Айтыстың есерленген эстрададан еншісі бөлек...
2014 ж. 27 наурыз
4516
1
Қазақ айтыс өнері халық кәдесіне жарап, сөз өнерін ел мұратын үшін қызмет еткізіп, елдің еңсесін көтеріп, ердің егесте есесі кетпеуі үшін айбатты болуға табысы зор. Кешегі көшпелі өркениетте заң мен биліктің шындығын айтып, көшпенділер демократиясы болған - айтыскерлер.
Бірақ ол кездегі айтыс саяси сөз өнеріне айналған жоқ. Ол кезде халықтың, елдің бар қал-ахуалы, күш-қуаты, әлеуметтік жағдайы айтыста ерекше жырланып келді.
Ал бүгінгі айтыс саяси жағдаятта ғана өрбіп алды. Ал айтыстың ең әуелгі мазмұны ойын-сауық. Яғни айтыс кезінде бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарының міндетін бір өзі арқалаған өнер түрі болатын. Сол көпқырлылығының арқасында айтыс қазақ руханиятында көп жасап келді.
Бүгінгі айтыс осы өміршеңдіктен айырылып, шындықты айтам деп сұмдыққа бастау, ұлықты тұқыртам деп бүлікке бастау болып барады. Бұл дегеніміз ақындық та, батырлық та емес.
Соңғы кездері айтыста биліктің шен-шекпенінен шыға алмай, шындық айтудан қалды. Кезіндегі Шынболаттың шыңғыртқан шындықтары, Аманжолдың қиыннан қиыстырып, астарлы жеткізген ақиқаттары, Әселхан мен Шорабектердің сарказммен айтқан ойлы cөздері, Айтақын мен Сары тентек Қуаныштың өрескел қимыл-әрекеттері шындықтың шыжығына от салғандай болды.
Айтыста олар сияқты айта алған ақынның аузына қақпақ қойылған кез болған емес. Ендеше бүгінгі ұраншыл, шыңдық айтамын деп әділдік айта алмайтын, пафосшыл ақындардың ордасы көбейсе, көп жылғы көшпенділердің мұрасы көпке жетпесі анық.
Әсіресе бүгінгі жастар айтысында әттеген-ай дейтін тұстары да көп. Жастар айтысында көбіне-көп тақырыпты меңгермей, шындықты тақырыппен байланыстыра алмай, боссөзділікке бой алдырып жатады. Тақырып көзделген айтыстың мазмұнына қатысы жоқ жайттарды көтеретін жас айтыскерлер қиыннан қиыстырып, әдемі шындықты ойната білмейді.
Бір-біріне сауал тастап, оған жауап беруді жастар тіпті құп көрмейді де. Олар өздерінше басқа мәселе төңірегінде ой айтып, басқа бағытқа адасып жатады. Тіпті, жас буын өкілдері Айбек Қалиев, Айнұр Тұрсынбаева, Мэлс Қосымбаев, Аманжол Әлтаев, Ринат Зайытов сынды айтыскер ақындардың қолданған ұйқастарын сіңіріп, оларды да жұрт назарына ұсынып жатады.
Оны да біздер байқадық. Жас айтыскерлер әуен табу жолында адасушылыққа барып жүр. Айтыс өнерінің нағыз көркемдігін кіргізетін аранжировкасы - әуенінде. Тіпті, көрермен қауым да айтыскерлердің әуеніне қол соғатын болды. Сондықтан жастар да бұл арада халыққа жағымды әуенді іздеп, қулыққа басып келеді.
Айтыста мақамға салып, халықты улатып-шулатып ештеңе таба алмаймыз. Тіпті, айтыс соңында айтылатын әндердің өзі бүгінгі хитке айналған қазақ және шетел әндерінің үлесіне ауып кетті (Қайрат Нұртас, Бейбіт Қорған, Ақылбек Жеменей, Дәурен Сейітжанов, PSY).
Бірақ бір күндік әндермен мыңжылдық тарихы бар айтыс өнерінің дәрежесін төмендетпеу керек. Керісінше, халық әндері мен жыршы-термешілердің әндерін айтыс соңындағы түйінді мақамдарға алып келуге болады.
Айтыста шоу жасап, халықты алдау деген ұлттық рухани мұраны алдаумен тең. Орынсыз тұстарда да хит әндерді айтыс мақамына салып ала беретін болдық. Айтысқа шоу, халық қошеметі керек шығар. Бірақ хит әндерсіз де оны жасауға болады.
Оған дәлел - 2013 жылы Елордада ұйымдастырылған "Кіл жүйрікте, кім жүйрік?" аламан айтысы «Құлмамбет айтысы» түрінде өтті. Мұндай айтыс тұңғыш рет ұйымдастырылып отырғаннан соң, әу баста көрермендерге бір түрлі көрінді. Бірақ төрт ақынды қатар отырғызып, суырып салмалығы жағынан сынға түскен айтыскерлер халықтың қошеметін алып, нағыз шоу айтыстың үлгісін ұсынды.
Енді мұндай айтыс түрінің қатарына «Мысал айтыс», «Дін айтыс», «Жұмбақ айтыс», «Жазба айтыс» секілді түрлерін қайта жандандырып әкелер болсақ, шоудың көкесі сонда болмақ. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» екені рас. Дегенмен айтыскерлер мемлекеттік, ұлттық мәселелерді тыңдар құлаққа астарлап, байыппен, қалжыңдап отырып қытығына тигізіп отырып айтса, ұлттық брендіміздің де ғұмыры ұзақ болары сөзсіз. Өйткені шындықты айта алатын да сөз, шындықты өтірікке жеткізетін де - сөз.
Айтыс - ақиқат.
Алтынбек Құмырзақұлы