Динара суррогат ана атануға ниетті…

4
2988

Қазақстанда ғаламтор арқылы жарнамаланатын медициналық қызмет түрі – суррогат ана немесе басқа адамдардың тапсырысымен дүниеге бала әкелу белең ала бастады.

Өзін Динара деп таныстырған 22 жасар бойжеткен 25 мың долларға бөтен адамдар үшін бала тауып беруге даяр. Әзірге оның коммерциялық ұсынысымен ешкім келісе қоймапты.

«Хабарласатындар жеткілікті. Бірақ әлі ешқайсысының шарттары көңілімнен шықпайды. Ақпан-наурыз айында осыны бастап кеткім келеді. Оған дейін біреулер табылатын шығар», – деді Динара «Айқын» газетіне берген сұхбатында.

Оның kazakh.ru сайтындағы «Сіздің сәбиіңізге суррогат ана боламын» деп берген жарнамасында ұлтының қазақ екендігі, бойы – 167, салмағы – 65 кг, «зиянды дағдылардан ада, ішімдіктен аулақ, темекі тартпайтындығы, аурулары жоқ екендігі» тәптіштеп жазылған. Оған қоса болашақ суррогат ананың Алматыдағы жоғары оқу орындардың бірін қызыл дипломмен тамамдағаны көрсетіліпті.

Өз әңгімесінде Динара биыл маусым айында педагогика мамандығы бойынша магистратураны үздік бағаға тамамдайтындығын жеткізді.

Динара барлық пәндер бойынша бағаларының жоғары екенін де тілге тиек етті. Бірақ қызыл диплом жақсы жұмыс таба алатынына кепілдік бермейтінін және бұл материалдық жағынан қиын екенін айтып мұңайды. Динараның 3 жасар баласы әке-шешемнің қолында тұрады екен. Ал бойжеткеннің өзі пәтерде тұрады. Сондықтан ол суррогат ана болуға шешім қабылдаған.

Динараның жарнамада көрсетілген шарттарына сәйкес балаға «тапсырыс» беретін ерлі-зайыптылар босана сала оған 25 мың доллар сыйақы ұсынуы керек. Ал оған дейін жүкті кезінде ай сайын 500 доллар төлеп тұруы тиіс. Егер егіз бала тапқан жағдайда алғашқы соманың 30 пайызы үстеме ретінде берілуі керек.

Динара бағаны түсірмейтіндігін және болашақ ата-аналармен келісім-шарт жасалынатындығын ескертті.

Қазақстанда мұндай аналарға заңды түрде келісімшарттар жасасып, психологиялық қызмет көрсететін арнайы компаниялар жұмыс істейді. Мәселен, Астанадағы «Болашақ» суррогат аналық орталығының бас директоры Данира Шоқанқызы суррогат ана болу заңмен рұқсат етілгенін еске салады.

2011 жылдың желтоқсан айында қабылданған «Неке мен отбасы туралы» заңға сәйкес денсаулығы мығым, жасы 35-ке дейінгі, дені сау баласы бар, зиянды дағдылары жоқ әйел суррогат ана бола алады.

«Болашақ» суррогат аналық орталығы өкілінің айтуынша, Қазақстанда бөтен әйелдің көмегімен бала сүйгісі келетіндер көп. Кейбір деректер бойынша, суррогат аналардың арқасында жылына шамамен 100-200 отбасы сәбилі болады.

Ғаламтордағы жарнамаларға қарағанда, тапсырыспен құрсақ көтеру құны 10-30 мың долларға дейін барады. Суррогат ана болғысы келетіндердің басым бөлігін жасы 30-ға толмаған жастар құрайды.

Қомақты сомамен бірге тоғыз ай тұратын баспанасын, киімін, тамағы мен дәрумендерін қоса талап ететін 22 жасар Зухра есімді әйел де әркімнің «бергеніне қарай» бала көтеріп, сол үшін Ташкенттен көшіп келуге даяр екенін айтады.

Дегенмен, Репродуктивті медицина институты сауалнамасының қорытындысы бойынша, суррогат аналардың 40 пайызы альтурист саналады. Яғни баласын құрсағында көтергені үшін ақша алмайтындар – ерлі-зайыптылардың туған-туыстары.

«Мен 20 жыл бойы бала көтере алмаған туған әпкеме суррогат ана болуға келістім. Олардан ешқандай ақша талап етпеймін. Тек әпкемнің бақытты болғанын қалаймын», – деп жазады 35 жасар Назгүл.

Әпкесіне бала көтеріп беруге Назгүлдің күйеуі де рұқсат берген. Бірақ оны осы әрекетінің ислам діні қағидаларына сәйкес келмейтіндігі ойландырады.

«Ислам діні мұны құптамайды екен. Не істесем екен? Бірақ шегінуге жол жоқ. Зор күнәға батсам да, әпкемнің бақытты болғанын қалаймын», – деп интернет пайдаланушылармен ойын бөліседі Назгүл.

Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайдың сөзінше, суррогат аналық діни, имандылық көзқарас тұрғысынан алғанда да ақтауға келмейді. Имам ислам ғалымдарының мұндай аналық түріне тыйым салынады (харам) деп мәлімдейтінін алға тартады.

Қайрат Жолдыбайдың айтуынша, Құранда балаға ұрық клеткасын беруші емес, оны жарық дүниеге әкелген әйел анасы саналатындығы жазылған.

«Олардың аналары – оларды туған әйелдер ғана», «Біз адамға ата-анасына жақсы қарауды ғибадат еттік. Анасы оны құрсағында азаппен көтереді және азаппен дүниеге әкеледі», делінген Құранда.

Сонымен бірге баланың психологиялық бейімделуі де мәселе ретінде қарастырылады. Егер ол өзін анасының емес, басқа әйелдің дүниеге әкелгенін білсе, бұл оны толғандыруы, психикасына кері әсер етуі мүмкін, деп есептейді мамандар.

Әйтсе де, интернет жарнамаларынан тегін суррогат ана болғысы келетін шынайы альтуристерді табу қиын. Әлемде суррогат аналыққа қатысты көзқарас та біркелкі емес. Мәселен, Франция, Германия, Австрия, Норвегия, Швеция, АҚШ-тың кейбір штаттарында мұндай «жалған ата-аналыққа» тыйым салынған.

Австралия, Ұлыбритания, Дания, Испания, Канада, Нидерланд секілді елдерде суррогат аналықты табыс көзіне айналдыруға рұқсат берілмейді. Беларуссияда суррогат ананың қызметін медициналық көрсеткіштер бойынша бала көтеруге физиологиялық мүмкіндігі жоқ әйелдер ғана пайдаланады.

Ал Қазақстан, Ресей, Украина, Грузия, Оңтүстік Африка Республикасы, АҚШ-тың көптеген штаттарында суррогат ана болу, оның ішінде сол арқылы пайда көру заңмен реттелген.

nur.kz

4 ПІКІРЛЕР

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз