Қазір ұлын үйлендiрiп, қызын ұзатып жатқанның денi – жалғызбасты әйелдер
2014 ж. 06 ақпан
4055
3
Құдай өзi кешiрсiн, бұлай деп қатты айтуыма мына өмiрден көргенiм мен түйгенiм себепшi болып отыр. Қазақтың тойы көп, жекжат-жұрағатың өз алдына бiр төбе. Шама келгенше шақырылған жерден қалмайсың. Сондағы бiр түйгенiм, қазақтың тойын мазаққа айналдырып бара жатқандаймыз.
Неке – қасиеттi түсiнiк, ол жүрек қалауымен қосылған екi жастың Құдайдың алдында берген сертi. Осы сертке тiлектес жақын жақын-жуық жиналып куә болады, ата-ана ақ батасын бередi. Тойдың мәнi осында. Ұлын үйлендiрiп, қызын ұзатып отырған ата-ана өз шама-шарқынша дастарқан жайып, сый-сыбағасын көрсетедi. Тойдың мәнi iшкен-жеген мен өзiндегi барды көрсетiп, жұрттың киген киiмi мен бетiне жаққан бояуын сөз қылу емес. Үйлесiмдi киiнiп, орынды сөйлеп, жарасымды қылықпен айналаңды жадыратып отырсаң, жұртқа жасаған құрметiң – өзiңнiң абыройың.
Менiң айтпағым бұл емес едi. Той әулеттiң бүтiндiгiн, ағайынның сыйластығын, құрбы-құрдастың парасатын асқақтататын жиын. Үш буын – аға буын, орта буын, кiшi буын тойда рухани дүниесiн жаңғыртып, адами тiректерiн мықтап бекiте түседi. Өкiнiшке қарай, қазiргi тойлар негiзгi мәнi отбасылық тiректi мықтап бекiту мақсатына құрылған қазақи қалпын жоғалтып барады. Қазiрде орта жастағы 40 пен 50-дегiлердiң балалары отау тiге бастады. Тойға барсаң, ұлын үйлендiрiп, қызын ұзатып жатқанның денi – жалғызбасты әйелдер. Күпiрлiк еткiм келмейдi, бiрақ көрген көзде жазық жоқ. Айтпасқа тағы болмас.
Жалғыз әйел той өткiзiп жатыр. Ағайын-тумасы, жолдас-жорасы қаумалап тұрса да, жалғыздың аты жалғыз. Тағдырдың жазуымен жесiр қалса сын жоқ қой, бiрақ сол әйелдердiң көбiсi 90-жылдардың тұрмыс қиыншылығында күйеулерiн тастап кеткендер. Балаларын жалғыз өсiргендер. Олардың ұлдары әке тәрбиесiнiң не екенiн де бiлмейдi. Орысша ойлайтын әйелдiң орысша тәрбиеленген балалары. Түрi қазақ, бiрақ дүбәра ортада өскен баланың тойы қандай болады? Әрине, дүбәра той болады. 50-ге келгенде өзiнiң қазақ екенi есiне түсе ме, әлде қыр астына келiп қалған қарттықтың ызғарын сезiнiп, жалғыз баланың өзiн тастап кетпейтiндiгiне сенiмдi болғысы келе ме, бар жақынды жинап дастарқанын жаяды.
Төрде, құдалардың ортасында баяғы өзiн тастап кеткен күйеудiң ағайын-туысы не өзi отырады. Ол күйеудiң кескiн-кейпi жүдеу, киiмi жұпынылау, өз баласының емес, басқа бiр үйдiң тойына байқамай кiрiп кетiп, шығудың ретiн таппай қысылып отырған шақырылмаған қонаққа ұқсайды. Өз баласына той жасап бере алмай, бүгежектеп отырған бейшара тiрлiк. Жүрегiң дiр ете қалады. Әйелдi де аяйсың, барын салып тыраштанып жатқан. Еркек бола алмай қалған еркектi де аяйсың.
Ажырасып кеткен бұрынғы күйеу дәулеттi болса, жұбайлық жарасым таппаған бұрынғы қосағынан осы кезде әйтеуiр бiр өшiн алып қалады. Мұндайда барлық нәрсенi байлық шешедi. Бұрынғы әйелге ерегiскен бұрынғы күйеу осы кездерi өзi тәрбиелемеген баласына жақындап үлгерген. Тойды өзi жасайды, жаңа құдасына жасайтын сый-сияпатын өзi шешедi. Орысша ойлайтын бала мен жас келiн де әкеге қарай ойыса кеткен. Әйел байғұс бармағын тiстейдi осы кезде. Жоқтық қолын байлағандықтан бұрынғы күйеудiң барлық қитұрқылығы мен қорлығына көнедi. Мақсат –тойды абыроймен өткiзу. Қазiргi жас қыздар ақшаны ерекше жақсы көредi емес пе? Жас келiн жаңа қосағының құлағын дәулеттi әкеге қарай бұра түседi. Ал жалғызбасты әйел тәрбиелеген ұл, еркектiң тәрбиесiн көрмеген ұл осындайда мiндеттi түрде жаңа үйленген келiншегiнiң сөзiн заң көредi. Себебi оны ес бiлгеннен жалғыз шешесi ғана тәрбиелеген. Ол – әйел тәрбиелеген бала. Онда жазық жоқ. Ол ер адамның сөзiн қабылдай алмайды. Есесiне, жас келiншегi кiмнiң пайдалы екенiн баяғыда зерттеп қойған. Қазiргi жастар бөлек тұрғанды жақсы көредi. Күйеуiнiң жас шешесiмен бiрге тұрмау үшiн пәтер керек. Пәтердi тек дәулеттi қайын ата ғана алып бере алады. Ең құрығанда, ипотекалық жарнасын төлеп бередi. Сөйтiп, жас келiн жаңа отауында өз сөзiн өткiзе бастайды.
Мiне, тойға барсаң осындай жағдайды көрiп тұрасың. Жалғандықты, бақай есепке негiзделген қарым-қатынастарды көрген соң iшiң мұздайды. Ақ неке, отау құрудың мәнi осы ма едi? Ер мен әйелдiң арасында жылулық болмаған жағдайда құрған отауы да мәңгi мұз. Жылусыз үйден береке қашады. Ақыры некелескен адамның екеуi де қашады.
"Жас Алаш" газеті
Мағфура Ниязмағамбетова,
Ақтөбе қаласы.