Көгілдір экраның кімге қызмет атқарып жүр, Қазақ?
2014 ж. 20 ақпан
2438
5
Сочи Олимпиадасы басталғалы бері түнгі уақытта көгілдір экранға көз тігіп жүрмін. Кім біледі, көптен күткен алтынымыз қоржынға түскен сәтті жіберіп алуым мүмкін ғой. Алайда, әзірге үміт ақталмай тұр. Жерлесімдей болып кеткен Полторанин 30 км-да мүмкіндігін жіберіп алған соң көңілім суып қалды бұған да.
Дегенмен менің айтпағым мүлде ол емес. Сол түнгі уақытта олимпияданы беріп жатқан арнаның жарнамасын пайдаланып, басқа арналарды да бір сүзіп шығу әдетім. Жарнама болып жатқан кезде жып еткізіп басқа каналдарға қоя қоятыныма қасымда отырған басқа көрермендердің де жындары келіп жатады. Кейде, тіпті ауыстырып жібергеніме өзім де өкініп қалатын сәттерім бар. Неге дейсіз ғой. Ол ана спорт сайысын өткізіп алуға тіптен қатысы жоқ. Оның себебі…
Оның себебін айтайын.
Бұл жағдай бір рет қана қайталанса ештеңе емес қой. Әр күн сайын сондай. Түнгі сағат 12-ден кейін СТВ арнасында қыздар саудасы қызады екен. Өзін өзі сатып отырады кәдімгідей, телефон номерін жазып, «Жалғыздықтан жалықтың ба?», «Ол сенің барлық армандарыңды орындайды», деген секілді Жүсіпше айтсақ жаман-жаман сөздері бар. СТВ арнасының жеке сайтындағы (қазақша нұсқасы жоқ) "О нас" айдарында «Өзінің күні бүгінге дейінгі бар қызметінде телекомпанияның негізгі ұстанымы — Қазақстанда және алыс-жақын шетелдерде болып жатқан оқиғалар мен жағдайларды объективті тұрғыдан тарату. Сондай-ақ ҚР Президенті Н. Назарбаевтың жетекшілігімен өтіп жатқан реформалар мен түбегейлі өзгерістерді қолдау болып табылады» делінген екен. Сонда жоғарыдағы «қыз саудасы» да ҮЛКЕН кісінің «түбегейлі өзгерістерін» қолдау болып табыла ма?
Бұл СТВ арнасына қой дейтін қожа, әй дейтін әже болмағаны ма? Әлде, әлгі бір серияны 1 300 000 теңгеге шетелден сатып алатын Мәдениет және ақпарат министрлігі еліміздің экранында не жіберіліп жатқанын сараптамай ма?
Бұдан соң көретіндеріңіз эфирінің 60-70 пайызын ресейлік бағдарламалармен толтыратын «Жетінші арна». Бұнда да қыз саудасы! «Свидание со звездой» деп аталатын ресейлік бағдарламада ашық-шашық киінген қыздар, өздерін жарнамалау арқылы «жатқан» жюрилерді «тұрғызады». Бұл бағдарлама тіпті «балалар уақыты» (детский времия) бітпей жатып-ақ шыға береді екен. Тіпті бір жолы таңертеңгі сағат 10-да көріп шалқамнан түсе жаздағаным бар. Бағдарлама барысында бір топ қыздың ішінде (үстерінде лыпасы ғана бар), билеген әнші жігіт, қазылар алқасында отырған әйелдің алдында стриптиз билеген еді.
Жалпы «Жетінші арна» теларнасының көздегені не екенін түсіну қиын. Әнеу бір Нұртас Адамбаев деген адам болмай кеткірдің (айтпайын десем де) қазақты қорлауын қайта-қайта жарнамалай береді. Өткенде «Айтыс star» деген қазақтың төл өнерін әжуаға айналдырған «шедеврін» беріп жатыр. Өзінің мәңгүрттігін паш етіп, «Ауылдан қашу», «Наша казаша», «Ауылбай тв» т.б. тек қана қазақтың ұлттық санасын қорлап, елдігімізге нұқсан келтіретін, мәдениетімізді мазақ еткен бағдарламаларды жібереді эфирге. Осы арнаның тізгінін ұстап отырған Бибігүл Жексенбайға ұлт мәдениетін қорлауды доғарыңыз, жоғарыда аталған бағдарламасымақтарыңызбен елді мазақ етуді тоқтатыңыз дегім келеді.
Келесі бір арна анда-санда аты мен заты белгісіз әншілердің әні бір жаққа, сөзі бір жаққа, өзі бір жаққа кеткен бейнебаяндарын беріп тұратын «Таң» телеарнасы. «Таңның» таңқаларлығы сондай таңнан кешке дейін балгерлерді жарнамалап отырғаны. Әлде Байтасов мырза балгерлер одағының басшысы болып кеткен бе?
Тағы бір байқағаным, біздің үйдегі Элит-тв кабелдік жүйесі арқылы отандығы бар, шетелдігі бар барлығы 74 арна көрсетеді. Соның ішінде 14-і отандық. Ал осы он төрт арнаның «Асыл арна» телеарнадан басқасы тек қана шоумен айналысатындығы. Даңғыраған музыка, батыстық бейпіл мәдениетті жарнамалаумен әлек.
Балапан арнасының өзі қырып жоюға үйрететін мультфильмдер береді. Ал осы арналардан отандық өнім деген мүлде жоқ деуге болады. Бар болғаны аударма. Оның өзі сапасыз. Бар отандық туындының өзін қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға аударып беріп отыр.
Бір кезде Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейтін сөзін жазармандарымыз «Ел болам десең, экраныңды түзе» деп алмастырып еді. Бірақ одан бері талай уақыт өтсе де өзгерген ештеңені көре алмай жүрміз.
Міне менің жарнама уақында жылтыңдап, каналдан каналға ауыса қалған кезде көретін өкінішім!
Көгілдір экраның кімге қызмет атқарып жүр, Қазақ?
Жаубай Ержан