Бауырыңызға "бауырыңызды" бересіз бе?!
2014 ж. 10 сәуір
2152
1
Алда-жалда жол апатынан, не болмаса аяқ асты науқастан қайтыс болған адамның қан тобы, басқа да көрсеткіштері кезекте тұрған адамға сәйкес келді дейік. Біз жедел түрде ол адамға хабар беріп, ол екі өкпесін қолына алып, шашылып-шалдығып орталыққа жетті делік, екі арада алтын уақтымыз зырылдап өтіп жатады. Сол кезде қайтыс болған адамның бір жақыны келеді де, әй-шайға қарамастан, «сойғызбаймын да сойғызбаймынға» салып, туысының сүйегін алып кетеді.
Мәңгілік ел атанатынымызға сенемін!
"Дені саудың мың арманы бар, ауру адамның жалғыз арманы-денсаулық" демекші, басқа ұлттан бөлек, өзіміз дәрігердің алдына жанымыз қысылғанда ғана баратынымыз имандай шындық. Жаның мұрныңның ұшына тірелген заматта қанатымен су сепкен қарлығаштай , кеселіңе шипа берер дәрігер кезіге қалса, Құдайға қой атап, тәубеңе бір келетінің де рас емес пе?!
Көзіміз ашық, көңіліміз ояу отбасы саналғанымызбен, басым қазақтың басындағы осы ахуал біздерді де айналып өтпеген еді. Сол жан алқымнан алған кездерде А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы бір емес, екі рет ауыруымызға дауа болған-ды.
Осыдан талай жыл бұрын темекі түтініне тынымсыз ысталған отағамыздың өкпе кеңірдекшелері кеңейіп, қан қақырып, мүлде мүшкіл халге жеткен-тін. Бұл өзі 90-шы жылдардың басы, Кеңес үкіметі әлі ыдырай қоймаған, алмағайып шақ.
Одақ тарқамаса да, күн көріс қиындаған заман, балалар жас, асыраушымыздан айрылсақ, көрер күніміз не болары белгісіз. «Суға батқан тал қармайдының» керімен жанұшырып, Одақтың Жоғарғы Кеңесінде депутаттықта жүрген жекжатымызға жедел хабарласып, көмек сұрадым. Обалы нешік, қолынан келген көмегін аямай, Мәскеуге алдырмақ-та болған. Сол кездегі Одақтың Денсаулық сақтау Министрі «ауруы асқынған адамды әурелеп қайтесіздер, Алматыдағы ғылыми орталық Новосібір, Мәскеу орталықтарымен терезесі тең, солардан бірде-бір кем емес. Қоңырау шалып, сол жерден емдетейік»,-деп тоқтатыпты.
Десе дегендей-ақ, ота тез арада жасалып, отағасы орталықтың жұмысына тәнті болып, ауруынан айығып, көп кешікпей ел қатарына қосылған еді. Тек баяғы жаман әдетінен арыла алмай, темекіні бертінде ғана қойған. Бүгінгі күні сол ақымақтығына қатты өкініп, жастарға «темекіні бастамаңдар, бастағаның денсаулықты алдырмай тұрып тастаңдар»,-деуден жалықпай жүр.
Жаңа ғасыр жаңалығымен бірге жаңа дертін де ала келді. Бүгінгі күннің жас-баласы компьютер құмарлығының сазайын тартып-ақ жүр. Бұрынғы заманның ойын баласы құлдыраңдап асық атып, доп теуіп ымырт үйірілгенше үй көрмесе, бүгінгілер күні бойы көгілдір экранның алдында сарғайып, одан қалды құлағын құлақ қаппен мықтап тығындап алып, айналадан тарс бекінген күйі қолындағы гаджетіне шұқшиып, уақтылы асын да ішпестен, есіл уақытын өткізіп жатыр.
Садық атам, жарықтық, көріпкел болса керек, сол өткен ғасырдың 60-70 жылдары ертелі-кеш «шырақтарым, осы шишадағы сусынға әуес болмаңдаршы» деп зарлап отырушы еді. Біздер ол сөзді ішімдікті меңзегені деп түсінетінбіз, сөйтсек көреген бабамыз ұрпағына кеселдің шишадағы сан алуан тәтті судан да келерін болжап кеткен екен ғой.
Ертелі-кеш компьютердің алдында қимылсыз отырудан ба, ұйқы қашыратын қуаттандырғыш сусындар (Red Bull) мен кофеден бе, кім білсін, ер жеткен ұлымыздың екі бірей аяғына қан ұйып (тромбоз), аяғын баса алмай, алқынып, ұйыған қан түйіршіктері бірде өкпеге, бірде жүрекке әсер етіп, тағы да сол хирургия орталығына түсті.
