Алименттен қашқан әкелер сотталады

106700118_4823180_alimentuБаласына берешегі 10 мың АЕК-тен асып кеткен алимент төлеушілер 7 жылға бас бостандығынан айырылады.

Бұл туралы бүгін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 15 қаңтарындағы Заңын түсіндіруге арналған брифингте ҚР Әділет министрлігі Сот актілерін орындау комитетінің бас сарапшысы Мәдина Мұқашева айтты.

Заңның негізгі мақсаты атқарушылық іс жүргізу саласын реттейтін заңнаманы жетілдіру, сот орындаушыларының жұмыс тиімділігін жоғарылатуда олардың өкілеттігін кеңейту, сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал жасайтын нормаларды алып тастау, заңды күшіне енген сот актілерінің мейлінше көп орындалуына қол жеткізу болып табылады.

«Заңда теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдар жоқ», - деп атап өтті бас сарапшы.

Құжатқа енгізілген негізгі өзгерістер мына баптарда көрініс тапқан:

-сот актілерін орындамағаны үшін бас бостандығынан айыруды белгілеу арқылы жауапкершілікті күшейту, ҚР ҚК 136-бабы (алимент төлеу бойынша міндеттерін орындамау) бойынша және ҚР ҚК 362-бабының 1-бөлімі (сот үкімін, шешімін және атқарушылық құжатты орындамау) бойынша 2 жылдан 3 жылға дейін мерзімге, сәйкесінше ҚР ҚК 362-бабының 3-бөлімі «берешек сомасы 10000 АЕК жоғары болса) бойынша 7 жылға бас бостандығынан айыру енгізілді, аталған шараларды белсенді қолдану олардың алдын алуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді;

-борышкерді жауапкершілікке тартуда негізгі кедергі болатын «қасақана» ұғымын түсініксіз жазылуына байланысты алып тастау;

-әкімшілік айыппұлдардың төменгі шегін белгілеу және жоғары шегін көбейту;

-атқарушылық іс жүргізу органдарына әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарау өкілеттігі беріледі;

-атқарушылық іс жүргізудің ұзаққа созылуына әкелетін және сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын өз еркімен орындау институтын алып тастау;

-уақтылы орындамағаны үшін өсімақы енгізу.

«Жалпы, Заң борышкерлерде өз міндеттеріне деген тиісті қарым-қатынасты қалыптастыруға мүмкіндік береді және сот шешімдерінің уақтылы әрі мүлтіксіз орындалуына ықпал жасайтын болады», - деп атап өтті М. Мұқашева.