Қазақстан халқының саны 17 млн 207 мың адам

image73651Қазақстанда халықтың саны 17 млн 207 мың 6 адамға жетті, - деп хабарлайдыTengrinews.kz тілшісі ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайыловқа сілтеме жасап. "2014 жылдың 1 наурызындағы мәлімет бойынша, ел халқының саны 17 млн 207 мың 6 адамды құрады, соның ішінде, қала халқының саны - 9,4 млн, ауыл халқы 7,7 млн адам болды. 2013 жылдың 1 наурызындағы мәліметпен салыстырғанда, биылғы қаңтар-ақпан айларында тұрғындардың саны еліміз бойынша тұтас алғанда 42,4 мың адамға немесе 0,2%-ға артты", - деді Смайылов брифингте. Оның мәліметінше, 2014 жылдың қаңтар-ақпан айларында АХАТ органдары 64,5 мың адамның туылғанын тіркеген, бұл 2013 жылдың қаңтар-ақпан айларымен салыстырғанда, 2,9%-ға аз, бұл 2013 жылдың қаңтарымен салыстырғанда биыл тууды кеш тіркету фактілерінің аздығымен байланысты. Ведомствоның мәліметінше, аталған кезеңде өлгендер саны 22,8 мың адам болған, бұл 2013 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 8,8%-ға аз. Қарастырылып отырған кезеңде республикада 1 жасқа дейінгі 756 сәбидің қайтыс болғаны тіркелген, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда, 9,7%-ға азайған. "Сәбилер өлімінің негізгі себептері - перинаталдық кезеңдегі жағдайлар, олардың салдарынан 2014 жылдың қаңтар-ақпан айларында 404 сәби қайтыс болды, бұл - қайтыс болған нәрестелердің жалпы санының 53,4%-ы", - деді агенттік төрағасы. Смайыловтың айтуынша, 2014 жылдың есептік кезеңінде АХАТ органдары 20,2 мың некені тіркеуге алған. 2014 жылдың қаңтар-ақпан айларында Қазақстанға келген азаматтардың қатары 3,2%-ға ұлғайып, 3313 адамды құраған. Ал елден кеткендердің саны 0,4%-ға өсіп, 2660 адамды құрады, көші-қон сальдосы 653 адам болды. Негізгі көші-қон - ТМД елдерімен арада.

tengrinews.kz