Ауылдың ажары болған әжелер қалаға қоныс аударуда
2014 ж. 27 наурыз
3430
0
...ауылдағы әжелер қайда кеткен? Қалаға кетіпті. Қызының үйіне. «Қыдырып па?» дерсіз. Жоқ. Біржолата қоныс аударып... Ауылдың ажарын ашатын әжелер бүгінде көрінбейді. Бастарына ақшаңқан орамалдарын тағып алып, есік алдында күншуақтап отыратын апаларымыз расында ауылдан безердей не көрінді?
БҰРЫН... 70-80-ші жылдары ауылда киіз басу жанып тұрған мода еді. Сол шақта бүкіл ауылға сауын айтып, асар жасап, киіз басатын апалар. Қыс бойы қойдың жүнін жуып, түтіп шығып, көктемде күннің көзі жылт етісімен киіз басуға дайындалатын. Балалар үшін бұл той еді. Әр әженің етегіне жармасып бір-екі баладан жүретін. Текеметке түр салып, киізді білектеп болған соң қызыл-күрең шәйді сораптап отырар-ды. Ошақ жақта қайнап жатқан еттің иісі танауды қытықтайтын... Басқы жұмысты бітіріп болған соң кезек балаларға келетін. Шиге оралған киіздің үстіне ыстық су құйып, ары-бері тепкілеу солардың мойнына жүктелетін. Балалар мұны жұмыс деп емес, ойын деп қабылдайтын. Киіздің екі шетіне қол ұстасып тұрып алып, кезек-кезек үстіне шығып тепкілейтін. Одан қалса бір қатарға тұра қалып тепкінің астына алатын. Әбден иі қанған соң еңбегі сіңген балаларға мәмпәси таратылатын. Шөлін шәймен қандырып, ет жеп болған соң киіз басудың құрметіне әнін шырқап апалар үйге қайтуға жиналатын. Кешкі өрістен қайтқан малды бөліп алу керек, сиыр сауу керек дегендей үйді-үйдіне тарасатын... Әсіресе кешке мал өрістен қайтатын кезде ақ жаулықты апалар есіктің алдына шығып отырар-ды. Қандай жарасымды еді, шіркін. Мал келгеше бір қайыру әңгіме айтып та үлгеретін. Кімнің үйінде әжесі бар сол баланың мерейі үстем болатын. Өйткені қонаққа барғанда өзімен бірге төрге шығарып, жылы-жұмсақты, тәтті-пәттіні аузына тосатын. Ал әжесі жоқ балалар есіктен сығалауға мәжбүр-тін... Сиыры барлар уыз көже, биесі барлар қымызмұрындық берсе, ауылдың ата-әжелерін құрметтеп төрге оздыратын. Оларсыз бірде-бір жиынның сәні келмейтіндей еді... Бүгінде осының бәрі көзден бұл-бұл ұшқан. Ата-әжелерімізді өткен шақпен ғана еске алатынымыз өкінішті. Олар ауылдан үдере көшіп кеткен жоқ. Бірлі-жарымы қаладағы қыздың қолына қарап қалған. Мәжбүрліктен емес. Қалауы бойынша. Қолындағы кесір келіннің кесапаттығына төзбей кеткендері бар. Ыстық суы, суық суы ішінде құрқұлтайдың ұясындай өкіметтің үйінде қолын жылы суға (келіннің арқасында емес... бірақ) салып отырғандары бар. Әйтеуір мың сан себеп... БҮГІН... Киіз басу сәннен шығып қалғалы қашан. Оның орнын иранның, түріктің кілемдері басты. Төрдегі текеметті күйе басады-мыс деп есікке сүйреп тастадық. Киіз шіркіннің бүгінде ұлтарақ болғаннан басқаға пайдасы шамалы болып қалды. Тіпті жұрнағы да қалмады десе де болғандай. Ауылдағы апалардың басын қосатын киіз басу сияқты үрдіс жоғалған соң, апалардың да қарасы азайған сынды (солай көрінетіні бар кейде). Оның орнын күнгейде бүгінде «гәп ойнау» басты. Апалар жиылып алып, ақшаға ойнайды. Біреулер 10 мың теңге, енді біреу 15 мыңды «оборотта» айналдырады. Кезегі келген адам үйіне дастархан жайып гәптестерін шақырады. Сөйтіп тиесілі ақшасын алады. Келесі жолы кезегі келген адам алады. Солай айнала береді. Бүгінгі апа-әжелер бұрынғының апа-әжесі емес. «Современный». Боянып-сыланып, модный киініп алған. Ақ жаулық тағатыны тағады, тақпайтыны әлдеқашан лақтырып жалаңбастанған. Әрі онысын сөкет көрмейтінін қайтерсіз. Негізі гәп деген сөз өзбектің сөз дегені ғой. Яғни, бас қосып жиылып алып, өсек айту болар бүгінгі мағынасы. Әйтеуір апаларымыз осы басқосуда сілтеп ащы судан тартады дерсіз. «Бүгін ішпегенде қайда ішесің, давай ал» деп қинайтынын қайтерсіз тағы. Одан қалысқысы келмейтін келіндер жағы да енелері салған сораптан шықпай (көрген өнегесі сол болса қайтеді енді) ащы суды жанына серік етіп жүр бүгінде. «Ауылда қазақылықтың қаймағы