Тепсе темір үзетін зіңгіттей жігітті жасы ұлғайған әкесінің қол арбамен итеріп жүргенін көз алдарыңызға елестетіп көріңіздерші, адам баласының басына осындай қасіретті Алла бермей-ақ қойсын,- деп тілеңіздер!
Бағымызға қарай, ғылыми орталық бұрынғы қалпынан ауытқымай, жаңа серпін, жаңа жобалармен қарқынды жұмыс атқаруда екен. Сонау Корей елінен ота жасаудың озық, жаңа түрлерін оқып келген көк тамыр хирургі Әзімбаев Ғалымжанның қолымен Қазақстанда алғаш рет ұлымызға тромболизис отасы жасалынды.
Ұлымыздың дәлдеп келген ажалдан бірінші Құдіреттің, екінші (жаттанды болып кетсе де қайталайын) ақ халатты жаны абзал жандардың күшімен аман қалғанын сонда барып білдік. Шүкір, қазір жағдайы жаман емес, жақында Сеулдың Седжонг госпиталінен келген кәріс профессорі Юн Жын Чой де ұлымызды қарап шығып, отаның оңды жасалғанына куәланды.
Осындай да қызық болады екен, отыз жыл бұрын отағасына осы орталықтың өкпе аурулары бөлімін басқарған профессор Рақышев Ғалымжан атты азамат өз қолымен ота жасаса, ұлымыз да атына заты сай, Ғалымжан есімді жас маманға жолықты. Елпілдеген елгезек жас, сенің де өзіңмен аттас профессордың жолын қууыңа шын ниетпен тілек білдіреміз!
Ұлымыз жазылып, есімізді жия бастағанда бастан өткен зауалды саралап, сараптауға кірістік. Отбасымызбен түгел дене шынықтыру, дұрыс тамақтану секілді оң өзгерістерді қолға алдық. Жанымызды бір емес, екі рет аман алып қалған орталықтың ісіне қайран қалдық. Негізі, елге күндіз-түні тынымсыз қызмет көрсетіп жүрген бұл мекеменің тыныс-тіршілігі өзгелерден өзгеше. Бұрындары солай болатын, әзір де басты өлшемдері өзгермеген.
Бас дәргерден бастап дәрігер, медбикелерді былай қойғанда, дала сыпырушы, күзетшісіне дейін келген адамның көңілінен шығуды көздегендей. Бәрі бірдей ілтипатты, кішіпейіл, әрбірі өз ісінің маманы, қызметін құлшына атқарады. Өзгеге қалай көрінетінін қайдам, орталықтың қызметі өзіме жақсы реттестірілген адам ағзасын елестетеді. Денеңде бір мүше, не бір жүйенің жұмысы нашарлай бастаса, бар тәнің зардап шеге бастайды емес пе, осыны жақсы білген бұл ұжым өз жұмысын швейцар сағатындай нақтылап қойған іспетті.
Жақында орталықтың бас директоры, РМҒА академигі Жеткерген Әнесұлы Арзықұлов мырзамен сұхбаттасудың да реті түсті. Осы мекемеге деген өз алғысымды білдіре отырып, институт басшысын орталықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы әңгімеге тарттым.
Жеткерген мырза өзі басқарып отырған ұжымның әркез медицина саласындағы озық жетістіктерге ұмтылатынын, Елбасымыздың үндеуімен алдыңғы қатарлы дамыған елдің қатарына қосылу үшін денсаулық сақтау жүйесінде нендей жетістіктерге қол жеткізулері керектігін атап өтті.
Ғылымы жоқ, медицинасы дамымаған елдің болашағы жоқ, деп бір тоқталды, өйткені адам ресурстарына тапшы қоғам өзгеге жалынышты, бағынышты болады. Осыншама жерге, кенге бай еліміз азаматтарының санын, денсаулық сапасын арттырмай, экономиканы дамыту мүмкін емес.
Бүгінгі таңда біздер қолға алып, үлкен үміт күттірген медицинаның озық саласы-транспантология, демек, адам ағзасын алмастыру. Экология дейміз, экономика дейміз,оның ішінде өзімізге деген немқұрайдылығымыз да бар, азаматтарымыздың денсаулығы сын көтермейді.
Бүйрек, жүрек, бауыр алмастыруды қажет ететін адамдардың саны жылдан-жылға көбею үстінде. Қазірдің өзінде кезек күту парақшасының тізімінде (лист ожидания) 3 000 адам кезекте тұр.
Орталықтың транспантология бөлімшесі 1979 жылы ашылған. Содан бері 600 астам бүйрек, 11 бауыр, жүрек-1 рет алмастырылды, тамыз айына өкпе трансплантациясы жоспарланып отыр.
