Арзан әзіл, көрерменді қытықтап күлдіргеннен басқаны мақсат етпеген телешоулар көрерменге ұнап жүр ме?!

JsU4c645b3zidL1X7L2N3rh23TkGn1Сауда саласында «өлі кезең» деген термин бар. Яғни, жаңа жылдан кейін не болмаса жаз уақытысында жұрттың бәрі жеңілдік атаулымен бар қажеттілігін үйіп-төгіп алған соң,  біраз уақытқа дейін сауда жүрмей қалып «өлі тыныштық» орнайды. Бүгінде қазақы телеарналарда да бүткіл көрерменін каникулға шығарып жібергендей күйде. Олай демеске де еш әддіміз жоқ. Себебі... ана тілімізде тұщынып көретін таңдаулы бағдарламаларды санамаласақ он саусағымызды түгел бүгуге де жетпейді-ау осы. Барына бар-ау, неше түрлі ток-шоу, арнайы бағдарлама, сараптамалық хабар, бәрі де көрерменнің көңілін табуға барын салғандары байқалып тұрады. Бірақ ондыққа дәл тигізгендей емес. Яғни бүгінгі қоғамның қотырын қасуға дірмәндары жетпейді. 

Күйкі тірліктің күйбеңінен шаршап жүргендер кешкісін бір сәт болса да көңіл көтерерлік күй іздейді көрермен. Ондайда әрине сазды, шоу бағдарламалардың бірінші кезекке шығатыны сөзсіз. Өйткені санаңды серпілтіп, көңіл күйіңді көтеретіндері некен саяқ. Қарап отырып қаныңды басыңа шаптыртатындары да бар. Жүргізушілердің шектен тыс тұщтақайланып, бос сөзбен қуырдақ қуыратыны ашуыңды келтіреді. Сосын амал жоқ бар ашуыңды пульттен аласың. Ары ауыстырасың, бері ауыстырасың... ақыры айналып келіп арқандаулы аттай өз қазығымызды табамыз. Баяғы сол «Қазақстан», «Хабар», «Астана», «КТК» телеарналарындағы ана тілімізде сайраған шоуларды тамашалауға мәжбүрміз (бұл жерде «Отау ТВ», басқа тв қойдырып алғандар туралы емес әңгіме). Жоқ, жоқ деп зар-заманды орнатпай-ақ қояйықшы, «Астана кеші көңілді» сол бағдарламаны ойлап тапқандардың өзіне көңілді шығар. Бірақ көрермен үшін емес. Жүргізушілері мың рет ауысатын бағдарлама жөні түзу сценариске жарымай-ақ қойды. Арзан әзіл, көрерменді қытықтап күлдіргеннен басқа амалдар жоқ секілді. Ду қол шапалақ, студияда отырған көрермендердің  күлкісіне дейін сценарий бойынша жасанды етіп бергендері білініп қалады-ақ. Аудитория жинаудың,  қулықтың «көрнекі құралы» демеске амал кем. Кейде тіпті «детсадқа» арналған бағдарламалар сияқты көрінетіні де рас. Қай бағдарламаның да арасында жарнама беретін үрдіс бар ғой. Жүргізушілер «Басқа арнаға ауыспаңыздар», «Бізбен бірге болыңыздар» деп жата жастана жабысады. Алайда көпшілікке ұсынған бағдарламасы тұщымды болмаса кімге өкпелейді? Көрермен әрине көңіліне жаққан арнаны тамашалауға құмбыл... «Хабар» арнасындағы «Ұлттық шоу» ғана әзірге көрермен көзайымына айналып отыр. Иісі қазаққа аты мәлім азаматтарымыздың шығармашылығын бір бағдарламаға арқау еткендері ұнайды. Ескі әндерге жаңаша өң беріп, өңдеп, көрермендерін сағындырған әндер-ай дегізетіні бар. «Қазақстан» арнасындағы «Айтуға оңай» да әзірге көрерменнің қышыған жерін қаситындай. Бүгінде қаны сорғалап тұрған мәселелерді әңгімеге арқау етеді. Арасында тағдырынан теперіш көріп жүрген жандарға сол студияның өзінде демеушілер табылып мәселесі шешіліп жатқаны «әп, бәрекелді» дегізерліктей... «Саз әлемі» атты шоу думанды паш етіп жарайсың дегізген Баян Есентаеваның бүгінгі «Жұлдызды додасы» -ның бір шоғыр көрермені бар шығар. Алайда жалпы қазақтың бәріне   ұнайды деп айта алмаспыз. Оны көріп отырып баяғы «Екі жұлдызбен» жылап көрісерліктей жағдайдамыз. Әйел адамға ер адамның ролін беріп гримдеп ұсынғанымен әннің қапысы жоқ-ау, алайда шектен шыққаны ер адамның әйелше киініп шыққаны тым, тым жараспайды-ақ. Бұл да ксерокс-шоулардың бірі. Қазақ сахнасында талтайып тұрып шетелдік әншіні қанша нәшіне келтіріп орындады дегенмен де оған қолдау білдіретіндер аз. Тіпті әншілердің өзін-өзі мазаққа айналдырғандай осы шоуды көрмей, басқа арнаға «ауысып» кеткендер көп.  Осындайда жұрттың уақытына қиянат жасағаны үшін сотқа жүгінгің келіп кететіні бар (ауылдағы атамның сөзі). Жұрт назарына ұсынылған телебағдарламалардың дені көшірме екені де рас. Әлде бір жері, әлде бір нұсқасы ресейлік продюссердің бағдарламасына ұқсап кететінін көрермен баяғыда-ақ бағамдап қойған. Қазақстандық бағдарламалардың осындайда дамымай кенжелеп қалғанына күйінесің. Көрермен аудиториясымен санасу деген жоқ. Қазір жұрттың бәрі жүйкелеп жүр. Бір сәт тынығып, аяқты кеңге созып, отбасының бәрі отырып тамашалайтындай керемет бағдарламалар тудыратын сәт   баяғыда-ақ жеткен. Телеарналардағы «өлі кезең» көпке созылмаса екен дейсің. «Жетпіс жеті күн», «Көкпар», «Қымызхана», «Ұят болмасын» атты бағдарламалар арқылы қазақтың да қолынан бірдеңе келетінін продюсерлеріміз баяғыда-ақ дәлелдеп қойып еді. Алайда соңғы толқын сол сораптан шығып кетіп, лағып жүр. Сол көрсеткен үлгіні ілгері дамытып алып кете алмады. Көшірмеден көгермейтініміз рас енді. Ең болмаса ешкімге ұқсамайтын қазақы болмысы бар бағдарламалар көргіміз келеді. Сосынғысын, бір бағдарламадан көрінген жүргізуші келесі бір бағдарламадан жылтың жылтың етіп, көзге «мазоль» болатыны бар. Содан басқа сауатты жүргізетін адам таппай қалғандай. Енді расында да әнші, әртістерге жаңалық жүргізу ғана қалып тұр. Бал тәтті әрине, бірақ жей берсең жүрегіңді айнытатыны бар... Көреміз. Амал жоқ. «Ұят болмасын» да... Автор: Гүлжан Көшерова