Талантты қазақ жастары неге шетел асып кетеді?!

29209Біздің елімізде ерекше дарынымен жылт етіп көзге түскен жастар ебін тауып шетел асып кетуге құмар-ақ.  Осыдан бірнеше жыл бұрын математикадан әлемді таңдай қақтырып, рекордтар кітабына енген Қуат Есенов мұхит асты. 1980-2000 жылдар арасында бағын сынамақ болып Мәскеу, сонан соң Голливуд асқандар біздің елде де көп болды. Мәскеу, режиссер Тимур Бекмамбетовтың сөзімен айтқанда «жұлдызды әлемге жол ашатын старт алаңына» айналды. Қазақстандық режиссер Нұрлан Санжар да сол жылдары Мәскеуге кеткендердің қатарынан табылыпты. Мәскеу театрының артисі Линда Нығматуллинаның Мәскеуге кетуіне әке-шешесінің танымалдылығы себеп болған. Ол осыдан біраз бұрын журналистермен кездескенде «Алматыда маған Венера мен Талғаттың қызы деп қарады. Мен қайда жүрсем де жұлдызды ата-анамның көлеңкесінен шықпай қалатындай көңіл-күйде жүрдім. Сондай ойға жол бер­меу үшін өзімді Мәскеуде сы­нағым келді. Мәскеу шын та­ланттарға төрінен орын бе­реді. Білесіз бе, күн сайын Мәс­кеуге 200 000 адам бағын сынау үшін ғана келеді екен. Ал топты жарып, өзін дәлелдеу бақыты тек бір-екі адамға ғана бұйы­рады. Мәскеуге бармас бұрын өзім­ді қатал сынаққа дайын­да­дым» деп ағынан жарылған. Қазір «Линданы Ресей көрермені көп біле ме, әлде қазақстандықтар арасында танымал ма?» деген сұраққа өзге түгіл, Линданың өзі де жауап бере алмайды. Қазақстандық руханият өкілдерінің Мәскеуге, сонан соң Батысқа бет бұруы өткен ғасырдың алпысыншы-тоқсаныншы жылдарында басталды. «Болашақ» бағдарламасымен Лондонда оқып жүрген журналист Қанат Әуесбай бұл құбылысты өнер саласының коммерциялизациясы жақсы дамып келе жатқанымен түсіндіреді. – Бұл дегенiңiз – өнердiң нарықтық қатынасқа бейiмделе бастауы, соған орай өз өнiмiңнен ақша табу. Ал тәуелсiздiк алған алғашқы жылдары өнер табыс көзiнен гөрi, шетелде түрлi конкурстарда танымал болудың, танымал болу арқылы ақша табудың құралына айналғаны рас. Соның салдарынан алғашқыда отандық өнер иелерi өзiмiзде емес, жатжерде танылып жатты. Оның үстiне, өнер салалары елiмiзде бұдан 20 жыл бұрын елiмiзде керек болмай, қатты тоқырауда болғаны жасырын емес. Сол жылдары музыканттарымыз, бишiлерiмiз Еуропада сахналарын жағалап кетсе, елде күнкөрiсi қиындаған суретшiлерiмiз шетелдiк көрмелердi кезiп кеттi. Сол жылдары шетел өнерсүйер қауымы Марат Бисенғалиев, Алан Бөрiбаев, суретшi Ерболат Төлепбай сияқты есiмдердi танып жатты. Ал режиссерлеріміз болса өкiнiшке орай, батыстық қоғамды «таң қалдыру» мақсатымен халықты масқаралайтын, әшкерелейтiн кино түсiрiп, батыстық конкурстарда топ жарып жатқанына мәз болып жатты. Ондай киноөнiмдердiң бiр ғана бақай есебi бар болды - батыстық конкурста қандай надан жолмен болса да, арзан бедел жинау. Осы аталған үрдіс қазiр түгелiмен жойылмаса да, әлi де қылаң берiп жатады. Қазiр бiрақ өнер саласының коммерциялизациясы көршi Ресейде дамып кеткен соң, батыстық аудиторияға қолы жетпегендер, ресейлiк бұқараны қаратқанды жөн көредi. Себебi, түсiнiктi. 17 миллиондық Қазақстаннан гөрi, 200 миллионға жуық орыс тiлдi көрерменi бар аумақта танымал болғанның меркантильдiк есебi тағы бар. Бiрақ өнер саласының эмиграциясы бар әлемде бар процесс. Олар өнер нарығы қай елде дамыса сол жаққа кетуге асығады. Мысалы, әйгiлi Голливудттың тең жарымы Латын Америкасы, Еуропадан шыққан кино жұлдыздары. Әншiлер де әлемнiң әр түкпiрiнен жиналған, – дейді Қанат Әуесбай. 