Сұлулықтың құны қанша?!

63478813_1_644x461_salon-krasoty-mode-de-vida-almatyБүгінгі қыздар сұлулық әлемінде өзгелерге бәсекелестікке төтеп беретіндігімен талайларды таңдай қақтырып келеді. Алдымыздан сұлу қыз шыға келсе алдымен табиғи сұлулық па әлде жасанды жапсырма ма деп бажайлап қарап алатын күнге жеттік. Бір жолы телеарнадағы шоу бағдарламаға еліміздің ең сұлу қызы қатысты. Бағдарлманың тізгінін ұстап отырған әріптесіміз «тал бойыңыздағы сұлулық табиғи ма жоқ әлде қолдан жасалған жапсырма ма?» деп сұрақ қойды. Әрине, ол бұған «ешқандай да қоспа жоқ, қасым да, шашым да өзімдікі. Ешқандай косметологтың, пластикикалық хирургтың көмегіне жүгінген емеспін» деп жауап берді. Расында қазақ қызының өн бойынан шынайы әсемдіктің табы ілініп тұратын. Бұрын. Ал бүгінде қолдан жасап алатындар көбейді. «Алаш айнасы» сұлулық әлеміне саяхаттап қайтқан еді. Қазақ қызының сұлулығын еске түсіріп көрейікші. 70-80-ші жылғы қыздарды алып қарасақ басым бөлігі орта бойлы, толықша келетін. Апаларша айтсақ «ескі бетті» болатын. Ал бүгінде қыздарымыздың бойы ұзарды, белі құмырсқаның беліндей қылдай болып үзілейін деп тұр. Мини юбка жаппай сәнге айналғанда тап соны күтіп жүргендей қыздарымыздың аяғы да тым ұзарып кеткендей ме, қалай өзі? Түрлері де еуропаланып кеткен сықылды. Азиялық нәсілден гөрі еуропалықтарға ұқсап бара жатқандай.

