Айтматовты ардақтау шаралары өтті

    Aitmatov Жуырда Қырғызстанда «Адамзаттың Айтматовы» атанған қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовтың 85 жылдығына орай бірсыпыра мерекелік шаралар болып өтті. Оған Қазақстаннан бір топ ақын-жазушылар қатысты. Осы жиынға арнайы келген ақын Мұхтар Шахановты Қырғызстанның Президенті  А. Атамбаев  арнайы қабылдады. Мерекелік шаралар  қырғыздың қуғын-сүргін құрбандары жатқан Ата-Бейіт зиратындағы жазушы қабірінің басына Қырғызстан президентінің тікелей демеушілігімен  тұрғызылған мемориальды ескерткіштің ашылу салтанатымен басталды.  Аруақтарға бағышталып құран оқылған соң, Қырғызстан Президенті А. Атамбаев  Ш. Айтматовтың шығармашылығы, оның қырғыз, түркілік, әлемдік әдебиетке қосқан үлесі жайлы жалынды сөз сөйледі. Келесі сөзді сөйлеген ұзақ жылдар бойы Шыңғыспен дос болып, шығармашылық бірлестікте кітаптар жазған М. Шаханов тебірене тұрып, жазушы  өнегесі туралы өз ойларын айтты. Тоқтағұл  Сатылғанов атындағы Қырғыз  Ұлттық филармониясында өткен «Шыңғы Айтматов және оның Ыстықкөл форумы» атты салтанатты жиында әлемнің көптеген елдерінен келген мемлекет, қоғам қайраткерлері, қаламгерлер ХХ ғасырдағы әлемдік әдебиеттің аса көректі өкілдерінің бірі болған Шыңғыс Айтматов жайлы өз ойларымен бөлісті. Қазақстаннан ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі А. И. Бөрібаев пен  ақын Мұхтар Шаханов  сөз алды. Жазушының 85  жылдығына арналған мерекелік шаралар жаңа замандағы әлемдік өркениет мәселелеріне арналып, Ыстықкөлде өткен халықаралық форумға ұласты. «Шыңғыс Айтматов феномені», «Жаһандану дәуіріндегі Қырғызстан, Еуразия және түркі әлемі», «Өркениеттегі жалпыадамзаттық құндылықтар мен мәдениеттің дамуы», «Ыстықкөл форумы: генезисі, дамуы және болашағы» секциялары бойынша бөлініп жұмыс істеген халықаралық жиында әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар қазіргі заманғы әдебиет, мәдениет, жалпы өркениет, оның болашағы жайлы ойларын ортаға салды. Форумда Қазақстан жағынан Қазақстанның халық жазушысы Сәбит Досанов  «Шыңғыс Айтматов тағлымы», С. Демирел атындағы университет ректорының кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы «ХХ1 ғасырдағы аз ұлттар мен тілдердің, әдебиеттердің тағдыры» тақырыптарында баяндамалар жасады. Мерекелік шаралар аясында 1У «Арт Ордо» Халықаралық театр фестивалы болып өтті. Бірнеше күнге созылған өнер  бәсекесі бойынша П. Ойунский атындағы Якут драма театры Ресей Федерациясының Халық артисі, режиссер А.С. Борисов қойған «Мен ұнатқан жағалау» («Желанный  берег  мой») спектаклі  үшін  жеңімпаз  атанды. www.qazaquni.kz