Дархандық пен кеңдікті ауылдан үйренуіміз керек-ақ
2014 ж. 16 сәуір
4545
1
Расында ауыл академиктері аталарымыз бен әжелерімізге алғыс айтуға тиіспіз. Бабадан балаға беріліп келе жатқан ұрпақ жалғастығы үшін, салт-дәстүріміздің сақталғандығы үшін, бастысы қазақылығымыздың құрып кетпегендігі үшін. Расында... Бала шағымызда әжелеріміз ауылдағы ағайынға сауын айтып уыз көжеге шақыратын. Жаңа бұзаулаған сиырдың уызына жасалған көжеден бөлек, ішіне неше түрлі дәнді-дақыл қосылған ерекше көжеден ауыз тигеніміз де сол кез. «Наурыз көже» дегенді де алғаш сол шақта естігенбіз. Көк қылтиып шыға бастаған уақта қырқаның басына көрпеше төсеп, бауырсақты шашып тастап, кішігірім наурыз-той өткізетін. Ауылдастардың бәрі дәмі балдай көжені жарыса ішетін. Мектептен қайтқан бала біткен уыз көжеге қарық болатын. Қаттама нан, жұқпа нанның неше атасын жеп мәз болушы еді. Әр үй кәстрөл толы көже пісіріп алып келетін. Үлкендер жағы әр үйдің наурыз көжесінен дәм татып баға беретін. Сосын бәрін үлкен қазанға қотарып араластырып «ассорти» жасайтын. Сонда дәмі бал татыған көжеге айналатын. Үлкендердің уыз көже деп жақауратуының астары тереңде жатыр екен ғой сөйтсек. Ұмытылып бара жатқан наурыз көжені кейінгі ұрпақ ұмытпасын деп осындай қулыққа барады екен ғой. Дәнді-дақыл қосылған көжені ішкенде ішіңнен «ел-жұрт аман болсын, заман тыныш болсын» деп тілек тілеңдер деуді де ұмытпайтын. «Наурызкөжені ішкенде айтылған тілек әрдайым қабыл болады» деп қосып қойғанды да ұмытпайтын. Қара басының қамынан көрі көптің тілеуін тілеген қайран апаларым-ай. Көп аман болса сол көптің ішіндегі өзінің де басы аман, бауыры бүтін болатындығын бағамдағандағысы ғой... Бас көтерері жоқ ауылдағы ағайынға көмек қолын созып, бәрі жабылып баспана салып берген заманды да көрдік. Асар дегенді естігеніміз де сол кез. Бірі шатырын жабу үшін шиферін сатып әперсе, бірі бағана үшін бауындағы терегін кесіп әкеп беріп үйі жоқтарды үйлі қылған сол замандар-ай. Пейілі азған қоғамды көріп, сол алаңсыз шақтарды аңсамау да мүмкін емес-ау. Ауыл үйді ұры-қары торып, қой демей, жылқы демей сыпырып кеткенде де сабыр сақтаған ағайын кейіннен ұрының өз ауылдастары болып шыққанда да кешіріммен қарап темір тордан өздері босатып алған. Жесір әйелдің қарызға алған ту биесін сойып сатып жіберген барымташы «төлейтін түгім жоқ» деп еңірегенде де кешірім бергенімен қоймай, «қайтып бұл жолға түспе, ауылдастарыңның наласына қалма, өс, өн» деп бата бергендерін қайтерсің қариялардың? Сондағысы «бір рет шатылып теріс жолға түскен баланы темір тор түземес, қайта кешіріммен босатылса, оң жолға түсер, түзелер» дегендегісі екен ғой қарттардың. Ал бүгінде сондай кеңдік келе ме қолымыздан? Пейілі тарылған қоғам кешірім дегенді ұмытқалы да қашан? Қара басының қамынан басқа күйттері жоқ жандардан кеңдік күтудің өзі де күлкілі көрінеді кейде...
