждаһалы қасіреттерге қатысты бар гәптің де, сыр сандықтың да құпиясы осында жатса керек. Не істеу керек?
Қазақ елі жедел түрде күллі ұлтқа, халыққа, әсіресе ұл-қыздарымыз бен шәкірттерімізге пайдалы коэффициенттері орасан зор болуды аса қатаң түрде қапысыз қамтамасыз ете алатын саяси ұтқыр реформаны жасай білу ауадай қажет!
Димекең қазақ мемлекетін ұзақ жылдар бойы басқару кезінде өмірлік саналы ғұмырында болашақ – жастардікі деп, өскелең жастарға шын мәнінде ерекше күйде көңіл бөлді және оларға аса айрықша әкелік қамқорлық пен көреген даналық танытып, еркін өсіп-өркендеуіне, білім-ілім, ғылым, денсаулық, рухани жағынан жан-жақты күйде гүлдей жайнауына ең жарқын да даңғыл жолды аша отырып, одан әрі қарай да оларды биікке үнемі ұтымды да ұтқырлықпен жетелеп отыруды, озық күйде көземелдеп отыруды қатаң түрде қадағалайтын халықтық ең ұтқыр үрдістерді қалыптастыра білді.
Қысқаша айтқанда, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ешуақытта да тексіз күйде көпірте сөйлеп, мақтаншақ дарақылыққа ұрынбай-ақ, сан алуан ұлы істерді жер-көкке дабыра жасамай-ақ, даңғазашыл күйде ұрандатпай-ақ, тек сабырлы да салмақты, байсалды да парасатты күймен ғана бар игілікті іс-шараларды тыңғылықты, ұтқыр дәрежеде тындыра білетін. Ерекше қарапайым да іскер, кемеңгер көсем, әмбабап білімді де ірі кісілік ұлағаттылығымен бүкіл қазақ елінің, яғни еңкейген қариядан бесіктегі балаға дейінгі түгелдей күллі жұрттың шексіз алғысы мен ең ыстық ризашылығына, махаббаты мен ерекше сүйіспеншілігіне теңдесі жоқ дәрежеде бөленген. Қызметте жүрген кезінің өзінде-ақ аңызға айналып, Абыздықтың ең биік шыңына шыққан, бүткіл алты Алаш, тіпті, Түркі Әлемі айрықша мақтан тұтар ең айтулы тарихи ұлы данасы, көреген ұлы данышпаны бола білу дәрежесіне жетті. Өйткені ол кәсіби білікті де іскер, есті де текті мамандар мен жастарды ұдайы тәрбиелей білуден жалықпау үшін, халқымен бірге қайнап, бірге өмір кеше білген халқынан үйренуден аянбау үшін әу баста жаратылысы бөлек, ерекше күйде туылған, шын мәнінде қайталанбас кемел кемеңгерлігі аса биік, біртуар алып тұлға.
Бір-ақ мысал. Ресей империясының озбыр үстемдігі мен қаскүнем қыспағында жүргендікке қарамастан қазақ елінің білім беру жүйесі, оның ішінде жоғары білім беру саласы үлкен биіктікке көтерілді. 1945 жылы Қазақстанда 14 жоғары оқу орны болса, 1960 жылы 28, 1985 жылы 55-ке жеткізді. 1955 жылы студенттер саны 70 мың болса, 1985 жылы 270 мың болды. 1955 жылы қазақ студенттері – 28 мың болса, 1985 жылы олардың саны 151 мыңнан асты. Тек қана ғылым саласынан, әсіресе, академиктер арасынан 7 Социалистік Еңбек Ері, 18 Лениндік сыйлықтың және 100-ден аса КСРО мен Қазақ ССР-і мемлекеттік сыйлықтарының иегері бола білді. Қазақ елін Әлем таныды. Мұндай ғажайып жетістік басқа ешбір Ғылым Академиясында, тіпті, басқа ешбір елде болған емес.
Сол сияқты, тек айтуға ғана оңай, бірақ елдік пен өмірлік тіршілікті озық күйде өркендете дамытуда маңызы мен мазмұны орасан зор халықтық істердің шешімдерін ең ұтқыр күйде шешуге келгенде иілмейтін дүниені табанды іскерлікпен иіп, бүгілмейтін дүниені іздемпаз да талғампаз, білгір ірі кісілікпен бүге жүріп, күллі елдің қолын жеткізе білген айтулы жеңістер қақында ең жарқын ұзын сонар мысалдардың ұшы-құйрығында шегі жоқ.
Адамның – өсуінен, Арқанның – есуінен.
