Астанада 1-сынып оқушысының қалтасындағы ұялы телефон атылып кетті
2014 ж. 24 сәуір
2527
0
Астаналық оқушы қыздың қалтасында болған "Samsung Galaxy S2" маркалы ұялы телефон кенеттен өртеніп, салдарынан жасөспірім ауруханадан бір-ақ шықты.
Жеті жасар Ариана Айтжанның айтуынша, телефон өртенбестен бұрын атылған көрінеді.
"Оқиға дүйсенбі күні кешкі 18.30-дар шамасында орын алды. Қызым аулада ойнап жүрген. Мен оның қасында жоқ едім", - дейді жәбірленген қыздың әкесі Ерлан Айтжан "NewTimes.kz" порталына берген сұхбатында. "Көршілерімнің айтуынша, алдымен телефон атылып кеткен, артынша қыздың шалбары өртеніпті. Сол жерде болған адамдар дереу шалбарын шешкен, алайда, күйген терісі де сыпырылып түсіпті. Күйігі тура сүйекке дейін жеткен", - дейді Ерлан Айтжан.Оның айтуынша, қызы үшінші дәрежелі күйік алып, қазір операция жасауға дайындалып жатқан көрінеді.
"Samsung компаниясына хабарластым, мән-жайды айттым. Олар келтірілген шығынның орнын жабуға уәдесін берді, яғни емделуін толықтай көтермек", - дейді Ариананың анасы Әлия Камзина.
Ата-ана қазір қызының денсаулығымен әлек болып жатыр. Олар ота сәтті аяқталғаннан кейін жазықтыларды міндетті түрде жазалайтынын жеткізді.
BAQ.KZ