Қазақты азапқа салмай, отставкаға кетiңiз!
2014 ж. 27 ақпан
3330
13
ҚР премьер-министрi Серiк Ахметовке талап хат
Дүние жүзiнде өз ұлтына жаны ашымайтын, шетте жүрген қандастарының өз Отанына оралуына қарсы, президентiнiң жүргiзiп отырған ұлттық саясатын аяққа таптағысы келiп тұратын, қазақтар арасында шу шығаруға әуес бiр үкiмет болса, ол – бiздiң Қазақстан Республикасының кезiнде К.Мәсiмов басқарған үкiметi шығар деп ойлаймын!
Неге дейсiз ғой?
Үкiмет шетелден Атажұртқа көшiп келетiн қазақтардың Қазақстанда тұрақты тiркеуге тұру-тұрмауын сол өзi келген елдiң Қазақстандағы елшiлiгi белгiлейтiн етiп, баяғыда қаулы қабылдап тастаған.
Кәрiм Мәсiмов қол қойған сол Қаулы Мәңгiлiк Ел тұжырымдамасы жолға қойылғалы тiптi қатаң атқарыла бастады. Өткен жылдың соңынан бастап, мысалы, Қытай Халық Республикасынан мұнда өз күшiмен көшiп келген қазақтар Астанадағы Қытай елшiлiгiнен мынадай орыс тiлiнде жазылған, қызыл мөр басылған “СПРАВКА” алған соң барып (куәландырылған фото көшiрмесi қосымша берiлдi), бiздiң Көшi-қон полициясына тұрақты тiркеуге тұруға құжаттарын зорға тапсыруда.
Сорымыздың қайнағаны соншалық, Қытай елшiлiгi қазақ тiлiнде жазылған құжатты, басын кесiп алсаң да, қабылдамайды екен. Тек қана, орыс тiлiнде дайындап апаруың шарт!
Нақтылап айтсақ, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2009 жылғы 14 желтоқсандағы №2102 Қаулысымен бекiтiлген “Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тiркеу және оларға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру бойынша мемлекеттiк қызмет стандартына” 2012 жылы 28 науырызда өзгертулер мен толықтырулар енгiзiп, ҚР Үкiметiнiң № 362 Қаулысымен бекiткенде, осы Стандарттың 11-бабының 2-тармағына енгiзiлген: “ҚР-да өзге де заңды негiзде уақытша болатын адамдар: келген елiнде соттылығының бар болуын не жоқтығын растайтын құжатты; кету парағы не шетелге тұрақты тұру үшiн шығуға рұқсатты растайтын басқа құжат ретiнде болуы мүмкiн шетелдiктiң азаматтығына ие мемлекетiнiң жазбаша келiсiмiн ұсынады” делiнген өзгертулерде өз қандастарымыздың мүдесi мүлде ескерiлмеген (http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P090002102_#z0).
Бұған дейiнгi Үкiметтiк қаулылардың көбiнде, мәселе шетелдегi қазақтарға қатысты болған жағдайда, “этникалық қазақ өкiлдерiнен өзге” немесе “Бұл ұлты қазақ азаматтардан талап етiлмейдi” деген ескертпе сөйлем мiндеттi түрде қосылып келсе, Кәрiм Мәсiмов екiншi мәрте қол қойған қаулыда ол сызылып тасталған!
Мiне, ендi, ҚР-на көшiп келiп, тұрақты тiркеуге тұруға өтiнiш берген өз қандастарымыздан да “Келген елiнiң рұқсат қағазы (келу парағы) немесе ҚР-на тұрғылықты келуi жайлы рұқсат қағаз” және “Талап қағаз сотталғандығы жайлы және әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылғандығы жайлы” екi анықтама талап етiлетiн болды. Жоғарыдағы “СПРАВКА”-ны өзi келген елiнен “әкелген” осы “ЕКI АНЫҚТАМА” негiзiнде алады.
Басқа елдi бiлмеймiн, бұл анықтамалар Қытайда мүлде берiлмейдi.
Қысқасы, К.Мәсiмов қаулысының (28.03.2012, №362) шартына сай, елшiлiктер келiсiм бермесе, қазақтарды бұдан былайғы жерде тұрақты тiркеуге тұрғызып, тарихи Отанында қалдыруға Қазақстан Үкiметiнiң қауқары жоқ. Олар келген елiне керi қайтуға мәжбүр...
Қазақ көшiнiң жиырма жылдан аса тарихында елге оралған қандастарымыз дәл осындай қолдан қиындатылған кедергiге кездескен емес!
Ал Үкiмет басшысы ауысқалы, Серiк Ахметов премьер-министр болып келгелi қашан?! Содан берi бұл мәселе БАҚ-та күн құрғатпай айтылып келедi, айтылып келедi... Бiрақ үкiметте үн жоқ, не бiлген ойы барын болжау бiзге қиын. Шамасы, президент аппараты мен мемлекеттiк хатшылықтың тiзгiнiн қосарлап ұстаған сол экс премьер жаңа Үкiметтi желкесiнен әлi тұқыртып отырған болса керек!? Сондықтан мынадай мәлiмдеме жасауыма тура келдi:
Құрметтi Серiк Нығметұлы!
Кешке дейiн үлкен кiсiнi айғайлата бермей, бiр уақ ұйқыңыздан оянып, серпiлсеңiзшi! Сiз көш бағытын мәңгiлiкке түзеген Қазақстан деген Тәуелсiз елдiң заңды премьер-министрiсiз! Сiздi осы елдiң парламентiнiң қос палатасы мақұлдаған соң барып, президент тағайындаған. Сонда бiз Сiзге, Қазақ көшiнiң тамырына қан жүгiртетiн шығар деп, үлкен үмiт артқамыз. Сырттан көшiп келетiн әр қазақты осы елде тұрақты тiркеуге тұрғызу-тұрғызбау – өзге мемлекеттiң елшiлiгiнiң еншiсiнде емес, Қазақ елiнiң өз үкiметiнiң – Сiздiң құзырыңыздағы шаруа! Еркiңiздi жат елге неге билетесiз!
Көрдiңiз бе, Қазақ Үкiметi Қазақ көшiн тоқтатып едi, Эдуард Лимонов “Қазақстанның солтүстiк аймағын қарпып қалу керек!” деп айқұлақтанып шыға келдi. Сөз жоқ, бұл – Қазақ билiгiнiң қауқарсыздығы мен салбөкселiгiнiң кесiрiнен болған iс. Сiз Қазақстанның солтүстiк аймағын шеттен келген ҚАЗАҚҚА толтырып тастаңызшы, озбыр көршiнiң өңешiне құм құйылады.
Сондықтан өзiңiздi шын мәнiндегi мәңгiлiк елдiң премьер-министрiмiн деп есептесеңiз, өз қолыңызбен тез арада қандастарымызға Қытай елшiлiгi беретiн басы артық “СПРАВКА”-ның күшiн бiрден жойып, “Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тiркеу және оларға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру бойынша мемлекеттiк қызмет стандартын” ең алдымен қандастарыңыздың тұрақты тiркеуге тұруына тиiмдi етiп жаңа Қаулы шығарыңыз! Болмаса, мәңгiлiк елдiң беделiн түсiрмей, қазақты азапқа салмай, толық құрамыңызбен отставкаға кетiңiз!!!
Ауыт Мұқибек,"Жас Алаш"