Туған анасының уызына жарып, есті де текті күйде ержетіп, ерекше есеюмен қанатын ерте самғаған Дінмұхамед Ахметұлы елді басқару кезінде ортақ ұлттық (халықтық) байлыққа қол сұғуды, қиянат жасауды, жеке басына халықтық байлықты қарпып қалуды мүлде білмей өмірін тектілікпен өткізе білді. Облыс, аудан, ауыл, мекемелерді аралап, жұртшылықпен кездесу сәттеріне байланысты барған жерінен қымбат заттай не ақшалай сыйлық... атаулыны алғанды жауапқа тартуды үрдіске айналдырды. Ол шын мәнінде нағыз ғасырлық ғұламаға, кемеңгер көсемге, дара ірі кісілікке, кемел тектілікке лайық күймен ар алдында кіршіксіз таза, күллі халық алдында мінсіз адал күйде ғұмыр кеше білді. Сондай-ақ өзінің командасында жүрген мемлекеттік шенеунік атаулыларды да, ең алдымен халықты түгелдей толыққанды тойдыру, бай-қуатты күйге қалай болғанда да жеткізу мақсатында тек қана халыққа ең ұтымды күйде, адал да таза, мінсіз қызмет ете білуге қатаң түрде үйретті, қадағалады, айрықша талап етті.
Мінеки, «Менің туған Елім! Менің Қазақстаным!» деумен ғана бар саналы ғұмырын ұтқыр да өнегелі күйде өткізе білген, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған ұлы ұстаз Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына ұшан теңіз із де, ұлағаты орасан зор сөз де, ең озық күйде үлгі-өнеге де қалдыра білген. Әлбетте, адам болып туылған соң халқы үшін тек есті де текті Димекеңдей болып туа білгенге, тірі болған соң ұл-қыз үшін тек Димекеңдей ірі бола білгенге не жетсін шіркін.
Сөздің реті келген тұста, кез келген есті де текті, кемел азаматтар, әсіресе, кез келген лауазым иелері, тіпті мемлекеттік шенеунік атаулылар түгелдей үлгі-өнеге тұтарлық ұлы адамдардың өсиеттерін де еске сала кеткеніміз абзал. Осыған орай, бір тамшы тарихтан қажетті деректі де келтіре кетелік. Әлемдік дәрежедегі ұлы философ Әл-Фараби бабамыздың даналығы бойынша кемеңгер патшаға лайық 12 қасиет-қабілет аса айрықша күйде тән екен де және солай болу аса қажет екен. Олар:
- Ол адам сымбатты, мінсіз мүсіндей әдемі, сабырлы, иманжүзді, аса қайырымды болуға тиіс;
- Ол адам өзіне айтылған сөздің (сынның) бәрін дұрыс қабылдайтын және істің жай-жапсарын жан-жақты зерделеп, терең ұғатын, халықтық ақиқатты мойындай білетін аса әділ әрі зерек болуы керек;
- Ол өзі жүрген ортада көрген, естіген нәрселерінің бәрін зердесіне ұзақ сақтайтын, ешнәрсені де ұмытпайтын болуы керек;
- Терең ой иесі және жадына сақталғандардың бәрін айдан да анық етіп айтып бере алатын шешен болуы шарт;
- Ғылым-білімге, өнерге жаны ашыр, әр күн сайын оқып үйренуден шаршап шалдықпайтын адам болу керек;
- Тағамға, ішімдікке, сайран-сұхбат құруға келгенде қанағатшыл, тежеу қабілеті асыл болу керек;
- Жаратылысынан сауыққа құштарлықтан аулақ болу керек;
- Кемеңгерлікке лайықты адам шындықты сүйіп, жалғандыққа, даңғазашыл дабыралыққа түбегейлі қарсы тұру керек;
- Жаны асқақ, ар-намысын аса ардақтайтын кіршіксіз таза адам болу керек;
- Оның жаны жаратылысынан пасық істердің бәрінен жоғары, халықтық игі істерге іңкәр да ынтызар болуға тиіс;
- Әділетсіздік пен үстем озбырлық атаулыны жек көретін текті адам болу керек;
- Халыққа аса қажетті істерді жүзеге асыруға келгенде озық іскерлік те шеберлік, кешірімпаздық та талғампаздық танытып, сол жолда қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін бірбеткей, батыл, ержүрек болуы аса міндетті.
Иә, сол сияқты Шығыстың ұлы ойшылы, ақыны Мақтымқұлы: «Түзет әуел өзіңді, Терең ойлап, алысқа сал көзіңді» деп артындағы ұрпақтарға, һәм Алашқа қалдырған өміршең өсиеті де дәл бүгінгі таңдағы билік иелерінің көздеріне шұқып тұрып, кеше де, бүгін де, болашақта да бар дауысымен айқайлап, айтып тұрған жоқ па?! Бірақ...
Молдағали МАТҚАН
Халықаралық Мұстафа Кемал Ататүрік атындағы Алтын медалдің иегері,
қоғам қайраткері, публицист-жазушы, академик.