Жалғызбасты аналардың халі мүшкіл
2014 ж. 11 наурыз
1954
0
Алматы облысында барар жері, басар тауы жоқ аналар шиеттей бүлдіршіндерімен бірге жантүршігерлік жағдайда тұрмыс кешуде.
Олар паналаған әйелдерді бейімдеу орталығында он жылдан бері жылу жоқ, деп хабарлайды КТК арнасы.
Туған-туыстары теріс айналған тастандылар көп жылдардан бері, тіпті ыстық суға да қол тигізіп көрмепті. Қайырымды жандардың қайыр-садақасына ғана күнелтіп, көгерген көкөніс жеп жүр.
Бұл асыр сап ойнап жүрген бүлдіршіндердің барлығы дерлік тірі жетімдер. Кейбірінің анасы ішкілікке салынса, енді кейбірі – түрмеден кейін үйінен қуылып, осында пана іздеп келген. Алайда, Заречный елді-мекеніндегі осы оңалту орталығында да жағдай оңып тұрған жоқ.
"Көбінесе сорпа ішеміз, қою тамақ мейрамда. Не берсе соны киеміз. Ел қатарлы жетілсем, сол менің үлкен арманым", - дейді Бэлла Тұрдымұратова.
Бейімдеу орталығында балалар бір күн аш болса, бір күн тоқ. Еліміздегі жар дегенде жалғыз әйелдерді оңалту орталығы көгерген картоп пен сәбізді сақтап жеуге мәжбүр. Төсек орындары да әбден ескірген.
"Кімге барып жыларымды да білмеймін", - деп күрсінді орталықты паналаған байғұс ана.
Орталықта тұратын бала-шаға киім-кешекті қайыр-садақаға сұрап алады екен. Тар болса да, тастамайды. Қайта қара суықта тоңып қалмас үшін емізулі балаға дейін сырт киіммен ұйықтайды.
"Біз мемлекет тарапынан қаржыландырылмаймыз. Тағдыр тауқыметін тартқан, бала-шағасымен қосақтасып, қаңғырып қалған әйелдерді шамамыз жеткенше бағып жатырмыз. Бұлардың бәрібір бізден басқа барар жері жоқ", - дейді әйелдерді оңалту орталығының директоры Диляра Садықова.
Ғимарат бастапқыда әкімшілік, мектеп, тіпті балабақша да болған екен. Қазір мұнда түрмеден шыққан және тұрмыста талай таяқ жеген әйелдер паналап жүр.
Он жылдан бері бұл арадан 600-ден астам әйел және олардың 200-ге жуық шиеттей балалары оңалтудан өтіпті. Содан бері ғимаратта жылу жоқ. Және жуынатын бөлмесі де жоқ екен. Тұрғындары әркімнің есігін сығалап, соларда тазаланып жүр.
"КТК" арнасы