Халық азық-түлікті артығымен сатып алып жатыр
2014 ж. 18 ақпан
2316
1
Теңге бағамы азық-түлікке қатысты абыр-сабырды көбейтіп жіберді. Тұрғындар күнделікті тұтынатын ұн, шәй, шекер мен картоп-пияздың құны көтерілмес үшін әкім-қаралар жер-жерде арнайы штаб құрып, бағаны бақылауда ұстауға тырысуда.
Алайда, баға "аспандайды" деп үрейленген жұрт азық-түлік жеткілікті дегенге қарайтын емес. Дүкен сөрелеріндегі тауарды түгел сыпырып жатыр деп хабарлайды КТК арнасы.
Теңге қымбаттағалы бері Шымкентте алғаш рет ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне ел лап қойды. Тұрақтандыру қорынан бөлінген арзан азық-түлікті алуға ниеттенгендер бір жарып қалуды ойлаған. Картопты 55-тен, пиязды 35 теңгеден, ұннның келісін 50-ден аламыз деп келгендерге өнімдер жетпей қалып жатты.
"Қант келмеді әлі. Картошка ғана келді. Пиязды біреуге береді, біреуге бермей жатыр. Ал, мен 9-дан бастап келдім. Қант әне келеді, міне келеді деп келмей жатыр. Қашанғы күтеміз", - дейді тұрғындардың бірі.
Тек, әбден күттірген өнімдер келгенде, онсызда әзер тұрған тұрғындар мүлдем жарылардай болды. Бағасына сөз жоқ. Тек, сапасы көңіл көншітпейді. Тегіннің тұзы татымас дегендей, мысалы картобы шіріп кетіпті.
Солтүстік Қазақстан облысында да азық-түлік тағы да қымбаттайды дегенді естіген жұрт сөрелерді лап қойған. Қазір өңірде қант, күріш, пияз бен картоптың бағасы 30 пайызға дейін қымбаттаған.
Көтерме саудада бір қолға бес келі қант пен бес келі күріш берілуде.
Дүрбелеңнің көкесі Қарағандыда болатын сияқты. Себебі, мұнда арзан қанттың бір аптаға жететін қоры ғана қалған. Сондықтан әкім қаралар қант жеткізуші компаниялардың қабағына қарап, меморандум жасасып, жалпақтап жүр. Онсыз да өткен аптада өсімдік майының бағасы өскен. Ары қарай тағы шарықтап кетпес үшін қазір шенеуніктер тұрақтандыру қорындағы көкөніс пен азық түлікті әлеуметтік павильондарға шығарып жатыр.
Оңтүстік Қазақстанда тіпті қала әкімдері емес, облыс басшылары да бағаларды қадағалап жүр. Әрине, бұның бәрі сырт көз үшін. Бірақ базарларда дүрлігу жоқ. Баға да тұрақты.
Шенділер тұрғындарды текке дүрлікпеуге шақырып, абыр-сабырдың тезірек аптығын басуға тырысуда. Сондықтан, күнделікті тұтынатын азық-түліктен әзірге тарықпайтын түріміз бар. Бірақ әкім-қаралар аттан түсісімен алыпсатарлық қайта ушығып кетуі де мүмкін. Өйткені бәрі қазір әліптің артын күтіп отыр.
КТК арнасы