Ақтөбедегі дәрігерлердің салғырттығынан тағы да әйелдер көз жұмды
2014 ж. 14 сәуір
1751
0
Ақтөбе облысы Сазды ауданындағы №3 емханада ем-дом қабылдаған үш әйел бірінен соң бірі көз жұмды. 55 жасар Нұрия Нұрлиеваға, 75-тегі Гүлнұр Шәкіроваға және 84 жастағы Райса Хисматулинаға актовегин дәрісін егіпті.
Қазір адам өліміне қатысты №3 қалалық емхана қызметкерлерін тергеу жүріп жатыр. Ал күмәнді дәріні қолдануға тыйым салынды. Жақында осыған ұқсас белгімен тағы екі адам ауруханаға түсті. Дәрігерлердің айтуынша, жаңадан түскен науқастардың жағдайы ауыр. Ал көз жұмғандардың медициналық құжатында жағдайының жақсы екені көрсетілген. Барлығы да емдеу курсынан толық өткен көрінеді. Кейіннен анықталғандай, бірі учаскелік дәрігердің анасы болып шықты. Емхана қызметкері анасына күндізгі станционардан ем-дом қабылдауға жолдама алып берсе керек. Ал осы емхананың бас дәрігері Жәнібек Нармұхамедовтың айтуынша, арты адам өліміне әкеп соқтырған оқиғаға актовегин дәрісінің қатысы жоқ: «Себебі оны бүгінге дейін біраз адам қабылдады. Бірақ солардың бірде-біреуінің денсаулығы нашарлаған жоқ», – дейді ол. Оның сөзіне қарағанда, осынау дәрі еліміздің өзге емханаларында да кеңінен қолданылады. Тақырыпқа орай: Гауһар Бурашева, химия ғылымдарының докторы: «Еліміз бүгінгі күні дәрі-дәрмектің 90 пайызын шетелден тасымалдайды. Қазақ нарығын, әсіресе, Ресей, Беларусь, Украина, Германия және Қытай дәрілері толтырып тастаған» Салидат Қайырбекова, Денсаулық сақтау министрі: «Ана мен бала денсаулығын қорғау мемлекеттік саясаттың басымдығы болып қала береді. Мақсатты жүргізілген жұмыс нәтижесінде соңғы 5 жылда ана өлімі 3 есеге, бала өлімі 1,5 есеге азайды» (Павлодар облыстық аурухана қызметкерлерімен кездесуіндегі сөзі)"Жас қазақ" газеті