Марат Толыбаев мал бағуға лайық адам...
2014 ж. 31 қаңтар
2136
7
Алматының атымен алысу “модаға” айналды
Толыбаевтың әлеуметтiк желi арқылы топылдатқан ой-орамдарын екшесек, “осы кiсi нағыз қой бағуға лайық адам-ау” деген қорытынды шығады. Себебi бiр қошқарға қанша қойды сүргiзем десе де – еркi. Жаңа туған қозыға үш тiлде ат қойып алса да, өзi бiледi. Тiптi қорасын “Алма-Ата” деп атасын! Өзi би, өзi қожа.
“Алматыны Алма-Ата десек, әдемi естiледi” деп ақыл айтқандар бұрын да аз болмаған. Ендi оның қатарына Марат Толыбаев дейтiн тағы бiр “ғұлама” қосылды. Ғұламалылығы сол, бұл кiсi “жалғыз Алматыны ғана емес, өзге қалаларды да, тiптi ауыл-ауылдың атын да орысшалап, баяғы қалпында жазсақ, қатып кетер едi” деген ой айтады. “Сөзiң бар болсын сенiң, Толыбаев!” деп, кешегi вице-министрдiң сандырағына тоқталмай-ақ қоюға да болар едi. Бiрақ Толыбаевты толғандырып жүрген мәселе жалғыз бұл емес екен.
Алдымен таныстырып алайық, Марат Толыбаев бiрнеше қызметтiң басын ұстап, бiлдей бастық болған адам. Ұсақ-түйектi айтпағанда, 2004-06 жылдары Астана әкiмiнiң орынбасары қызметiн атқарды. 2007-10 жылдардың аралығында “Тобыл” әлеуметiк-кәсiпкерлiк корпорациясы ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болды. Ал 2011 жылдан бастап адымы ашылмаған аграрлық салаға вице-министр болып тағайындалған. Алайда “Толыбаев тындырыпты” деген тiрлiктi ауыл шаруашылығы саласынан табу қиын, тiптi оны ешкiм танымайтын да. Керiсiнше, қызметiнен босағаннан кейiн Толыбаев “гүлге” айналып шыға келдi. Ол 2013 жылдың желтоқсан айында Facebook әлеуметтiк желiсiндегi жеке парақшасына былай деп жазды: “Құрметтi достар! Кешеден бастап мен ауыл шаруашылығы вице-министрi емеспiн. Бiрақ мен бұрынғыша Марат Толыбаев болып қала беремiн”.
Мiне, Толыбаев дейтiн шендiнiң бар екенiн жұрт осы кезде ұқты. Бiрақ оның “мен бұрынғыша Толыбаев болып қала беремiн” дегенiн ешкiм толық түсiнбеген. Осыған шамданды ма, ол ендi өзiн толғандырған дүниелердi әлеуметтiк желiге ытқыта бастады. Соның ең маңыздысы, тоқал алуды заңдастыруға қатысты болған-ды. Әрине, мұндай тақырып ақылдың көптiгiнен басы тақырлана бастаған шендiлерге ұнайды. Бәлкiм, осы мәселе мәжiлiстiң қарауына шығып та кетер ме едi, кiм бiледi? Өкiнiшке қарай, әп-әйбат ұсынысты Толыбаевтың өзi құртты. “Әйелдердiң құқы шектелмес үшiн, көп күйеуге тиюдi де мақұлдаған жөн” деп едi сонда бұл. “Шiркiн, дұрыс-ақ болар едi” деп жас тоқалға ындыны құрып отырғандар мына сөзден шоршып түстi. Сөйтiп, әлеуметтiк желiдегi ұсыныс қоғамды қозғай алмады. Тiптi кейбiреулер тек жүрмей, “Осы Толыбаев қатынынан қорқады-ау” деген әңгiме де шығарды. Оларға сенсек: “Тоқал алуға аңсары ауған кешегi шендi бәйбiшесiне “бостандық” беру арқылы ғана өз мақсатына жететiн көрiнедi”.
Бiрақ, шыны керек, ешкiм Толыбаев идеясының тереңiне бойлай алған жоқ. Әйтпесе бұл кiсiнiң бар ойы қазақтың санын көбейтiп, үкiметтiң қаржысын үнемдеу болатын. Мәселен көп әйел алу заңдастырылса, қарадомалақтар құмырсқадай қаптар едi. Ал көп күйеуге тию не үшiн керек? Өйткенi еркектiң етегiнен ұстаса да, пұшпағы қанамай жүрген келiншек жетiп-артылады қазiр. Сонда олар бiрнеше күйеуге тисе, бiреуiнен болмаса да, екiншiсiнен неге бала көтермесiн? Оның үстiне ортақ баланы “өзiмдiкi” деп ойлайтын қалың еркек әлгi нәрестенi жабыла бақпай ма? Мiне, мәселенiң төркiнi! Көрдiңiз бе, мұндай жағдайда сәбиге жергөкпұл берудiң де қажетi болмай қалады, үкiметтiң қаржысы үнемделедi...
