Ұлымыз - гей, қызымыз - лесбиян болып барады
2014 ж. 18 ақпан
4280
3
Беттің арын белбеуге түйген қоғамда ұлыңыз – гей, қызыңыз - лесбиян. Қазір тыр жалаңаш тұрған заманда бұның еш ерсілігі, анайысы жоқ. Ең сорақысы - қазақтың ұзын тарихында болмаған мұндай арсыздықта Қазақстанның Орталық Азия елдері арасында «көш» бастап тұрғандығы. Қазақстанның 10 пайызы гейлер мен лесбияндар деген дерек жер шарын шарлап кеткені әлдеқашан. «Демократияланғанымыздың» асқынған түрі осы шығар. Қазақтың ішінде қызтекелері мен еркекшораларының көбейгеніне Еуропа гөй-гөй десіп отыр. Шапан жауып, атқа отырғазбаса да, арқаға қағып, «бәрекелді!» десіп, жамбасымызға көпшік қойып жіберуден жалығар емес. Сөйтіп, «Адам құқығын сыйлайтын, шектемейтін, қызтеке мен еркекшораға «егемендік» берген олардың құқына қол сұқпайтын» жұртымыздың алақандай абыройы сол «көпшіктің» астында қалып қойды... «Алаш айнасы» бұған да көз тастап, құлақ түріп көрді.
Қазақстандағы бұл арсыздықтың етек алғанын айтып, БАҚ-тың да, аузы дуалылардың да дабыл қағуы бірінші емес. Бірақ үндемей құртатын меңіреу тыныштық ақыры бұл жүгенсіздікті ушықтырып болды. Оның тірі куәсі былтыр Қарағандының қақ ортасында лесбиян қыздардың дүркіретіп үйлену тойын жасауы. Онда да қол-аяғымыз жіпсіз байланып тек қарап қана отырдық. Өйткені, біздің заң еркекшоралар мен қызтекелерге тыйым салмаған сондай «гуманнный» заң. Соның ішінде біз лесбиян қыздар туралы сөз етпекпіз.
Лесбиян қыздар іздесеңіз, ғаламтордан оларды табу аса қиын шаруа емес екен. «Танысам, көрісем, жұптасам» деген лесбиян-қыздардың хабарландыруынан көз сүрінеді. Ішінде қазағы, орысы, татары, шүршіті тағы басқасы бәрі бар. Жастары да тәп-тәуір 16-17-ден әрі қарай. Уылжып тұрғаны да, отыздың ортасындағысы да бар. Таң қалдық. Расымен, қаракөз қыздарымыздың азғындаудың алдында емес, азғындық батпағынынң бел ортасында жүр екен.
ЖҚТБ/СПИД орталығының мәліметі бойынша, бүгінде елімізде азғындық жолға түскендердің саны 240 мыңнан асқан. Ал, Астанада төрт, Қарағандыда екі, Ақтөбеде бір, Алматыда жиырмаға жуық гей клуб бар деседі. Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл Қылмыстық Кодекс қайта қарауға түскенде қызтекелер мен лесбиянкілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы бапты қосты. Нақты айтқанда, халық қалаулысы еркек пен еркек, әйел мен әйел жаныстық қарым-қатынасқа барса, үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды ұсынды. Депутаттың бұл мәселедегі ұстанымына сүйенсек, гейклубтарды ашқандар да жазасыз қалмауы керек. «Оларға екі мың айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни, үш жарым миллион теңгеден аса айыппұл салынуы тиіс. Немесе екі жылға бас бостандығынан айыру керек», - дейді ол.
Гомосексуалды қарым-қатынастар әлемнің 78 елінде заңсыз болып саналады, ал олардың бесеуінде Иран, Сауд Арабиясы, Судан, Йемен мен Мавританияда өлім жазасы қарастырылған. Мұсылман мемлекеттерін айтпағанда Ресейдің өзі мұндай азғындықты заң жүзінде жазалауда. Бізде ше? Бізде лесбиян қыздар сайран салуда.