Көне замандардан ұмытылып кетпей бүгінге жеткен қандай құндылықтарымыз болса да ауыл академиктері апа-әжелерімізге алғыс айтуға тиіспіз. Ақ жаулықты аналарымыздың арқасында асыл жауһарларымыз жасындай жарқырап ұрпақ санасында қалды. Сол алтын құрсақты, асыл текті аналарымыздың бүгінгі жалғастары да ата жолынан ауытқымай келеді. Соның бір дәлелі... Ауылға барған сайын күннен күнге қатары сиреп бара жатқан ата-апаларымызға сәлем беріп шығуды парыз санаймыз. Былтырғы желтоқсан айында берілген демалысты пайдаланып ауылға барып мауқымызды басып қайтайық деген оймен тартып отырдық. Арғы беттің жағалауында жүрген, қатары сиреп кеткен ауылдың үлкенінен бастадық сәлем беруді. Бүгінде ауылдың ең үлкені деген Кендебай атамыздың үйіне ат басын бұрдық. Оттан жаңа түскен ыстық дәм, ортада жеті шелпек пісірілген, тау боп үйілген бауырсақ. Қонақ күтіп отырған болар дестік. Олай емес екен (көршісін зорға танитын қалалық психологияның шеңбері ғой шыға алмайтынымыз). «Азаттықты арман еткен елдің ертеңі үшін сол желтоқсанда қаншама жас өскіннің ғұмыры қыршынынан қиылды. Тәуелсіздік үшін өмірін құрбан еткен сол марқұмдарға арнап пісірілген дәм ғой. Иіс шығарып, құран бағыштайық деген ниетіміз еді» деді. Келесі үйге бұрылдық. Онда да осы кейіп. Шелпек пісіріп, бауырсақ шашқан дастархан. «Мейманасы тасып, елдің қос-қос мәшін мініп, шалқып тасып жүрген жұрттың бүгінгі күнге жетуіне қасықтап қанын төккен сол желтоқсаншы балалардың арқасы ғой» дейді сексеннің сеңгіріне шыққан атам. Бір бұл ғана емес жыл сайын қайталанатын үрдіс осы... Қалада мейрам деп бірнеше күн демалыс алып, көшеде серуендеп жүрген жұрт. Ал ауылда... «Мына 3-4 күндік демалысты пайдаланып қыдырып алайық, шашылып, қоқынап кеткен үйімді жиыстырып алатын болдым, үйілген кірімді жуып алайын» деген құрбыларым үшін ұялдым. Аптасына емес, айына бір иіс шығарып, шелпек пісіруді білмейтін көршілерім үшін ұялдым. Олар ауылға келіп, «академик» ата-әжелеріміздің «институтына» түсіп, тәлім алса ғой дедім. Ең болмаса солардың қасында бір күн жүріп істерінен үлгі алса... Аузын ашса жүрегі көрінетін ауылдағы аңқылдаған ағайынның ақжүректігі әлі де бар. Ылғи қылмыс хроникасы дерлік кешкі жаңалықтарды көріп отырып «біреу жазықсыз ұсталып кетіпті, не болмаса алаяқтардың кесірінен баспанасынан айырылып қалыпты» дегенді естісе де «алда байғұс-ай, қиын болыпты-ау, сабыр қылсын енді» деп айдаладағы біреу үшін жаны ашып отыратын да осы ауылдағы апаларым. «Доллар қымбаттап кетті, енді қайтіп күн көреміз..» деп елдің еңсесі түсіп кеткенде де «елдің іші ғой, бастысы бас аман болсын, бас аман болса басқасының бәрі де кезегімен бола жатар, «көппен көрген ұлы той» ғой. Бір мәнісі болар» деп сабырға да шақырған.. Былтыр бірінен соң бірі бейбіт күнде Шымкенттің маңында шейіт болған шекарашыларға да, Алматының түбінде опат болған марқұмдарға да апам шелпек пісіріп, құран оқытты дегенді естідім ауылдастан. Бар қазақтың баласын бауырындай көріп, қайғысына қабырғасы қайысып отыратын қайран менің апаларым-ай... Дүние кең болса да тар көрініп, тарынып жүретін кейбіреулерді көргенде ауыл есіме түседі. Әлде төрт жағынан төрт қабырға қамап, сол тар қапастан басқаны көрмеген соң шығар тарынатындары. Ал ауылдықтардың кеңдігі сол дархан далада жүргендіктен шығар. Қалай болғанда да ауылдықтардан үйренеріміз көп... Ауыл жаман деп күстаналайтындар сол ауылдағы дархан пейілді жандардың мейірімге толы жүректерінен хабары болсайшы... Солардың кеңдігі, солардың дархандығы жұғысты болсайшы, шіркін... Суыт хабарды естісе де былқ етпейтін, шыбын шаққан құрлы көрмейтін кейбір тасжүрек қандастарымды көргенде ауылдағы апаларым есіме түседі... Ауылдағы мамыражай тіршілік кейбір қуыскеуде көркөкіректерге тарының қауызындай болып көрінетіні несі екен?...Бәрібір біз дархандықты, кеңдікті ауылдықтардан үйренуіміз керек-ау осы..."Алаш айнасы", Гүлжан Көшерова