МҰҚАҒАЛИДЫҢ ТУҒАН КҮНІ - ақпанда емес... НАУРЫЗ айында !..
2014 ж. 09 ақпан
12016
17
Таяуда, 6 ақпан күні "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев пен "Ақ жол" партиясы Орталық комитеті хатшысы Берік Дүйсембиев және мен Орал қаласына іссапармен ұшып шықтық. Ұшаққа кіре салысымен әркім өз шаруасына кірісті. Мен де мобильді телефонымның "мұрағаттарына" шолу жасаудамын. Жан-жағыма қарасам, Азекең бір қалың кітапқа үңіліп кетіпті. Менің жанымда отырған Берік қолынан тастамайтын Мұқағалидың кітабына шұқшиыпты. Екі әріптесім кітап оқып жатқанда мен айфонмен алысып отырғаныма қысылып қалдым... Мұқағалидың әр өлеңінен үзінді оқып отырған Берік кенеттен кітаптан басын көтеріп маған:
-Мұқағали наурызда туған ба?-деп сұрады.
-Жоқ, үш күннен кейін - туған күні - 9 ақпан ғой - дедім.
-Онда неге мына өлеңінде наурыз айында туғанын айтады?
-Кәне,-деп қолындағы кітапты алып қарай бастадым.
Иә, Мұқағалидың "Наурыз айы туғанда" деген жыл сайын Наурыз мерекесінде әйгілі әнші Роза Рымбаеваның орындауында шырқалатын (әнін жазған Т.Сарыбаев) әнде мынадай жолдармен аяқталатыны анық:
Осынау игі кең жерге,
Наурыз айы келгенде.
Наурыз тойын бергенде,
Көрмегендер де арманда,
Арманда оны көрген де.
Келіп ем өмір-орманға,
Наурыз айы келгенде.
Бұл әнді талай тыңдап жүрсек те, дәл осы жолдарға мән бере қоймаппыз...
Ақынның әр өлеңі - өмірінің өрімі екенін ескерсек, басқа-басқа, өлеңде өтірік айтып көрмеген, "Мен өмірді жырлау үшін келгемін!"- деген Мұқағалидай ақиық ақындардың әр жыры - нақты өмірбаян беттері болып табылатынына назар аударсақ, Мұқағали Мақатаевтың туған күні - арқыраған ақпанда емес, жер-дүние жіби бастаған Наурыз айында болады.
Бұған дейін естігенім,әлде бір жерден оқығаным бар еді - Мұқаңның туған күні 8 наурыз деп... 8 наурыз әйелдер күні болған соң бір айдай ерте - 9 ақпанға өзгертіп алған көрінеді. Бұл сөздің шындығын кім біледі екен?
Бір білсе, ақынның тұңғыш ұлы Жұлдыз Мұқағалиұлы білер деп, телефон шалғанымызбен, хабарласа алмадық.
Әдеттегідей интернетке жүгінгенімізде, іздегенімізді kk.wikipedia.org сайтынан оңай тауып алдық. Сонымен онда Мұқағали "1931 ж. 9-шы ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген"-деп жазылғанмен, "Ақынның туған күні жөнінде екі түрлі ақпарат бар. Алайда, құжаттар бойынша ақынның туған күні ақпанның 9-нда тойланады. Екінші ақпарат: ақынның анасы Нағиман апа былай деген: «Мұқағалиым 1931 жылы наурыз айының 8-інде дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт кейін Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз.»-дейді. Ақынның екінші туған күніне байланысты: «Ал құжат бойынша Мұқағали 9 ақпанда дүниеге келген. Бұл куәлікті ақын ес білген кезде сол кездегі сайлау науқанына байланысты өзі жаздырып алған екен»,- дейді Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Оразақын Асқар.
Ақын тойын жылда 9 ақпанда "Бүгін менің туған күнім" деген атпен еліміз бойынша кең көлемде атап жүрген өнер қайраткері, әйгілі әртіс Асқар Наймантайға да қоңырау шалдық. Асекең: "Иә, Мұқағалидың туған күні туралы екі дерек бар. Анасының айтқанын да оқығамын. Бірақ біз ресми құжатқа сүйеніп өткізіп келдік кешеге дейін. Енді-екі-үш жылдан бері бұл шаруамен Мұқаңның балалары, Жұлдыз бен келіні, халықаралық Мұқағали Мақатаев атындағы қор төрайымы Бақыткүл айналысып жүр. Негізі Мұқаңның туған күні ел ішінде 9 ақпаннан Наурыз тойына дейін жалғасады",-деп жауап берді.
Жалпы, ақынның өзінің туған күні туралы "Бүгін менің туған күнім!"-атты белгілі жырын білеміз:
Бүгін менің туған күнім.
Ой, бәле-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай.
Мына дүние неге жатыр үндемей?!
Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.
Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,
«Мынау - шапан,
Мынау - атың, мін»,- демей.
Мына жұртқа жақпады ма әлденем?!
Бекер өмір сүргенмін бе, әлде мен?
Халқым,
Сенің қасиетіңді білем деп,
Босқа өмірім өтті ме екен әуремен?!
Айтамын деп қуанышың, мұңынды,
Басқа арнаға бұрдым ба әлде жырымды?!
Мен, бәрібір, өзіңменен бір болам,
Өзегіне тепсең-дағы ұлыңды.
...Тойланбаса тойланбасын,
He етейін.
Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін.
Қаламымды берші маған, бәйбіше,
Болашаққа арыз жазып кетейін...-
деп жырлап өткен Мұқалидың туған күнін бүгінде бүкіл ел тойлайды. Осы жырдағы "Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,"-деген жолдарды оқығанда да, қызыл-жасыл гүлдерге толы көрікті көктем айы елес бермей ме?!.
Бір қызығы, қазақтың тағы бір ұлы ақыны, аймаңдай Айбергенов Төлегеннің де туған күні - 8 наурыз (1937 жыл). Ал Қарақалпақстанда Қоңырат кентінде 30 жасында қайтыс болған Төлеген бауырына топырақ салуға Қазақстаннан тек Мұқағалидың барғаны, арнап жоқтау жыр жазғаны белгілі. Бұл ұлылардың өзара үндестігі шығар...
Сонымен Мұқағалидың туған күні анасы айтып, өзі жазғандай " Наурыз айы келгенде" 8-інші күні деп білеміз бе? Сіздер не дейсіздер? Жылда бүкіл ел тойлайтын ақынның туған күні қақаған қыста емес, Мұқағалидың өзі ерекше емірене қимастықпен жырлап өткен көктемде болғаны әрі шындықтың орнауы, әрі елге де қолайлы емес пе?!.
Қазыбек ИСА
09 ақпан 2014 жыл.
www.qazaquni.kz