Арулар байқауы «тоқал» іздейтін «қыз жәрмеңкеге» айналып кеткен жоқ па?

43a3e310dd4390ae6dbe469bef31058aАлғаш «Қыз сыны» деп басталған арулар байқауы қазір тым көбейіп кеткені соншалық «ауруға» айналған секілді. Тұлпарды бәйгеге салу басқа да, ит жарыстыру мен қораз таластыру басқа ғой. Біздің қазіргі қит етсе арулар сынын ұйымдастырып шыға келетініміз де сол тұлпар бәйгесін әкеп қораз таластыру деңгейіне бір-ақ түсірген іспетті.  «Әлем аруы» деп, азуымызды Айға білемей-ақ қоялық, «Қазақ аруы», «Ана тілі аруы», «Қазнет аруы», «Күз аруы», тағысын тағы, қыл аяғы әр қала, тіпті әр ауыл, әр мектеп, тіпті әр бала бақшаның өз аруын анықтайтын бір дүрмек басталды да кетті. Өзін ұлдан әлі айырып та үлгірмеген бүлдіршін қыздың бет-аузын бояп, тіпті суға түсетін костюмде ортаға шығаратындай не басымызға күн туды дейсіз ғой. Яғни, дәстүр секілденіп кеткен мұндай байқауларды өткізуден қазақ қоғамына не пайда? Не мақсат? Қыз-қырқын, қала берді келіншектерді желпіндіру о баста қалай басталып еді өзі? «Бәленің бәрін бастайтын қара тана» демекші, ару салыстыру, ару жарыстыру алғаш АҚШ-та 1951 жылы басталыпты. 20 жыл қатарынан АҚШ-қа аузының суын ағызып қарап отыра бере ме, әлем елдері кезекпе-кезек өткізуге бел байлапты. Тіпті Кәрі құрлықты былай қойғанда, 2002 жылы Қытай, 2004 жылы  Вьетнам, 2005 жылы Латвия, 2007 жылы Танзания қосылып, көштен құр қалғысы келмеген Қазақстан да алғаш рет Әлем аруына 2006 жылы «қызын қосса» керек. (бейне бәйгеге тұлпар қосқандай, автор) Жоғарыда айтқандай, қазақ қыз жарыстыруды бұдан әлдеқайда бастап кеп жіберген, әрине өз ішімізде. Дәлірек айтсақ, 1996 жылдан бері тілі тіпті қазақшаға да келмейтін қаракөз қыздардың ортаға шығып, өзінің құлын мүсінін көрсетіп ерсілі-қарсылы жүруін «Мисс Казахстан» деп, оған мемлекет тарапынан ақша бөлу кімге, не үшін қажет болғаны да түсініксіз. Ұзынқұлақтың айтуынша, бұл «тоқал іздеген байшыкештердің» базарына ұқсайды. «Ару» деген атақты олар өзінің көз құртына айналған қызға алып беріп, өзінің нақсүйері, тіпті тоқалына да айналдырып алатыны жай алып-қашты әңгіме емес, қазіргі қымбат көліктерде қонжиып отырып алатын жап-жас қыздардың көбейіп кеткендегі соның дәлеліндей. Бір не екі бөлмелі пәтерді де әперіп қойса, «тордағы тоты» болуға дайын қыз-қырқынның көбейіп кеткенін жігіттер де жасырмайды. БАҚ-тар да жүр жарыса шулап «бәлен аруы», «түген аруы» деп, «қыз жәрмеңкесінің» көрігін қыздыра түскендей. Оны қыздың ата-анасы көрмейді деу, білмейді деу бекер, тіпті тәнін жалаңаштап ортаға шықса соған жұртпен бірге қол шапалақтап, соңынан жуатын да болыпты. Әлде  қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген қызынан «байлық» артық болды ма ата-анаға? Не де болса күні кеше қызғыштай қорғаған қызын қазақ бүгін намыстан жұрдай болып өз қолымен ел алдына шығарып арзан тауар секілді «саудалап» жатыр. Тыныштық Қалдыбаева, әлеуметтану ғылымының докторы, профессор:  –  Қыз бала қазір тауарға айналды. Неғұрлым әдемі, жас болған сайын қымбат. Жезөкшелік деген бүгінде баяғыдай көшеде ашық тұратын жабайы бейнеде емес, қайта ол кез күресуге оңай еді ғой, ең қауіптісі сол – бүгінде ол көлеңкелі экономиканың ең түсімі мол құралына айналды. Қазақстан маңайындағы елдердің арасында да тіпті осы бір «тауар» түріне қатысты трансэкономикалық байланыс қалыптасқан. Соңғы статистика бойынша, бойжеткендердің 14 пайызы, жігіттердің 12-13 пайызы бедеу көрінеді. Кеш үйленетіндер өз алдына. Бұл да сол жаһанданудың біз секілді дамушы елдерге салып жатқан кері тежеу, қастық жоспары деуге болады. Адамгершілікпен келісе қоймайтын бизнестің қоғамға қарсы әрекеті біздің жастарымызды осылай өте үлкен қатерге апарып отыр. Қазірдің өзінде орны толмас өкінішке ұрынып үлгерген жайымыз да жоқ емес. Яғни біз осылайша өз қыздарымызды қорлап жатырмыз. Қазір «бәлен жердің аруы» деп келетін байқаулардың  байшыкештерге тоқал іздеу үшін жарияланған «мәдени» кастингі деген де дәйектер жоқ емес. Болмаса шоу-бизнесте дауысы керемет болмаса да, түр-келбеті, сыр-сымбаты сұлу қыздардың қаптауы да осы «көлеңкелі экономикаға» меңзейтіндей. Бұл – қазір қоғам болып қолға алуды қажет ететін, біліктілер бас қосып, бір шешім шығарғанын күтіп жатқан үлкен мәселе. Түйін: «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деп, бір кездері қазақ қызының сыпайы, көркем, жан баласына тіке қарай алмайтын ұяң мінезіне баға берсек, бүгін, ол жолдарды айтсақ та, біртүрлі ызамен, әлдебір тосын мінездің төркінін түсінбегеннен айтқандай болып шығатын секілдіміз бір түрлі... Мейлі, «Қыз сыны», «Сұлулар сайысы», «Арулар сыны» не деп аталса да, ол  бүгін «үкілі кәмшат, бүрмелі көйлектінің» сайысы,  қызға тән ісмерлік, аспаздық, әсемдік, білім бәсекесі емес, жалаңаш тәнді тамашалайтын арсыз жиынға, «қыз жәрмеңкесіне» айналып кетті. Байлықтың буына мастанғандар «сұлу» іздеп сабылғанда, «әміріңізге құлдық» деп құрақ ұшатын «жағымпаздар» торына үкілеп өсірген үміттеріңіздің ілігіп қалмауын қадағалаңыздаршы, ата-ана, «қазақтың қырық үйі, қала берді»...

 Мәриям Әбсаттар, "Алаш айнасы"