Алматы тұрғындары теңгенің құнсыздануына ашық наразылықтарын білдірді
2014 ж. 17 ақпан
2388
1
15 ақпан күні сағат күндізгі 12:00 шамасында Достық және Абай көшелерінің қиылысындағы Абай ескерткіші маңына ондаған наразы азамат жиналған.
Олар Абай ескерткіші темір турникеттермен қоршалғандықтан, наразылық жиынын қоршау сыртында, Достық көшесінің тротуарында өткізіп жатыр. Өзін Розагүл Телебаева деп таныстырған жалғызілікті ана жиналғандардың ешқандай саяси ұйымға жатпайтынын, жеке азаматтар екенін айтып, талаптары "проблемалық несиелерін жою" екенін мәлімдеген.
Түскі сағат 13:00 шамасында наразыларға азаматтық белсенділер Қанағат Такеева, Жасарал Қуанышәлин, Дильнар Инсенова келіп, өздерінің Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовпен жолыққандарын айтқан. Жасарал Қуанышәлиннің айтуынша, Есімовке олар "проблемалық несиелерді жою, девальвациядан кейінгі қымбатшылықты болдырмау және мұқтаж азаматтарға Алматыдан 10 сотықтан жер беру" туралы үш талап қойған.
Алматы қаласының әкімі проблемалық несиелерге қатысты үкімет шешімін күтіп отырғанын, әкімдіктің қымбатшылықты болдырмауға тырысатынын, Алматыда бос жер жоқ екенін айтқан. Белсенділер "Есімовке келесі аптаның сәрсенбісінде қайта кездесуге ұсыныс жасағандарын, әкім оған "ойланайын" деп жауап бергенін" айтты. Наразылар бұдан соң қоршаудан Абай ескерткішіне қарай өтпек болған. Алайда оларды полиция жібермеген.
Азаттық тілшісінің айтуынша, "көшеде шылым шеккені үшін" полиция бір адамды ұстаған. 11 ақпан күні Қазақстан Ұлттық банкі теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бұрынғы бағамын ұстап тұрудан бас тартып, доллар бағамын 185 теңге деп белгілеген еді.
15 ақпан күні таңертең Алматыдағы Абай ескерткіші мен Республика сарайы темір қоршаумен қоршалғанын айта кету керек. Азаттық тілшісі таңғы сағат 11-лер шамасында темір қоршаудың ішінде 5-6 полицей, қоршаудың сыртында 15 шақты құқық қорғау органдары қызметкерлері жүргенін көрген.
Полиция қызметтік "Газель" көліктерін де апарып қойған. Тілші қызметтік көліктің үшеуін байқағанын хабарлады. Одан бөлек, Республика сарайы маңына жол патрульдік полиция қызметкерлері де барған. Полицейлер Достық және Абай көшелерінің қиылысы маңынан өткен азаматтардың құжаттарын тексеріп жатыр.
Екі-үш күн бұрын әлеуметтік желілерде "Алматыда өтетін митинг" туралы ақпараттар таратылған еді. Facebook желісінде азаматтық белсенді Ғалым Ағелеуов Алматы қаласының Бостандық ауданы прокуратурасы өкілдерінің ескерту қағазын тапсырғанын хабарлады. Онда әлеуметтік желілерде жұртты митингіге шақырған адамдардың жауапқа тартылатыны ескертілген.
Азаттық радиосы