Өздеріңіз салыстырып көріңізші, бүйрегі жұмыс істеуден қалған науқас, медицина тілінде диализ деп аталады, айына үш рет аппаратпен қанын толық тазалауға мәжбүр. Жаны мен тәнінің қиналғанын былай қойғанда, ол адам не отбасына, не қоғамға тұщщымды пайда келтірмесі анық.
Ал бүйрегін алмастырған азамат толыққанды өмір сүріп, еңбекке араласып, отбасының нәпақасын тауып беруге де жағдайы келеді. Бұл өзіне де, еліне де тиімді ме, әрине, тиімді! Орталық айналдырған үш жылда Европа жүріп өткен жолды қайталай алды, алайда, әр миллион тұрғынға шаққанда, бұл көрсеткішіміз өте аз!
Жоғарыда атап өткенімдей, транспантологияға сұраныс орасан зор, Үкімет, Министрлік қолдан келген бар көмегін бізден аяп жатқан жоқ, қаражат та жеткілікті. Операция ақысыз-пұлсыз жасалады.
Тек біздегі қат дүние, алмастырылатын адам ағзалары. О баста дене мүшесін ауыстыруға халықтың көзқарасын «оң» деп атауға болмас еді, бұл күні бұл жағдай да түзеліп келеді. Біздің сараптама, зерттеулеріміздің нәтижесі қала тұрғындарының трансплантацияны түгеледей қолдайтынын, ал ауыл жұрты әлі де секемдене қарайтындығын көрсетті.
Оның өзінде де, тікелей туысқан аралық алмастыруға емес, қайтыс болып кеткен адамның дене мүшесін алуға қарсы шығып жататындары бар.
Қазақтай бауырмал халық жер бетінде кемде-кем шығар, келген қонағына төрін ұсынып, тентіреп келген бөтен елге құшағын талай рет айқара ашқан елміз. Ойланбастан туысына етінен ет кесіп беруге дайын тұрады-ау, шіркіндер!
Алдын-ала тексеруден өтіп, медициналық көрсетілім бойынша науқаспен ағзалары сай келетінін білген кезде қуанғаннан көз жастары көл боп аққанын көрудің өзі біз үшін бір ғанибет.
Және де бұл тек қазаққа ған тән қасиет деп, шындыққа қарсы шықпайын, біздің орталықта қазақ күйеуіне бауырының бір бөлшегін берген орыс келіншек те бар. Шүкір, ота оңды шығып, қазірігі күні ерлі-зайыптылар ел қатарлы өмір сүріп жатыр.
Бірақ, айтайын деген ойымнан ауытқып бара жатыр екенмін. Жаңағы айтылған кезекте тұрған 3 мың адам науқасына дауа күтіп, зарығып, әр күнін үмітпенен өткізері анық. Еліміздің ұлан-ғайыр көлемі осындайда кедергі келтіретіні де бар. Алда-жалда жол апатынан, не болмаса аяқ асты науқастан қайтыс болған адамның қан тобы, басқа да көрсеткіштері кезекте тұрған адамға сәйкес келді дейік. Біз жедел түрде ол адамға хабар беріп, ол екі өкпесін қолына алып, шашылып-шалдығып орталыққа жетті делік, екі арада алтын уақтымыз зырылдап өтіп жатады. Сол кезде қайтыс болған адамның бір жақыны келеді де, әй-шайға қарамастан, «сойғызбаймын да сойғызбаймынға» салып, туысының сүйегін алып кетеді.
Бізді қойшы, дабыл қағылған мезеттен солдатша сақадай сай тұруға, ота жасау бөлімін сол мезетте мұздай дайындап қоюға әбден машықтанып алғанбыз ғой. Осының бәрі қыруар еңбек екенін былай қойғанда, жаңағы арып-ашып, жүрегіне үміт ұялап келген науқасымызға шынымен де обал! Ол орталыққа қуанып келіп, «ендігі донор табылғанша кім бар, кім жоқ» деп, қайғырып, қан жұтып қайтады.
Бұл тұрғыдан, әрине, елдің бұл жағдайға көзқарасын өзгертуге бұқаралық ақпарат көздері, құқық қорғау саласы мен дін өкілдері жұмыла ат салысып, оң бағыт бергені абзал. Қазақстанда заң жүзінде транспантология мәселелері заңдастырылып, ал Батыс елі, христиан шіркеуі де бұл үрдіске ежелден қолдау көрсетіп келеді.
