Жыныс ауыстыру да – ғасыр індеті

3
3512

Құрсаққа біткеннен әрбір нәрестенің маңдайына қандай жыныста болатыны жазылады. Жаратушы иеміздің бұл құдіретіне ешкім де шек келтіре  алмас, сірә. Жарық дүние есігін ашқаннан кейін әркім өзінің өмір жолын таңдай бастайды. Оны әркімнің өзінің еркі деп қараймыз. Десе де біздің күнделікті өмірімізге қиғаш келетін жағдайлар бойынша ғұмыр кешетін жандар да баршылық. Мұндай көріністерді қазір көзіміз жиі шалатын болып барады. Жалпы, ер мен әйелді бір-бірімен ұрпақ көбейту үшін әу баста екі жынысты етіп жаратты емес пе?  Дегенмен, мұндай жағдайға өзгеше қарайтын пенделер де кездесетін болды. Өйткені, қазір әлемде еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің бір-бірімен төсек қатынасына түсуі қалыпты жағдайға айналып бара жатқан секілді.  Қазақстанда ше? Біз есік-тереземізді бекітіп, ешкіммен қатыспай отырған жоқпыз ғой. Қоғамға жат сондай көріністер бізде де кездеседі. Тіпті, оның кеңінен етек жайып бара жатқаны алаңдатады. Тағы да кеселге айналған кесапаттың бірі – кейбір адамдар жаратылыстың заңына қарсы келіп, өзінің жынысын ауыстыруға ықылас танытып жатқаны.

Қазақы қалпымызға салып «Оның бетін әрмен етсін» дегенімізбен, мұндай жағдай күнделікті өмірде кездесіп жататыны белгілі. Онымен әлем жұртшылығы да күресуде. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда оған қолдан келетін дәрмен табылмай тұрған жайы бар. Тіпті, жер жүзінде ондай келеңсіз көрініске қатал қарайтын елдердің өзі ешқандай амал таба алмай, бас шайқап отырған жағдайы бар. Рас, біздің қазақ үшін жыныс ауыстыру дегеніңіз азғындық өмірдің бір бейнесі деп саналады. Күнделікті өмірде ондай адамдарға ортадан орын беру түгілі, жақын жерде жүруіне тыйым салатыны анық. Бірақ, қалай десек те, келеңсіз көрініс біздің ыңғайымызға бағынбай бара жатыр деуге негіз бар.

Медицина тілінде жыныс ауыстыруды транзишен деп атайды. Ағылшын тілінен тәржімалағанда «трансформация» өту дегенді білдіретін көрінеді. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарына дейін мұндай жағдайға әлемнің барлық елінде қатаң тыйым салынды. Тіпті, оны естігенде жұрттың көпшілігі қынжылыс білдіретін. Осындай қарсылықтарға қарамастан Марокконың Касабланка қаласында адамзат тарихында алғаш рет жыныс ауыстыру операциясы өткізілді. Бұл мәселе жер жүзіндегі жұмыр басты пенделер арасында кеңінен талқыланып, оған қарсылық білдірген жұртшылық қатары көбейген еді. Соған қарамастан мұндай өзгеріске ниет білдірген адамдар саны азая қойған жоқ.

Еуропа елдерінде де мұндай өзгеріске ұшыраған адамдар саны көбейе түсті. Осының салдарынан олар адамзат қоғамына жат келетін құбылысқа құлық танытып, оған үнсіз келісуден өзге амалы қалған жоқ. Бүгінгі таңда әлемде Германия жыныс ауыстыру операциясы жөнінен алдыңғы қатарға шығып отыр. Әрине, оның бағасы да арзан емес. Алайда, өзінің жаратылысына көңіл толмаған кейбір жұмыр басты пенделер оны да елең етпестен еркектен әйелге, әйелден еркекке айналып жатады. Мұндай операциялар АҚШ-та да жасалады. Онда еркектер үшін біршама арзандау, қалтаңда 40 мың долларың болса жетіп жатыр. Ал әйелдерге 80 мың доллар шамасында қаржы шығындауына тура келеді.