Толыбаевтың “толғатып” жүрiп тапқан тың ұсынысы мұнымен шектелмейдi. Әнебiр күнi қазақтың аты-жөнiне қатысты да ғажап ой айтқан. Оның пiкiрiнше, қазiр Еркiндер “Еркин”, “Еркен” деп жазылса, жұлдыздар “Жулдуз”, “Жулдыз” деп жазылады екен. Бұл дұрыс па? Әрине, дұрыс емес. Ендеше не iстеу керек? Не iстеу керек екенiн Толыбаев оп-оңай тауып бердi: „АХАЖ-дан құжат алғанда баланың аты-жөнi үш тiлде жазылғаны дұрыс. Мысалы оның аты Серiк Пiскенов болса, астына орысша – Серик Пыскенов, сосын ағылшынша – Serik Pyskenov деп жазған дұрыс”.
“Осыны айтып отырған адамның өз басы әлi пiспеген-ау, сiрә!” деп ойлағандардың да аз болмағаны анық. Бiрақ бұл үш тұғырлы тiлдi мансұқтайтын билiктiң түп мақсатымен төркiндес ой едi. Өкiнiшке қарай, кешегi әрiптестерi iлiп әкетiп, бұл пiкiрдi додаға салған жоқ. Бәлкiм, “балықшы балықшыны алыстан таниды” дегендей, бас ғұлама жас ғұламаны жанына тартып алады деп қызғанған шығар. Әйтеуiр Толыбаевтың бұл пiкiрi де қолдау таппай жолда қалды.
Осының бәрi экс-шенеунiктiң iшiн қыз-қыз қайнатса керек, ол ендi “айға шауып”, Алматының атына қатысты пiкiр бiлдiрiп отыр. Алматыны Алма-Атаға өзгерткiсi келгендер бұрын да кездесiп тұратын. Тiптi кешегi Алматы әкiмiнiң орынбасары, бүгiнгi мәжiлiс депутаты Серiк Сейдуманов та осы мәселеге сүйкенiп өткенi бар. Бiрақ олардың бәрiнiкi құр сөз, құрғақ долбардан аспайтын. Ал Толыбаев аузын толтырып тұрып, дәлелмен сөйлейдi. Қысқаша айтсақ, былай: Мысалы қазақтар Москваны “Мәскеу” дейдi. Сендер бүйттiңдер деп, қай орыс қазақтың жағасынан алып жатыр? Орыстар Бейжiңдi Пекин дейдi. “Бiздi қорладыңдар” деп орыспен жағаласып жатқан қытай тағы жоқ. Ендеше, орыстiлдiлер “Алма-Ата” деп айтып, “Алма-Ата” деп жазғанынан қай қазақтың қылшығы қисаяды? “Сондықтан Өскемендi – Усть-Каменогорск, Оралды – Уральск дей берейiк те” дейдi ғой Толыбаев деген данышпан.
Онымен келiсу-келiспеу, сiздiң еркiңiз. Бiрақ “осы Толыбаев неге толғатып-толғатып алып, тың идеяларды ытқыта бередi?” деген сауалдың көкейiңiзде тұрғанын сеземiз. Әлеуметтiк желi арқылы ұсынған екi байламының сырын жоғарыда айттық: Көп әйел алуды қозғағаны – тоқалдан дәмесi болуы мүмкiн. Сәбидiң есiмiн сылтаурата отырып сiлтесе, үш тұғырлы тiлдiң ыңғайын меңзеп, ұпай жинағысы келген шығар. Ал Алматы ше? Бiз ойланып-ойланып түк таппаған соң, мынадай шешiмге келдiк: Толыбаев әйтеуiр бiрдеме тауып, қазақтың жанына тию арқылы өзiнiң бар екенiн бiлдiрiп қойғысы келедi. “Бүкiл ел мен туралы шулап айтса” дейтiн есекдәмесi бар. Әрине, дәл осы тұрғыдан келгенде Толыбаев “Жас Алаш” та менiң торыма түсiп қалды деп мәз болуы әбден мүмкiн.
Әйтсе де бiздiң айтпағымыз мүлде басқа болатын. Толыбаевтың әлеуметтiк желi арқылы топылдатқан ой-орамдарын екшесек, “осы кiсi нағыз қой бағуға лайық адам-ау” деген қорытынды шығады. Себебi бiр қошқарға қанша қойды сүргiзем десе де – еркi. Жаңа туған қозыға үш тiлде ат қойып алса да, өзi бiледi. Тiптi қорасын “Алма-Ата” деп атасын! Өзi би, өзi қожа.
Бiрақ Толыбаев қой баққан жоқ қой. Астананың әкiмiне орынбасар болды, бүкiл аграрлық салаға жетекшiлiк еттi. Оны айтасыз, “Қазақстан тәуелсiздiгiне 10 жыл”, “Қазақстан Конституциясына 10 жыл”, “Астанаға 10 жыл” медальдарымен марапатталған екен.
...Ал ендi күлесiз бе, жылайсыз ба!?
Сансызбай Нұрбаба, "Жас Алаш"
*Тақырып өзгертілді