Еркектің диванмен дос болғанына әйел кінәлі ме?
2014 ж. 01 сәуір
3513
1
Арасынан батыр да, ақын да шыққан қазақ әйелінің бүгінгі бет-бейнесі, тыныс-тіршілігі қандай? Біреу жайлы деп, біреу майлы заман деп, енді біреу нарық қарық қылған жоқ деп жылап жүрген бүгінгі заманда қазақ әйелі қалай күн көріп жүр?
Билік эшалонында гендерлік көрсеткішке көрік беріп жүрген ханымдар турасында емес әңгімеміз. Олигарх күйеуінің арқасында үлде мен бүлдеге оранып, «келер жолы шетелдің қайсысына барып дем алсам екен?» дегеннен артық «қайғысы» жоқтар туралы да емес. Айтпағымыз қарапайым ғана қазақ әйелі турасында. Олардың басым бөлігі бүгінде жанбағыстың жарапазанымен жүргені жасырын емес. Күйеуі ақ майын аузынан ағызып асыраса демографияға дүркіретіп тұрып үлес қосар да еді. Бірақ жұмыссыздар армиясының қатарын көбейтіп үйінде жатқан оны балаларымен қосып асырамасқа еш әддісі жоқ. «Қара қазан, қара бала қамы үшін...» бұрын емес бүгін мойнына артылған ақжаулықтылар жанбағыс қамымен жұтылып кетпей бала да бағып, жұмыс істеп, нәпақа да тауып жүгіріп жүр. Таң атқаннан күн батқанға дейін бір тыным таппайтын қазақ әйеліне қайран қалмасқа амал кем. Расында бәріне қалай үлгереді? Байқап көрейік: Таңғы 6-да тұрып, жуынып, киініп, өзін-өзі ретке келтіреді. Егер бір сағат қосымша ұйықтаса ұйқысы қанар-ау бірақ жұмысқа шашы дуда- дуда боп боянбай, боп-боз болып баруы мүмкін. Осы аралықта сүрлігіп жүріп таңғы тамақты дайындап үлгеруі тиіс. Балаларды оятып, жуындырып киіндіріп, тамақтандырып бірін балабақшаға, бірін мектепке апарып үлгереді. Сосын ғана жұмысына кетеді. Түскі үзілісте баласын мектептен алуы керек, аулада қаңғып кетпеуі үшін бірін би үйірмесіне, енді бірін боксқа апарып тастауы керек. Кешкісін үйге сүйретіліп жетеді. Жетегінде бір-екі бала, қолында азық -түлік толы сөмке. Әкелген азықтарын сөрелерге, мұздатқышқа жайғастырып болған соң екі қолы кәстрөлге жармасады . Кешкі тамақты тез-тез дайындауы қажет. Тамақ дайын болғанша үй ішін жиыстырып үлгереді. Арасында сериал көріп үлгеретінін қайтерсіз? Тамақтанып болған соң балалардың сабағына қарайды, ертеңгі күйеуінің тамағын дайындап мұздатқышқа салып кетуі тиіс (егер ол ерінбей ысытып жей алса). Балаларын шомылдырып, ұйықтатып енді өзіне көңіл бөлуге уақыты жетпей қалады. Көзіне ұйқы тығылып отырып киім үтіктейді. Ертеңгі керек жарағын дайындайды. Енді төсекке жанбасы тигенде ерігіп жатқан ері қолын жүгіртеді. Оның да көңілін табуы тиіс. Қыдырып кетуі мүмкін...Солақай жүріске салынып кетуі мүмкін... Демалысқа да сүйретіліп зорға жетер-ау. Қазекемнің той-томалағы таусылған ба? Аптаның екі күні қонақ шақыру мен қонаққа барудан артылмайды. Көзін тырнап ашқаннан жұмыс күні басталады. Осылайша күн артынан күн, ай артынан ай аунап өте береді. Бумеранг құсап... Жұмыс арасында әйтеуір уақыт тауып бітпеген шаруаларын бітіріп алады. Ұжымдағы әйелдермен де, ара арасында телефонмен де өсек айтуға да үлгереді. Соңғы жаңалықтардан қалып кетсе ұят қой. Бәріне үлгереді-ау. Ал еркектер ештеңеге неге үлгермейді екен? Жұмыс істеп бала-шағасын асырап жүрген еркектерге айтар әңгіме жоқ. Ал әйелінің мойнына масыл болып отырғандар да жоқ емес қой. Әйел бір емес екі-үш жерде жұмыс істейді. Үйінде баршылық болсын деп . Ал бұл уақытта екінші жартысы жалпақ диванда жантайып жатып алып теледидар қарайды. Кімнің жыны шықпайды мұндайда. Әсіресе басына тартса аяғына, аяғына тартса басына жеткізе алмай жүрген жанның ашуы мұрнының ұшында тұратыны рас енді. Тепсе темір үзетін еркектің диванмен дос болып алып аяғын аспанға көтеріп жатуына не себеп? Айтатын уәждері тым ұқсас: «мына заманда жұмысты қайдан табам?», «айлығы аз, жолгүрем