Қазақ қыздарын "жезөкше" етіп жүрген жеңгетайлардан сақтанайық
2014 ж. 26 наурыз
3324
1
ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ НАЗАРЫНА!
Ғалия Байбосынова, продюссер:
Бір жоба түсіріп жатқанбыз. Қарсымызда «Қағанат». Ауқаттануға сонда бардық. Барғаным құрсын, бір оқиға есіме түсіп, жегенім желкемнен шықты.
Үш жыл бұрын біз отбасымызбен сұмдық қылмысқа куә болдық. Ата-анамыздың үйінен қонақтан шыққанбыз. Күйеуім екеуіміз ертерек шығып қызымызды күтіп сыртта тұрғанбыз. Құлағымызға көмек сұраған қыздың дауысы келді, қарасақ бір жас қыз бізге қарай жүгіріп келеді екен. Жалаңаяқ, киіп үлгермеген бе, аяқ киімі қолындағы пакетінде жүр. Қорғансыз балапандай дір дір етеді. Не болғанын сұрап басу айтып жатырмыз. Мені сатайын деп жатыр деп зар еңірейді. Үзіп-жұлып айтқанынан түсінгеніміз – басқа жақтан келген, оқуға түсе алмай қалған. Бірге пәтер жалдап тұратын танысы арқылы жұмыс тауыпты. «Қағанатқа» тұрыпты. Ал әлгі «Қағанаттың» әкімгері «жеңгетай» болып шыққан. Жас қызды бірден «табыс көзіне» айналдыруға тырысқан. Қайда келгенін түсінген соң қашуға әрекет етеді, ал құжаттарын алып қойған. Таныс жігіттің үйіне барып тығылады. Ол жерден тауып алып кетеді. Осыны айтып тұрған кезде тура кинодағыдай оқиға болды. Бізге қарай бары жарығын жағып алған машина ақырын жүріп келе жатты. Машианның алдында екі жағында еңгезердей жігіт бар қарапайым бір әйел ақырын басып келе жатты. Не істейсіңдер, бәрібір қол түсесің дегендей. Оларды көрген қыз шыңғырып жіберді. Нұрлан «қорықпа, сені ешкімге бермейміз, үйге жүр» деп еді оған қарамастан басқа жаққа тұра қашты. Сөйткенше болған жоқ қайтадан шыңғырған дауысы шықты. Осы кезде үйден інілерім де шыққан едіү. Бәріміз дауыс шыққан жаққа жүгірдік. Ауланың келесі қапталында оны әлгілердің өзге бір тобы ұстап алыпты. Бізде ес қалмады. Әрекет етіп үлгермей жатырмыз. Еңгезердей әлгі екеуі жас қызды күштеп дәу джипке тығып жатыр. Біз келіп қызды арашалап алып ортамызға алдық. Аналарға алғашқылары келіп қосылды. Полиция шақырдық. Олар дереу жетіп келді. Себебі олар да сол қызды іздеп жүріпті. Жағдайды түсіндіріп жатырмыз, қызды алып кетіп барады. Қылмыс туралы хабарлап шақырған біз екенімізге қарайтын емес. Арттарынан ердік. АІІБ-не келді. Әлгі қылмыскерлер полициямен бірге үйлеріне келгендей ішке кіріп кетті. Бізді кіргізбеді. Не болып жатқанын айтпайды. Шаруаларың болмасын, араласпаңдар дейді. Қызды біз жауапкершілігімізге алайық, жіберіңдер десек, құжаты болмағандықтан ешқайда жібере алмаймыз, кім екенін анықтағанша қаңғыбастардың уақытша тұрағына жібереміз дейді. Айтысып-тартысып Нұрлан полициямен төбелесіп қала жаздады. Оны әрең сабасына түсірдік. Бұл мүлдем басқа жағдай екенін, қыздың зорлықпен жүргенін айтып түсіндіре алмадық. Бірақ... амал қанша, жүйеге ештеме жасай алмадық. Бір-бірімен ымыраласқан қылмыскерлеге біздің сөзіміз өтпеді. Осы жағдай күні бүгінге дейін жанымызды жегідей жеп келеді. Осы оқиғадан кейін көшеде көрінген әрбір әйел анау әкімгер қатын секілді «жеңгетай» болып елестейтін болды...
Оқиға «Қағанатта» отырғанда есіме түскенін қарашы. Жегенім желкемнен шықты.
Редакциядан: Қылмыс ескі немесе жаңа деп бөлінбейді. Қылмыс жазалануы керек. Сондықтан әріптесіміз, белгілі продюссер Ғалия Байбосынқызымен келісіп Фейсбуктағы жазбасын назарларыңызға ұсындық. Әлі талай қыздың обалына қалып жүрген шығар әлгілер. Мәселені Сіз болып, біз болып тиісті орындарға жеткізейік.
"Шын-ақпарат"