Павлодар облысындағы жол апатынан тағы екі студент қайтыс болды
2014 ж. 16 сәуір
2575
3
Павлодар облысында тепловоз бен шағын автобустың соқтығысуынан жарақаттанған тағы екі студент қайтыс болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақсу ауданының орталық ауруханасына сілтеме жасап.
Дәрігерлердің айтуынша, көлік апаты салдарынан жарақаттанған жас жігіттер өте ауыр халде болған. "Ауруханаға жеткізілген кезде екі жігіт өте ауыр жағдайда болды. Біз оларды аман алып қалу үшін бар мүмкіндікті жасадық. Алайда өкінішке қарай, жас жігіттер қайтыс болды", - дейді дәрігерлер. Еске сала кетейік, 15 сәуірде "Ақсу-Дегелең" жолының 26-шақырымында Ford Transit шағын автобусы тепловозбен соқтығысқан. Апат темір жол үстінен өтетін жерде болды. Соқтығысу кезінде автобус ішінде он адам отырған. Олардың біреуі қаза болып, сегізі түрлі дене жарақатын алып ауруханаға жатқызылған. Автобустағылар Ақсу кәсіптік техникалық лицейінің студенттері екен. Олар Ақсу ферроқорытпа зауытында өндірістік тәжірибеден өтіп қайтып келе жатқан. Жарақат алғандардың бесеуі аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылғаны хабарланған болатын. Тағы екі студент пен 45 жастағы автобус жүргізуші травматология бөліміне түскен. Болжам бойынша, жол апатына тепловозды өткізбей қойған автобус жүргізушісі кінәлі екені айтылуда. Енді бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғау мәселесі қарастырылуда.tengrinews.kz