Бала сату бизнеске айналмасын!

1357271525-652Бүгінде бала сатып байымақ болғандардың қатары күн санап артып бара жатқаны басын бүркемелесең аяғы ашылып қала беретін ақиқат екені анық. Күн сайын болмаса да күнара, тіпті апта аралатып осындай ақпарат оқитын халге жеттік. Жанды ауыртатын, жүйкені жұқартатын,жүрекке жүк түсіретін, естіген жанның жағасын ұстатарлық мұндай сұмдықтар соңғы әлетте тіптен өршіп кетті. Былтыр Тараздағы перзентханалардың бірінде сәби сатқандар тұзаққа түсіп, елді бір дүрліктірген еді. Араға ай салмай жатып Шымкенттен де осы тақылеттес хабар бұрқ ете қалды. Тіпті осы сұмдық еліміздің барлық аймағын жаулап ала бастағандай. Бірі жұқа қалтасын қомпайтпақ болады, енді бірі баласыз үйге бақыт сыйламақ болғанын айтып ақталады.  Қалай дегенмен де мұның бәрі де «Бала сату» бизнесінің өркендеп бара жатқанын байқатқандай. Бұл бір мәселе деп қойыңыз. Ал екінші мәселе бауыр еті баласын пұлдамақ болғандардың іс-әрекетін қалай бағамдау керек? «Торғай екеш торғай да, балапанын қорғайды» деп мақалдатқанмен де осы мәселенің астарына бір сәт үңіліп көрдік пе? Жоқ. Осындай қадамға барғандарды нағыз атажау санап, аластатпақ боламыз. Бұл жерде біз мұндай көкек аналарды ақтап алғалы отырған жоқпыз. Бірақ дәл осы мәселенің әлеуметтік астарына үңіліп көргенді жөн көрдік... Былтыр Шымкентте үш баласын далаға тастай қашқан ананың тірлігін естіп жанымыз түршіккен. Биыл төрт бірдей баласын саудаламақ болған ана тәртіп сақшыларының құрығына ілікті. Басқалар бір шарананы мойнына бұршақ салып тілеп ала алмай жүргенде баласынан безінгені несі деуге де болар. Дегенмен төрт  баласын пұлдамақ болған ана алдағы уақытта оларды асырап баға алмайтынын, балалары түгілі қара басын қамтамасыз ете алмайтынын айтып еңірегенде етегі жасқа толған. Оларды аштан өлтріп қойғанша одан да асырауға шамасы келетіндерге сатпақ болғанын да ашық айтты... Құрсағын жарып шыққан баласынан бас тартушылардың іс әрекеті ақтауға тұрмайды әрине. Алайда расында бала шағасын қалай асырарын білмей басын тауға да тасқа да ұрып жүргендер жетерлік. Мұны жасыра алмаймыз. «Елімізде бәрі де керемет, бәрі де керемет, адамдардың ақмайы аузынан ағып отыр» деген «ертегіге» сенетіндер бар шығар. Бірақ елдің бәрінің жағдайы ондай емес. Балаларға берілетін там-тұм жәрдемақыны басынан тартса аяғына жеткізе алмай шақшадай басы шарадай болып жүргендер жоқ емес. Ауылда айлық емес, күндік нанын тақұл-тұқыл етіп талғажау етіп отырған отбасылар бар. Қалаға көшіп кете алмайды. Үй қымбат, жер қымбат. Оқу тоқуы жоқ болған соң, жұмысқа да алмайды. Қара жұмыс та істер еді-ау алайда айына төленетін 30-40 мың теңгемен бір қора жанды баға ма, жоқ пәтерақыны төлей ма, қымбат азық-түлікке жеткізе ме? Коммуналдық төлемақы да ғарыштық жылдамдықпен өсіп барады. Осындай-осындай қымбатшылықа әупірімдеп әзер күн көріп отырған отбасылар тарыққаннан амал жоқ жан баласы қоштамайтын тірлікк табан тіремесіне кім кепіл? «Нәубет жылдары да мұндай сұмдық болмаған» дер бәзбіреулер, бірақ қарыштап дамып кеттік деген бүгінгі заманда мүмкін болып отыр мұндай сұмдықтар. Ал біз мәселенің ішіне үңілмей сыртынан ғайбаттауға асықпыз... Бала басын көбейтуді көздейтіндер көп-ау, осындай кедергілерден кейін олардың да ойларына селкеу түсіп, арман мақсаттарын тұсамастан басқа амалы жоқ. Айналдырған бір-екі баланы баққанның өзі күш бүгінде. Оқуы бар, киімі бар, тамағы бар, күнделікті жұмсайтын пұлы бар, оларға да аз ақша кетпейді. Балабақша үшін төлеу керек, жоғарғы білім алу үшін төлеу керек, айналып келгенде бір отбасын тарықтырмай асырап, барлық қажеттілігін қанағаттандыру үшін айына кем дегенде 500 мың теңгеден кем емес жалақы алып отыру керек. Ал мұндай жалақылы болу бақыты екінің бірінің басына қона қоймайтын бақыт. Тіпті 15 мың теңгеге жан бағып отырған жанұялар бар бізде.  Ал оларға олай ет, бұлай ет деп қалай ақыл айтасың? (Баласын сату былай тұрсын.........) Орын алып отырған түрлі қиындықтардан кейін, тағдырының теперішіне төзе алмай амалсыз баласын сатуға бел байлайтындардың қатары бұдан да еселеп өспесін деңіз... Баланың бағасы қанша? Ал бала сату ісіне білек сыбанып кіріскендердің ісін әрине құптай алмаймыз. Тірі тіршілік иесін сатып, қалтасын қалыңдатпақ болғандардың қатары да сиреп барады деп тағы да айта алмайсыз. Көбеймесе азаятын түрі жоқ. Ең қорқыныштысы бүгінде бұның жолға қойылған кәдімгідей кәсіп түріне айналып бара жатқандығы. Дүние есігін енді ашқан құйттақандай  сәбилер өтімді тауарға айналап тұр бүгінде. Күні кеше оңтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары былтырғы жылы жоғалғаны бар, саудаланғаны бар 115 сәбидің тағдыры туралы жария етті. Саудаланған сәбилердің басым бөлігі өз ата-аналарына қайтарылған. Баласынан бас тартып, саудаға салушылардың көбісі оң жақта отырып ойнақтап жүріп от басып қалғандар болса, кейбірі тіпті бұл баланы бағып қаға алмайтыны ашық айтады екен. Ең сұмдығы бала сатушы мен бала сатып алушының арасын жалғап делдалдық ететіндер медицина қызметкерлері болып отыр. Оған дәлел: былтырғы жылы екі медбикенің сотқа тартылуы. Жуырда ғана Мақтаарал ауданында екі әйел жаңадан туылған балалардың бірін, 150 мың теңгеге, енді бірін 200 мың теңгеге сатып алыпты. Мұның бәрі де заңсыз атқарылып әшкере болып жатқандары. Ал ашылмай қалып жатқан қылмыстар қаншама?! Болат ЖҰМАБАЕВ, Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратура басқармасы бастығының орынбасары: –Бала асырап алуға құлықты азаматтар құжат жинауды қиынсынып, оның жеңіл жолын іздейді. Баласынан бас тартты деген құжатты нотариустарға растатып алатын жағдайлар жиі орын алады. Прокуратура органдары нотариалдық палатадан сұрау салу арқылы белгілі болғаны 223 отбасыға бала асырап алу туралы өтінішініне кері жауап берген. 116 баланың тағдыры белгісіз күйінде қалып отыр.  Сондай-ақ бала асырап алуда 6 жалған құжат жасау фактісі анықталған. Бұл дегеніңіз: әйелдер заңсыз бала асырап алу жолында ештеңеден де тайынбайды деген сөз. Баланың туу туралы куәлігін Өзбекстанда жасатып алатындар да баршылық екен. Бұл елімізде жасатқаннан гөрі әлдеқайда арзан әрі жеңл болатынын байқатқандай. Осындай жағдай бойынша 9 қылмыстық іс қозғалған. Мұндай мысалдарды тізбектей берсең тәспінің тасындай тізбектеліп кете береді. «Баласыз үйдің мазар» екенін ұғынған кейбір әйелдер амалдың жоғынан осындай қадамға барып жатады. Себеп...Оның батпандай себебі көп. Емделіп, әулие аралап, бір шараналы бола алмай жүрген әйелдер көп елімізде. Бойына бала бітпеген соң, ең соңғы үміт ЭКО-ға барайын десе оған қалтасы жұқа. Ондағылардың сұрайтыны тек байлардың  бесігін ғана тербететін баға. Сондықтан да жоспарлаудан тыс бойына бала бітіп қалған, елге қарар беті қалмай ауруханада еңіреп жатқан бойжеткендердің баласын сатып алу әлдеқайда арзанырақ түседі. Делдалдық жасап жүрген медицина қызметкерлерінің ең басты мақсаты – өздерінің материалдық жағдайын жақсарту шығар, кім білген, бірақ бір жағынан жетімханада көзі жәутеңдегенше толыққанды отбасында тәрбиеленгені дұрыс та дейтін шығар, кім білген? Әрине бұлай ойлайтындарды заң басынан сипай қоймайды. «Заңды түрде жетім балалар үйінен неге алмайды?» дерсіз. О,о, біздегі қағазбастылықты басынан өткерген жан ғана білер. Қаншама құжат жинау керек, табанынан тозып, қаншама емен есіктерді қағу керек, қиыыыынн. Ақырында жүйкесі жұқарып армандаған баласына қол жеткізе алмай безе қашатындар да жоқ емес. Осындай-осындай кедергілер көп бізде. Қалай болғанда да, баланы сатқанды да, сатып алғанды да ақтап алғалы отырған жоқпыз. Тек құзырлы органдар тарапынан мұндай заңсыздықққа түбегейлі тосқауыл қойылса дегендік біздікі... Бала сату бизнесі бұдан кейін де өркендеп кетпесін деңіз.... Бағым ҚАЛМҰРАТОВА, психолог: – Расында бүгінде көбінде зардап шегетін балалар болып тұр. Олардың құқықтарының бұзылуы жиі орын алады. Облыстардағы балалар құқын қорғау департаменттерін де жауып тындық.... Баласын керексіз заттай тастап кеткен не сатып жіберген аналарға психологиялық көмек көрсету жағы кемшін екені рас. Түрлі алдын алу шаралары өткізіліп жатады ғой, сондықтан да балалы аналарға қандай қиындық болмасын оларды көздің қарашығындай сақтау керектігі жөнінде бір сауықтыру шараларын қолға алу керек сияқты. Әсіресе мектеп жасындағы болашақ аналарды әзірден тәрбиелемесек тәрбиенің уыстан шығып кетері анық...

"Алаш айнасы"