мен темекімнен де артылмайды», « тиынға істейтін ақымақпын ба», «ауырып жүрмін», «ақшам көп болса өз кәсібімді ашар едім». Бұл еріншек еркектердің «ертегісі». Сол көп ақша табу үшін де тер төгу керек емес пе? Әлде сол көп ақшасы барлардың бәріне алтын балық жолығып па? Мұндайда әйел байғұс байы үшін емес, баласы үшін жұмыс істеп жүрмін деп өз-өзін жұбатып жұмысына жөнеледі. Күн сайын, аяз да да, аптап ыстықта да, ауру болса да, сау болса да жұмыстан қалмауға тырыс ады. Жұрт жұмыс таппай жүргенде бастығының қабағы қатулануы мүмкін, мұның орнына басқа біреуді алып қоюы мүмкін. Осындай үреймен жүріп бәріне үлгеретінін қайтерсіз?! Күн, түн демей тынбай тірлік жасайтын әйелдердің күнделікті тіршілгі де тым ұқсас... Ал ері ештеңеге үлгермейді. Тағы да әйеліне көңілі толмай сөйлейтінін қайтерсіз. Қарап отырсақ осының бәріне әйел кінәлі сияқты. Қалайша дерсіз? Бәріне өзі жүгіре бермей бір ауық күйеуін де жұмысқа жегіп қойса болады ғой. Мұндай әйелдер өзінің күйеуі тұрмақ болашақ отағасы- балаларын да осындай масылдыққа үйретеді екен. Өмірдің бар ауыртпалығын бір өзі арқалай бермей жарты жүкті күйеужанға да аударып қойған дұрыс іспетті. Бір өзі, тек қана бір өзі жүгіре беретін әйел биік жетістікке де жетер. Бірақ өзінің ертеңгі күнгі келінінің мойнына мініп отырар ұлды өсіріп отырғанын байқамас та-ау. Жатыпішер, нансоғар емес пе балаңыз? Байқап қойыңыз. Әкесінен көргені сол ғой. Өйткені...
Енді бүгінгі қазақ әйелін бірнеше топқа бөліп қарастырайық:
Бизнес-бикеш. Бизнес ледиді қазақшалағандағы түріміз. Тіпті жалпақтілге салсақ – кәсіпкер-келіншек. Орысшасы сияқты «заумный» болмағанымен құлаққа қонымды. Кәсібін де, нәсібін де осы саладан тауып, бір өзі бір ауылды асырауға шамасы жететін нәзікжандылар жетерлік. Ошақтың үш бұтына қарап қалмай кәсіп түрін ашып, өз отбасын ғана емес, бірнеше адамның отбасын қоса асырап отырғандары да бар. Өмір опа далап жағып, боямалап қоятын әдемі әйелдей керемет емес. Соны ертерек түсініп, қиындығына төзіп, ауыртпалығын әлсіз иығымен көтеріп алып, қасқая қарсы тұрғандар ғана жеңетіні сөзсіз мына заманда. Сондықтан да ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді деген қағидаға қарсы шығып, бірде жеңіп, бірде жеңіліп, бірде ұтып, бірде ұтылып, сонда да алға ұмтылып жүрген орамалдыларға қалай разы болмассың?!
Бала бағушы мен үй күтуші
Олардың да еңбегі орасан. Көзге көрінбейтін әрі ешқашанда мақтауға ілікпейтін ауыр жұмыс қой расында. Азаннан кешке дейін үй жинап, тамақ пісіріп, арасында баласын да бағып үлгерсе де күйеуінен «не бітірдің?»-ді күнде еститін де солар. Күйеуі күреп таппаса да отбасын тарықтырмай асырап отырған соң «үй ханшайымы» болып отырғандар азшылық. Мұндай бақыт кез-келгеннің маңдайына бұйыра бермейді.
Орта тап
«Құдай жүгірте алмаған сиырды бұзауы безек қақтырады» дегендей қымбатшылық жағадан алған заманда күйеуінікіне қосымша болсын деп зыр жүгіріп жұмыс істеп жүргендер көп. Жұрт қатарлы жалақы алып, аштан да өлмей, көштен де қалмай өз арбасын өзі сүйреп жүрген жанкештілер де жоқ емес арамызда. Жоғары жалақылы жұмыс тапса қанекей, оны кім бере қойсын, әйтеуір жұтылып кетпеудің амалы да. «Заманың қалай болса, бөркің солай» деген... Өкімет өлтірмейдінің заманы өткен. Алашапқын кезеңде әйтеуір өлместің күнін кешіп, аз-маз ақшаның өзін қанағат тұтып жүрген бір жұрт.
Сонымен қазақ әйелінің бүгінгі бет-бейнесін ашқандай болдық там-тұмдап. Алып қосарыңыз болса мархабат... Қалай болғанда да, қандай заман болғанда да елдің тыныш, жұрттың аман болуын тілеп, қандай қиындық болса да қасқайып қарсы тұрып, бір иығымен көтеріп алған қазақ әйелі қандай мақтауыңызға да лайық.
Гүлжан Көшерова