Осы мәселеге байланысты біздер Қазақстан мұсылмандарының Діни Басқармасына сұрау салып, 2013 жылдың шілде айында МҚБД Шариғат және пәтуә бөлімі келесі пәтуә шығарды:
1. Дене мүшесін ауыстыруды донордың көзі тірісінде берген келісімі бойынша жасауға рұқсат беріледі.
2. Бұл ағза не ұлпа медициналық тұрғыдан басқа адамның өмірін аман алып қалып, не болмаса сақтап қалуы тиіс.
3. Дене мүшесі Шариғат бойынша марқұм қайтыс болған болып саналған соң алынуы тиіс.
4. Ағзалар сатылып, не болмаса сатып алынбауы тиіс.
Ислам дінінің осы заманғы араб ғұламалары ағза ауыстыру туралы: «Мұсылмандарға көзі тірісінде өз ағзаларын, жүрек, бүйрек, өкпе, т.б. донорлыққа жаратуға өсиет қалдыруына рұқсат етіледі. Тек дене пішіні жаназасын шығарып, мұсылман зиратына қоятындай болсын.
Егер де мұсылман көзі тірісінде өз қалауымен мұны жасаса, сол қайырымды ниеті үшін оған Алладан рахым болады. Өйткені өзге адамға пайдасы тиіп, зияны болмайды»-, деген екен. Діни Басқарманың оң көзқарасы науқастардың дертінің шипасы болар ағза ауыстыруға жаңа дем, соны серпін береді деп ойлаймын,-деп Арзықұлов мырза өз сөзін аяқтады.
Екі бірдей азаматымның жанына араша болған ғылыми орталықтан мен екіұдайы оймен оралдым... Бір жағынан-«қазақта тірісінің аманы жоқ, өлгенінің жаманы жоқ»,-десек те, әруақты қатты сыйлаған халықпыз, мәйіттің ағзасын алу... толғандыратын-ақ сауал екен. Ал, екіншіден...
Осыдан бірталай жыл бұрын «Панорама» газетінде ғой деймін, өзім үшін саулнамаға жауап бергенім бар. Сондағы бар сұраққа жауапты мүдірмей беріп, «Сіз неден қорқасыз?»,-деген сұраққа қатты толғанғаным бар.
Расымен, осы мен неден қорқамын? Үй-жайым, бала-шағам бар, қол-аяғым балғадай, шүкір, орта жасты орталап қалғанда мен неден қорқуым керек? Жазмыштан озмыш жоқ, демекші, маңдайға жазғанға көнбеске амалың жоқ. Өмір болған соң өкініш те, арасында уайым-қайғы да болып тұрады, ақырын берсін де...
Ал, ажалдан қорық-қорықпа, тал бесікке тиген жамбасың табытқа да тиеді демекші, шүбәсіз дүниеге мойынсынғаннан басқа шараң бар ма? Шынымен де, мен осы неден қорқады екенмін? Көп қиналып жүріп, өз басымның қамынан алшақтап, ұсақ-түйектен алыстап, ауқымдырақ саралағанымда барып, жауабы айқындалды-ау, әйтеуір.
Мен дүниеде бір-ақ нәрседен қатты қорқады екенмін. Менің жанымды шын қинайтын жалғыз уайым һәм қорқыныш - ұлтымның, тілімнің болашағы екен. Сан ғасыр бойы сайын даланы дүбірлеткен қазақ деген халықтың ұсақталып, жер бетінен жойылып кетуі екен.
Сабыр Адайдың жүрегін жарып шыққан «Әр қазақ-менің жалғызым»,-деген сөзі мен үшін жәй ұран емес. Мен ұлтымның жарқын болашағын көксеймін, санымызға қоса сапамыздың өсуін қалаймын. Сондықтан, «Адам капиталы» деген мен үшін есеп беру кестесінің бір графасы емес. Ол – жер бетіндегі ең керемет, орасан байлық деп санаймын.
Дүние жүзінің өзге әскерінде мұндай ереже бар-жоғынан бейхабармын, әй, жоқ та шығар, ал Израиль әскерінің қағидасында, алда-жалда израиль жауынгері жау қолына түсе қалса, өз басын арашалап қалу үшін кез-келген әскери құпияны жариялауға құқы бар делінген екен. Міне, еврей азаматының құны өзге дүниенің бәрінен де қымбат, бәрінен де жоғары екендігінің дәлелі!
Қарақан басымның қамынан бастап, іште жүрген талай ойым мен сырымды алдарыңызға жайып салдым, айыпқа бұйырмаңыздар. Ал енді, сөз соңында әңгімемді «ал Сіз, көзі қарақты оқырман, бауырыңызға бауыр етіңізді берер ме едіңіз?»,- деген сұрақпен аяқтағым келді.
Маруана Хамзақызы