Орта бизнестің ойсыраған орны қашан толады?
2014 ж. 09 сәуір
1653
0
Бизнесті әуеліде-ақ алып-сатарлық деп ұғынған басымыз сол қарабайыр түсініктен әлі мүлдем арыла қойған жоқ. Сондықтан да елде бұл күні кәсіпкерден гөрі коммерсанттық жақсы дамыған. Олай емес десеңіз, неге балаларымыз қытайдың, болмаса түріктің киімін киеді? Неге ендеше сіз бен біздің үстімізде Бішкектің көйлегі? Ішіп-жеміміз Ресейдің фабрик-комбинаттарынан. Толқымалы тоқсаныншы жылдары ауыл-ауылды аралап, арақ, сабын, сағыз, шоколод сатқан коммерсанттардан бүгінгі бизнесмендеріміздің асып кеткенін астындағы көлігі мен отырған кеңсесінен ғана көруге болады. Ассортименті ауысты, әрине. Қазір сағыз, шоколад емес сататындары. Одан ірірек. Мүмкін киім-кешек, мүмкін, құрылыс материалдары, мүмкін жиһаз, мүмкін көлік. Бәрібір. Бөтендікі оның бәрі. Өзіміздікі емес. Өзіміз өндірген өнім - аз. Қосылғыштар өзгергенімен қосынды өзгермеді.
Осыдан біраз бұрын Мәжіліс депутаты Азат Перуашев елде шағын және орта кәсіпкерлікке қатысты пікірін білдірді. Сонда дептут қазіргі таңда елде шағын және орта кәсіпкерлік деп қатар аталғанымен, орта кәсіпкерліктің қалыс қалып жатқанын айтты. Яғни, барлық назар шағын кәсіпкерлікке ауып, орта кәсіпкер дамымай келеді. Ол орта кәсіпкеріміз кім сонда? Ол бізді киіндіру, ішіндіру, барымызды ұқсатуды мойнына жүк етіп алған ұйымдар болуы тиіс. Дегенмен, көріп отырғанымыздай, ондай шоқпарды алып жүретіндей емес. Шағын кәсіпкерліктегілер алып-сатудан бастап, аграрлық саладағылар десек, одан кейін ол аграршылардын алғанын ұқсататын орта жоқ. Демек, орта кәсіпкерліктің орны ойсырап тұр.
Жалпы, бүгінде елімізде 1 млн-ға жуық бизнес субъектісі бар екен. Онда 3 млн-ға жуық халық нәпақасын тауып отыр. Алдағы уақытта шағын кәсіпкерлік мемлекеттік қолдаудан кенде болмайды. Дәлірек айтсақ, Елбасының тапсырмасымен 1 триллион теңге қаржы бөліну көзделуде. Бұл қаржы шағын кәсіпкерлікті қолдауға жұмсалмақ. Жөн-ақ. Кәсіпкерлер үшін жағымды жаңалық. Бірақ орта кәсіпкерлікке бұдан тиер енші қаншалықты? Оны уақыт көрсетер. Әйткенмен, бұл күнгі орта кәсіпкерліктің аяқ алысы шағын мен ірі кәсіпкерліктің арасында жұтылып кетердей ғана. Себебі, жалпы ішкі өнімдегі үлес салмағы – 10 пайыз ғана небары.
Мысалы, Экономикалық зерттеу институтының зерттеулері шағын кәсіпкерлік субъектілерінің орта кәсіпкерлік субъектілеріне қарағанда өнім шығаруы 48 пайызға артықтығын көрсеткен. Сонымен қатар, бұл зерттеу орта кәсіпкерлік өнімінің кейінгі жылдары әлсін-әлсін дамып келе жатқандығын да көрсетіпті. Бірақ шағын бизнестің үлесі әлі де қомақты екенін жоққа шығармайды.
Жалпы шаруашылық субъектілері бойынша шағын кәсіпкерлердің үлесі 93 пайызды құрайды екен елімізде. Алайда, ЖІӨ келгенде кәсіпкерліктің үлесі өте аз. Небары 20 пайыз шамасында. Бұл дамыған елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Мәселен, шағын кәсіпкерлердің үлесі Германияда -57 пайыз, Ұлыбританиыда -52, АҚШ-та – 52, Францияда -50 пайыз.
Қазақстандағы ЖІӨ-дегі қомақты үлесті ірі бизнес иеленетіні де жасырын емес. Оның қоржынында -70 пайыз. Сонда өзіңіз есептей беріңіз. 20 пайыз шағында, 70 пайыз – іріде болса, қалған 10 пайыз ғана – орта кәсіпкерліктің еншісінде. Ал белсенді шағын кәсіпкерлік субъектілерінің санына шаққанда олардың үлесі 1,2 пайыздан әлі асқан жоқ.
Бұдан кейін орта кәсіпкерлік қарқын алып келеді деудің қисыны келе қоймайды. Сондықтан да сөз басында орта кәсіпкерлік бізде жоқ деп аузымызды қу шөппен сүртіп отырғанымыз. Өйткені, сандар солай сөйлеп тұр. Тоқсаныншы жылдардан бері елімізде шағын бизнесті дамыту бағытында алты мемлекеттік бағдарлама қабылданыпты. Бұл шағын бизнестің үнемі мемлекеттің шапағатын көріп келе жатқандығының көрінісі. Бірақ орта кәсіпкелік емес.
Мемлекеттік қолдау арқылы шағын бизнес орта бизнеске көтерілуге ұмтылуы керек логика бойынша. Әйтсе де, шағын бизнестер мемлекет қамқорлығынан соң қаншалықты орта кәсіпкерлік деңгейіне жете алды? Бұл әлі де шешімі жоқ теңдеу. Топшылауымызша, жеткенінен жетпегені көп. Олай емес деген жағдайда, орта кәсіпкерліктің үлесі жоғарыдағы көрсеткіштен әлдеқайда артық болар еді.
Қазіргі таңда біздің кәсіпкерлік саласы қоғамдағы бай мен кедей сияқты. Яғни, осы күні қоғамда өте бай және кедей адам бар. Орта тап жоқ. Бар болса да, азын-аулақ. Кәсіпкерлік те сондай кеп. Ірі кәсіпкерлік бар. Олар «талғамай жұтсам, қылтаныны тамағыма қадалар» деп ойламайтын ірі, азуы алты қарыс компаниялар. Одан соң бар тапқаны ішім-жемін айыруға жететін, не өспейтін, не өнбейтін шағындар. Орта, өкінішке орай «ортамызды» толтыра алмай жүр. Ал ол қалай шешімін таппақ? Бұл енді құзырлы орындардың тағы бір 5-6 жыл отырып, ұза-а-ааақ ойналуын қажет ететін мәселе. Тек оған дейін орта кәсіпкерлер ұсақ-ұсақ шағынға шашылып қалмаса дейік...
Азат ПЕРУАШЕВ, «Ақжол» партиясының жетекшісі:
–Президент шағын және айрықша айтамын - орта бизнесті қолдауға бағытталған нақты шараларды жүзеге асыруды тапсырса да, үкіметтік құрылымдар мұндай мүмкіндіктерді шағын бизнес өкілдеріне ғана көрсетіп, орта бизнес жайлы естігілері де келмейді. Салық кодексі болсын, мемлекеттік сатып алулар туралы заң, «Жеке кәсіпкерлік туралы» салалық заңда, қандай да бір қолдау шаралар қарастыратын басқа да заң актілеріне енгізізілген жекілдіктер тек шағын бизнеске ғана арналған.
"Алаш айнасы", Қызғалдақ Айтжанова