Осыдан кейін бірден жынысты ауыстырып бітемін деу бекершілік екен. Өйткені, бұл нәрсе өте күрделі жағдай екен. Ол бірнеше кезеңнен тұрады. Атап айтқанда, олар гормондық жағдайларды тұрақтандыру, хирургиялық ота, сұранысқа сәйкес беті мен денесіне өзгеріс енгізу, жеке бастарының құжаттарын реттеу секілді сан алуан жұмыстарды атқарып шығу мәжбүр. Бұған кем дегенде екі жыл болмаса одан да көп уақыт қажет етіледі. Осының барлығына қалтаңдағы қаржың жеткілікті болуы тиіс.

Бұл жағдай біздің елімізде қалай өрбіп отыр? Бірқатар дерек көздеріне сүйенсек, жыныс ауыстыру Қазақстанда да заңдастырылған. Еліміздегі «Халық денсаулығы туралы және Денсаулық сақтау жүйесі» кодексінде «Психологиялық дертке шалдықпаған жаннан өзге жыныстық күйзелістегі тұлға жынысын өзгерте алады» деп жазылған. Осылай дегенмен біздің елімізде жынысын ауыстыру туралы мәліметтер мүлдем айтыла бермейді. Рас, біздің қоғам мұндай нәрсені қабылдай алмайды. Өйткені, біздің елімізде тұратын ұлт пен ұлыстың дені имандылыққа ұйыған мұсылмандар екені белгілі. Сондай-ақ, ежелден-ақ ата-бабамыз жүрген салт-дәстүрден алшақ кетіп көрмеген қазақ үшін ондай ұғым мүлдем санасына кіре қоймайды. Бірақ, қалай айтсақ та, ортамызға дендеп бара жатқан құбылыстан біз бойымызды қалай аулақ ұстай аламыз?

Қытай елі де мұндай жағдайға еріксізден бас шұлғып отырған секілді. Ол бұл елде де заңдастырылыпты. Сол елдегі мерзімдік басылым беттерінде жазылған мәліметтерге көз жүгіртіп көрсек, өзінің жынысына көңілі толмаған, оны ауыстыруға бел байлаған адамның жасы кем дегенде 20 жастан асуы талап етіледі. Оған қоса психологиялық өзгерісі кем дегенде бес жылға жуық жанын жегідей жеуі керек екен. Осындай қиындыққа душар болған адам жынысын ауыстыруға мүмкіндік алады. Назар аударатын жағдай, соңғы бес жылдың көлемінде аталмыш елде 2000-нан астам адам қытайлық азамат шетелдерге барып, жынысын ауыстырып қайтқан. Осы деректердің өзі көп нәрсені аңғартады. Әйтпесе, Қытайда көптеген заңдар қатаң болып келеді. Олар амалсыздан осындай қадамға барып отырған жайы бар.

Не керек, бүгінгі таңда әлемде кезінде адамзат баласы үрке қарайтын көптеген жағдайларға байланысты бірқатар шешімдер қабылданып жатыр. Соның бір бөлігі Қазақстан да одан ешбір бөлек қала алмайды. Бұл жөнінде біздің елімізде зерттеу жүргізіп жүргендер бар ма? Бұл сауал бәрімізді ойландырады.

Біздің ұғымға салсақ, жаратылыс заңына қарсы келу азғындықтың белгісі ретінде саналады. Осыған қарамастан мұндай құбылыстың кеңінен етек алып бара жатқаны алаңдатады. Оның деңгейі қандай? Осы жағына маңыз беріп отырғанымыз артық емес. Ертең бармақ тістеп қалып жүрмейік…

Әділжан Үмбет, «Алаш айнасы»

3 ПІКІРЛЕР

  1. Әрине, азғындық. Солар ертең не еркек не әйел емес болып қалады. Өзегін жарған балаға да қабілетті болмайды. Жаратылысты: жынысты, мінезді, бағдарламаны, дауысты, жүрісті өзгерту мүмкін емес. Әдемі көріну үшін ғана не істелінбей жатыр. Тіпті көрікті, әп-әдемі адамдар да одан гөрі жақсы болуға ұмтылады бұл дұрыс. Бірақ Жаратушы о баста бергенді өзгертем аспан мен жер арасында не өлі не тірі емес жағдайда қалып шыбын жаны шырқыраған пенделерден сақта, Құдай.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз