Жігіттердің намысы қайда?!

бас-киім«Астана» теларнасынан «Саған сенемін» атты теле шоуды көрген боларсыз, ағайын. Ел алдында Ақжолдай ағамызға нан илетіп, сәби жөргегін кигізіп қорлатқан шоу ұйымдастырушылары одан кейін де қазақтың атпалдай жігіттеріне масқара тапсырмалар беріп, әйелінің сенімін сол бір ойынға тіреп қорлаған еді. Ал кешегі сенбі күнгі нұсқасында тіптен масқара болды. Қазақтың арыстай жігіттерінің алтын бастарына әйелдің төменгі жағына киетін киімін (колготки) кигізіп, ұшына алма салып, оны басымен айналдырып, үстел үстіндегі қалбырларды ұрып құлаттыруға тапсырма берді.

Қып қызыл жігіттерміз жұбайы берге бағадан шығу үшін бастарына әйелдің колготкиін киіп, сайысқа түсті. Атам қазақтың «Басыңдағы бөркіңді шешіп, қатынның жаулығын тарт» деген ең қорлық сөзден де төмен түсіп кеткен бейшара ойын талабын орындап шықты. Онысымен қоймай кейбіреулері бастарынан шешпестен камера алдында сайрап отырды-ау.

Текті аталарымызды айтпағанның өзінде күні кешеге дейін ер азаматтарымыз әйелін көтеріп жүрсе де оның сөмкесін көтеріп жүрмейтін еді ғой. Қайран әжелеріміз ер азаматының бас киімін жоғары қойып, кебісінен аттамай, күпісін өзі жамылмаған еді. Ал әйел мүлкі мен киімін ер азаматтар басына кимек түгілі қолына ұстап көп алдына шықпап еді. Азаматтың басы тұрмақ аяғынан аттап кеткен әйел кешірім сұрайтын. Міне, біз сондай текті едік. Бас аяғы шамалы уақыт ішінде барлық құндылықтарымыздан айырылып, құрдымға кетіп барамыз.

Әйелдің лыпасын басына киген бүгінгі ерлерді көрген ұрпақ ертең не істемейді, қандай қорлықтарға бармайды. Қазірде ұлттық құндылық, адамдық қасиеттен қырын кетіп бара жатқан жайға налаңды айтсақ «Қызғанып отырсың» деп шыға келетіндер көп. Осы жолы мен шынымен де қызғанып отырмын. Яғни, мен қазақ арыстарының арын, намысын, бедел, биігін таптағысы келген әлгі шоудан ұлттық ізімді, тектілігімді қызғанып отырмын. Басы төрге ғана лайықты қазақ жігіттері қатынның лыпасын басына кигені намысы бар азаматтың жанына тимей қоймас. Мүмкін менің түсінігім де дұрыс емес шығар, қазір жаңа заман ғой, алайда қазақ деген текті халық тектілігін аштықта да, жоқтықта да, соғыста да ұстап қалған еді. Ал сіз не дейсіз оқырман???

Сәкен АЛДАШБАЕВ, "Намыс" порталы