бұзылмаған әлі» деп айтуға ауыз барыңқырамайды. Айына бір рет жиылатын гәпке апаларымыз артынып-тартынып қаладан келетін болған. Бірі қызының үйінен, бірі ұлының үйінен. Көшеде ақ жаулығы желбіреп күншуақтап отырған апа-әжелер көрінбейді көзге. Кейде бірді-екілісін көре қалсаң көліктен жүгіре түсіп қолын алып, амандық саулық сұрасқың кеп кететіні рас енді. Алайда ақ жаулығы желбіреп ауылдың сәні болған әжелер азайған бүгінде. Құндылықтары өзгерiңкiреп тұрған құбылмалы уақытта әйел-аналарымыз, қыз-келiншектерiмiз өзiнiң қазақы табиғатын жоғалтып барады деп айтпауға амал кем. Ауылдан келген апамнан сұраймын ғой: «ауылда не жаңалық болып жатыр?» деп. Бір күрсініп алып, «қайдағы ауылың қаладан жаман бүгінде. Бірінің үйіне бірі кірмейді. Жиын өткізейін десең кейде шақыруға адам таппай қаласың. Қариялар жоқ. Көбісі қалада» дейді. Расында не боп кеткен өзі? Жастарды кінәлайтын ек «қалаға құмар, қалаға қашады» деп. Үлкендер салған сораптан шыққысы келмейтіні де олардың... Қыз ұлдан артық па? «Ұлдың туысы артық, қыздың ырысы артық», «Қыз кем емес, тең», «Ертең ана болып үй билейді, ақылы асса ел билейді». Дейтін бұрын. Ал бүгінде қызын ұлынан артық санап, төбесіне көтеретін болды былайғы жұрт. Ана билігін көрген қазаққа қыз билігі таң емес. Бұрында да төрде отыратын қыз біткен бүгінде тіпті мойынға мініп алды десек тым артық айтқандық болмас. «Бұл мәнжубастан түк шықпайды, қызым адам болмаса...» дейтіндер көбейді. Қарашағырақтың иесі ғой деп ұлды көңілге медеу тұтқанымен, ертеңгі күні «қызым жерге қарап қалмасын, диплом алып жүзін тіктеп барсын» деп қызды оқытып жатқан да қазекем. «Ұлды қойшы ауылда бәрібір жұмыс жоқ, қорадағы мал өлтірмес. Әйтеуір аман болсын бұл қарақ» деп ұлды оқытуды артық санайтын болған. Есесіне ауылдағы жалғыз жұмыс көзі медпункт, не болмаса мектепке жұмысқа келген қызды үйіне келін қып түсіргісі бар. Жігіттер де қу боп алған емей немене, өздері оқымаса да оқыған қызға үйленуге бейіл... «Жатжұрт» дейтін болашақ ғұмырдың тауқыметін іші сезгенмен сол ауылдың төбесі қайдан көрінері қыз көңіліне беймәлім болғанымен әйтеуір әке-шеше қызының барған жерінде қор болмағын әріден ойлайды. Қорадағы соңғы тұяғын сатса да қызына бір қатырма қағазды қалайда алып береді. Мейлі ғой, қыздарымыз оқыған, көзі ашық болсын, бірақ оқымаған күйеуін менсініп, мойынсұнса жақсы. Мал тапқанын міндетсіп, еркегін жерге тығып отырса ша? Оны көріп өскен қыз еркекті қайдан сыйласын? Оны көріп өскен ұл жасық, маубас болмағанда кім болады? Ұлды шетке ысырып, қыз не дейді деп қыздың аузына қараған (бәріне топырақ шашпаймыз, бірақ басым бөлігі) заман туып келе ме деген қауіп басым. Осының астарында қазақ қоғамын іштен іріткен зұлмат жасырынып, жан-жағын жалмай бастаған қатер тұнып тұрған жоқ па? Бұрын төркіндеп қана келетін қыз бүгінде билікті қолына алып, оны ғана емес-ау әке-шешесін де қолына алып бағатын үрдіс қайдан шықты?.. Жаман үйді қонағы ғана емес, баласы мен әйелі билеп жатса, ол әйелдің емес, үйелменіне үлгі бола алмаған азаматтың жамандығынан дейміз бе әлде... «Ауылдағы Әуес әже қайда, Қанымкүл апам қайда?» дейміз ғой ауылдасты кездестіргенде. «Бірі Алматыдағы қызының үйінде, енді бірі қаладағы қызының үйінде, анда-санда бір келіп кетіп тұрады» дейді. Тіпті ауылдың бетін көрмей кетіп, қызының үйінде жаназасын шығарып, ауылдағы ұлының үйінде бір түнетіп шығарып жатқандар да бар. Тіпті қарашаңырақтан безіп, зейнетақысын да қызының үйіне аударып біржолата қоныс аударып жатқандарды да жоқ дей алмайсыз. Отағасы бар болса өз үйінде отырар еді-ау дейді бір ойымыз... Қарашаңырағын қадір тұту қазақтың қанына біткен «фирменный ерекшелігі» сияқты еді. Бұрын. Бүгінде заманауи стандартқа сай келмейміз дей ме әйтеуір тым собрем болып бара жатыр. Оның соңы қазақтың қарашаңырағынан безіндіруге алып келмей ме?Гүлжан Көшерова, "Алаш айнасы"