Сайт арқылы жастардың миына «онда тұрған түк те жоқ» деген пікірді құйып жатыр. Бұған тосқауыл бар ма? Жоқ па? Кеңес үкіметі кезінде гомосексуалдық Қылмыстық Кодексте атап көрсетілді. Оған қатысы барлардың тартылатын жауаптылығы да айқындалды. Ал1998 жыл – бұрыш-бұрышта бұғынған көгілдірлер мен қызғылттарды көшеге алып шықты. Яғни, ардың бет пердесін айырып тастадық сол сәтте. Содан бері «ұятсыз» болып барамыз.
Халық қалауылары да бұл мәселені қарастыру қажеттігін жиі көтеріп жүр. Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлов гомосексуалды қатынастарға тыйым салатын заң жобасын жасау қажеттігін ұсынды. «Отбасы және неке туралы» Кодекстің 11 бабын ғана нығайту қажет деп білемін, сонымен қатар гомосексуалдық қатынастарды жоятын және оларға ықпал ететін түнгі клубтарды жабу туралы заң жобасын жасау керек» деген болатын. Мұндай пікірге Нұртай Сабилянов та қосылады. «Мен әріптестерімнің біріншіден насихатқа тыйым салу және мұндай қызмет үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы ұсынысын толықтай қолдаймын» дейді ол.
Деректерге үңілсек, Қазақстанда гомосексуальдық 1998 жылдан соң етек алды. Заңнан алынып тасталған соң, тіпті ырық бермей кеткенге ұқсайды. Ал 2009 жылы жынысын өзгертуге ресми рұқсат беріліпті. 2013 жылы 3 қазанда Қазақстанда тұңғыш рет гейлер күні аталып өтілген. Ал ендеше?!..
Айналдырған 16 жылдың ішінде гомосексуалдық елдің түкпір-түкпірін түгелдей жаулап алыпты. Енді тағы бір 16 жылдан соң не болады? Ойлаудың өзі қорқынышты... Дәл бүгін Сталиннің гомосексуалдарға қолданған саясаты қажет. Қазақтың бұл мәселедегі былқылдақ-сылқылдақ ұстанымы ұлттың іріп-шіруіне әкеліп соғатын түрі бар.
Осы арада айтпасқа болмайды. Террроризм де дәл осындай еді. Жұрт жаппай намазға жығылып, уақапшылар әр жерде жұртты арандатып жатқанда да жайбарақат едік. Алаңдаған жұрттың айқайына құлақ асқан жан болмады. Соның соңы не болды? Соңында жер-жерде өзі арқылы өзгені қоса жарған шаһидтер пайда болды. Тіпті, ие бола алмай қалдық емес пе. Қару-жарағын асынып, Сирия асып кеткендері қаншама. Қазір тамырын тереңге жіберген. Басын жұлып тастағанымен, тамыры алынбай тұр. Ал кезінде жұрттың «аттанына» мән берген пенде кем еді. Енді міне «діншіл» десе, дір ете қалатын халге жеттік. Шалбары қысқа, сақалы сапсиғанды көрсек, жарылып кетпейміз бе деген үрей тұрады көкіректе.
Гомосексуалдықта да кеш қалмасақ, жарар еді. Қазір үйден ұл-қызымыз бір қадам ұзаса, уайым жейміз. Өйткені, бұл кезең балам үйде, қылығы түзде екенін ұқтырды. Тек... кеш қалмасақ етті. Жау кеткен соң қылышымызды тасқа шабатын әдетіміз бар еді...
Р.S. Ғаламторда Қарағандыға келіп, гомосексуалдардың өмірі туралы деректі фиьлм түсірмек болған немістерде бар еді. Сонда әлгі немістер енді Қарағандыда гейлердің үйлену тойын түсіретіндіктерін жеткізіпті. Былтырлары. Әрине, жасырын үйлену тойын. Осылайша, олар Қазақстандағы қызтекелер мен еркекшоралардың құқын қорғамақшы-мыс... Қазақ үшін мұның қандай қасірет екенін қазақ болып тумаған олар қайдан түсінсін...
"Алаш айнасы"