                                                                                      Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Қалтаңызда қаржыңыз болса әп-сәтте-ақ ару болып шыға келесіз. (Бұрындары қазекем ақылына көркі сай қыздарды ару деп атаушы ед, бүгінде беті жылтырағанның бәрін аруға теңеп біттік).  Сұлуына сұлу, оны қойшы ақыл деген екінші пландағы мәселеге айналды ғой бүгінде. .......ДЕЙІН:  Мәселені екі топқа бөліп қарастырайық. 90-шы жылға дейін және кейін деп. Кеңестік құрсауға дейін нәзікжандыларымыздың тордағы  тотыдай болғаны рас. Ол кездің өзінде француз әтірі «мен» дегендердің ғана қолына түсетін. «Красная Москва» иіссуын әзер қолына түсіргендер өзін әлемдегі ең бақытты жандардың қатарына қосатын. Опа, далап, иісмай дегендерің қат тауарлардың қатарында еді. Есесіне сапасы өте жоғары болатын. Бүгінгідей шаш бояғыштан адам қайтыс болыпты деген әңгіме болмайтын ол кездері. Аллергия атаулыны да беріде естідік емес пе? Есесіне бетінде бір бояуы жоқ нағыз хас сұлулар сол кезде көп болатын. .......КЕЙІН:  Құрсаудан құтылып, кедендегі кедергі кеткен соң аяқтағы шідер шешіліп, тордан босап шыққандай болған нәзікжандыларымыз шетелден ағылған косметикалық заттарға қарық болып қалды. Қымбаты, арзаны, сапалысы, сапасызы, әйтеуір бәрі бар. Әркім қалтасы көтергеніне қарай бет бояйтын, нәрлендіретін, қысқасы сұлулыққа үлес қосатын заттың бәрін ала алатын күнге жетті. Саны көбейгенмен, сапасы арта қойған жоқ бірақ. Бәрі сапасыз деуден аулақпыз. Бірақ өте қымбат, көпшіліктің қалтасына ауырлық салатындары да бар. Желілік маркетинг те осы кезде лап қойды елімізге. Сұлулық индустриясына үлес қосып жатқан дүниелердің басы да, аяғы да бұл емес. Әжімді әдіптейтін, «бетке әдемі қыздың суретін салып беретін» нешетүрлі сұлулық салондары да қаптады дерсіз. «Бетім қисық» деп айнаға өкпе артатын заман емес. Ақшаңыз бар ма қисық жеріңізді түзеп, күзеп беретін орындар жетеді. Есесіне біз шынайы, табиғи сұлулықтан айырылып қалдық. Айнала толы әдемі қыз сияқты. Бірақ көбісі косметологтың, визажистің қолынан шыққандар. Одан беріде басынан бақайшағына дейін әрлендіріп беретін салондар жеткілікті. Шаштан бастасақ... Шашымыз әу баста қара түсті, қоңырқай болатын. Одан қызарды, одан кейін сарғайды. Енді соңғы сәнге құлақ түрсек «пшеница» түстес яғни, сұр түсті шаш сәнге айналды. Сонымен сән үлгілерінің түрленуіне байланысты шашымыз бірде қарайып, бірде сарғайып жатыр. Енді жаппай ақ түс сәнге еніп ағарып кетпесек болғаны... Адамның әдемі боп көрінуіне көп үлес қосатын шаш шіркінге де аз ақша кетпейді. Бұрын химиялық бұйралау мода болатын. Апаларымыз шаштарын бұйралата беріп, бүгінде бір уыс шашпен қалғандары жетерлік. Шашқа милировка жасату жанып тұрған сән еді. Бүгінде о шіркін де қалып барады. Енді шашты ламинаттау үрдісі басталды. 3-4 сағат бойы жасалатын процедура үшін 30-40 мың теңгені құрбандыққа шалуға тура келеді. Бір шүкір дейтініміз бүгінде жаппай ұзын шаш сәннен қалмай келе жатқандығы. Бұрынғыдай желкеден қиып тастап, шошайып қоятын, еркекпішінділер бүгінде азайды. Қасқа келсек...  Қарлығаштың қанатындай қиылған қасты қолдан жасап алуға болады. Болмаса татуаж-шебердің көмегіне жүгінуге болады. Ол да аз қаржы тұрмайды. Бұл жерде шебердің атақ даңқы да көп роль ойнайды. Клиенті көп, шетелдерде біліктілігін жетілдіріп келген шебердің соған сай ақысы да жоғары. Арзанның сорпасы суға татымайтынын білсе де кейбіреулер тиын санап, есесіне қастарын құртып алып жатады. Бірінікі сұп-сұр болып сұрқын қашырып тұратыны да бар. Ал нағыз шебердің қолынан шыққан қас өңін бермей өзінікіндей болып тұрады. Қастың құны 6 мың теңгеден бастап (ескертеміз: бұл арзаншылық деп санайтын оңтүстік өңірдегі баға) жиырма мың теңгеге дейін барады. Көзге келсек...  Көзге косметиканың не қажеті бар деп есептейтіндер табылар. Дегенмен «Көз – көңілдің айнасы» екенін ескерсек ең қаражатты көп қажет ететін орган екенін байқайсыз. Көзге линза салдырып түсін өзгерту жанып тұрған мода еді кезінде. Көзі бірде көк, бірде қара, бірде қоңыр адамдарды көріп талайлардың басы қатқан... Көздің жиегін қара бояумен көмкеретін татуаж да арзан емес. Бұл енді нағыз еріншек келіншектерге таптырмас олжа десек те болады. Таңертең екі сағат бояп, оны кешкісін сүртіп алуға ерінетіндер осы көмек түріне көбірек жүгінеді. Кірпікке келсек... Сояудай-сояудай қайқиған кірпік атаулыны бүгінде жастан бастап жасамысқа дейін жапсырып алатын болды. Оны бояуы тамып кетердей бояп алатынын қайтерсіз. Сұлулыққа сұлулық қосып тұрса айтар әңгіме жоқ. Әрі сұлуларды сатып қоятын да осы кірпіктер. Бірден жасанды екені көзге ұрып тұрады. Екі-үш мыңның айналасында. Ерін  Ерінбегеннің ермегі еріннің айналасын әдіптеу. Инемен піскілеп жасалатын процедура нағыз «сұлулық құрбандықты қажет етеді» ұранын ұстанатындарға арналған. Тәтті тәніне «таяқ» тигізгендей шым-шым әсер етіп қатты ауыртады. Далап жаққанда «жайылып» кетпей әдемі көрінуі үшін қызартып бояп қояды. Бұл да кірпікпен ағайындас. Сол шамадағы бағаға жасалады. Тырнақ Жезтырнақтың тырнағындай қайқиған оны әдіптеу үшін де шыдам керек. Тырнақтың үстіне қытай желімін жапсырып жаңадан тырнақ қондыру да азабы көп шаруа. Біраз уақытқа дейін ыдыс жуғанда, қамыр илегенде ыңғайсыздық тудыратыны тағы бар. Ал оны кейін алғандағы ауырғанын айтыңыз. Шеберге бара алса құба-құп. Өзінен өзі бірдеңеге ілініп кетіп жұлынып қалса ауырып, жаныңды көзіңе көрсетеді. Бүгінде енді тырнақты гельдеу сәнге енді. Бұл да сол екі сары қағаздың айналасы. Тұздық:  Соңғы сұлулық үлгілерінен қалыспай, айқайға қиқу қосып жүргендер көп. «Құрбыларынан  қалмауы керек!». Сонымен алдыңызда жұтынып тұрған бойжеткеннің тұла бойына бажайлап қарасаңыз жасанды жапсырманың түр-түрін табасыз. Тіпті айналаңызда сұрықсыз қыз қалмағандай, бәрі сұлу. Бірі-бірінен өтеді. Алайда табиғи, нағыз сұлуды тап басып тану оңай емес.  Бірде бір отырыста сұлу деп алып қашқан қызы ертесіне бояуы жоқ кезінде көріп, түрден түр жоқ екенін білгент соң ағатайымыз айнып қалыпты. (Осындайдан сақтасын деңіз). «Бетім қисық» деп айнаға өкпелейтін заман емес, жалпақ танауды кішірейтіп, беттегі қып-қызыл дақтарды ыдыратып, секпілді кетіріп, әжімді әдіптеп беретін қызмет орындары бүгінде тастың үстіне шыққан мүктей қаптап кетті. Денсаулыққа зияны болмаса жақсы ғой. Алайда оның тарттырар азабы да аз емес екенін әсемдікке құмар қыз-келіншектер жадыларына жаттап алса дейсің. Алайда... Жасанды дүниенің уақыт өте келе жанды жараға айналмауына да ешкім кепілдік бермейді. Бармақ тістеп қалмас үшін ...құрбандыққа бармас бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кескен жөн-ау...

Гүлжан Көшерова, "Алаш айнасы"