Қазіргі тойлар жиған байлықты көрсететін бәсекеге айналып барады
2014 ж. 14 наурыз
10133
1
Қыз жасауы – ұлттық ғұрып һәм ананың перзенті алдындағы парызы. Шаңырақ көтерген екі жастың игілігі үшін құралған жасау олардың ертеңіне деген алғашқы көмек десек, артық айтпаспыз. Бірақ, сонау ерте заманнан оюлап көрпе тігіп, тізерлеп текемет жасаған аналар бүгінде неге «дүкеншіл» болып кетті? Қазіргі қыз жасауына тойға жұмсаған ақшадан кем түспейтін көп қаражат неге жұмсалады? Біз айтайық, өйткені, бүгінгі күн — бәсеке заманы.
Тойдың ертесі қыз жасауы көрсетілетін күн. Апа-әжелеріміз, көрші-қолаң мен қыз-қырқынның күткен күні де осы кез. «Келіннің жасауы қандай екен?» деп, көруге асығатын абысын-ажын мен сандығына сұқтанатын көздер мұндайда міндетті түрде табылады. Бұл кезде буылған, түйілген жүктердің аузын ашу да өзінше бір мәртебе. Сандықты ашып, буылған жүктің түйінін шешкен сайын, ішінен шығатын әшекей бұйымдар мен кәдесыйларды үлестіру де өзінше қызық. Одан кейін қыз жақтан келген пысықай жеңгелеріміз жиналғандардың барлығын назарға ала отырып, сандықтағы бұйымдарды рет-ретімен көрсетеді. Заманауи қыз жасауына арналған сәнді «махаббат көрпе», «құдағи көрпе» секілді анасының қолынан шыққан бұйымдар жасаудың шымылдығын түреді. Жарасымды. Бірақ, ыдыс-аяқ пен киім-кешекті айтпағанда, кейінгі жылдары шамасы келсін-келмесін «кредиттенген» кір жуғыш машина, тоңазытқыш, қысқатолқынды пеш, теледидар, тіпті көліктің кілті де жасаудың ажырамас бір бөлігіне айналғандай. Оған жатын бөлмеге арналған жиһазды қосып қойыңыз. Әрине, қолынан келіп, қалтасы көтерсе, жасай берсін ғой. Десек те, көрпеге қарай көсілетін қазақы мінез әлденеге алаңдаулы, алақ-жұлақ. Иә, «қыздың бағы кісі есігінде ашылатыны» белгілі. Ал ата-ананың мұндағы ойы барған жерінде жұпыны жасау қызғалдағымның бетіне салық болмасын дегені шығар, бәлкім. Сонда біз кіммен жарысамыз?
"Алматы ақшамы"