1990 жылдары Мәскеу асып кеткен Қазақтың талантты ақыны Бақыт Кенжеев елге келген бір сапарында «Бұл сапар маған үлкен өзгерістер әкеле қоймады: Ұйқысырап жатып, бір жаққа аунап түскендей ғана әсер алдым» деген. Өзі айтқандай, «ұйықтап жатып, Ресейге қарай аунап кеткен» Бақыт қазір Канадада тұрады. Ширек ғасырдан бері жат жерде жүрген жерлесіміздің поэзиясында көшпенділердің сарыны әлі сезіледі. Өткен аптада ғана әлеуметтік желідегі парақшасында «Әртүрлі ел­дер арасында ша­шы­лып жүр­ген жайым бар: Ре­сейге жиі ке­ліп тұрамын; тұр­ғылықты жерім – Канада; америкалық қыз­ға үйлендім, енді сонда көш­келі жатырмын. Жалпы, мен өзімді «әлем азаматымын» деп есептеймін. Менің идеал­дарымның бірі – Шоқан Уәлиханов. Ол да қазақ және орыс офицері, мен секілді «әлем азаматы» десе болғандай» деген жазба қалдырыпты. Қазақстанның оңтүстігінде дүниеге дүниеге келген ақынның туған туысқандарының басым көпшілігі қазір Алматыда тұрады. Бақыттың1986 жылы Желтоқсан көтерілісі кезінде Бақытжан Қанапяновтың өлеңдерін Азат Еуропа және Азаттық радиосынан оқығанын елде екінің бірі біле бермейді. Өткен аптада Бақыт Кенжеев Мәскеуде өткен шығармашылық конкурста бас бәйгені жеңіп алды. Конкурс шетелде жүрген орыс тілді ақындарды көтермелеу мақсатында құрылған екен. Мәскеулік журналистердің «Сіз қазақ ақынысыз. Сіздің шығармаларыңыздан көшпенділердің сарыны сезіліп тұрады. Орыс тілді ақындарды көтермелеу мақсатында ұйымдастырылған конкурста бас бәйгені жеңіл алдыңыз. Сіздің тарихи отаныңызда ана тіліңіздің жағдайы аса мәз емес дегенді жиі естиміз» деген қитұрқылау сұрағына «Қазақтың көптеген зиялылары секілді мен қазақ тілін білмеймін. Оған қатты күйзелемін. Орыс тілді ортада өскен соң тілім қазақша шықпаған. Менің пікірімше, бұл өте күрделі міндет. Қазақстан секілді халық саны аз, оның үстіне полиэтникалық мемлекет үшін үкіметтің бірінші міндеті – ұлттық мәдениетті, соның ішінде әдебиетті дамыту деп есептеймін мен. Яғни, қазақ тілді кітаптардың жарық көруін қаржыландыру, әлемдік әдебиетті таныту үшін қазақтың жас жазушыларын шетелге оқуға жіберу, сол арқылы қазақтың әдеби тілін дамытуға көмектесу керек. Жасыратын түгі жоқ, оған қолдаудың қажет екендігі рас. Қазақстан кәрі құрлықтағы Финляндия, Норвегия, Швеция секілді шағын мемлекеттердің саясатын ұстануы тиіс. Бұл мемлекеттерде жазушылар, ұлттық тіл мен мәдениетті дамыту үшін, мемлекеттің есебімен өмір сүреді. Мен қолымнан келсе, шетелде тұрып жатқан, шығармаларын орыс тілінде жазатын қазақ ақындарын көтермелейтін конкурстар ұйымдастырар едім. Қазақстанның басшылары осыған көңіл бөлсе екен» деп жауап беріпті. Талант көзін Мәскеу ашқандардың тізімі тек Бақытпен шектелмейді. 2000 жылдардың бас кезінде тәуелсіз Тарлан сыйлығында «Үміт» номинациясы бойынша жүлдегер атанған Марат Исенов – Петербургте. Ал қазақтың талантты ақын қызы Әйгерім Тәжі өткен жылы әлемнің орыс тілді ақындары бас қосқан «Дебют» конкурсында жүлдегер атанды: Қазір олардың әрқайсысы – жеке тұлға, жеке әлем. «Қазақ жерінен түлеп ұшып, Мәскеуде танылғандар қазақ қоғамы үшін тым қашық жатқан жылуы жоқ, тек жарқырап белгісіз галактика тәрізді емес пе?» деген пікірді Лондонда жүрген жерлесіміз Шоқан Лаумулин мүлдем қостамайды екен: «Бұл тек қазақстандықтарға ғана қатысты мәселе. Бақыт та, Әйгерім де Алматыға жиі келіп тұрады. Екеуі де орыс поэзиясының өкілдері. Бірақ оларды Алматыда білетіндер де, талантына табынатындар да өте көп. «Неге танымал емес» дегенге келер болсақ, Қазақстанда поэзия оқылмайды. Себебі сол ғана», – дейді ол бізбен тілдескенде. Шоқан Лаумулиннің ойын оның әріптес ағасы Төлен Әбдіков былай деп жалғастырады: «Әдебиет ұлт пен ұлысқа бөлінбейді. Әлемдік деңгейде танылған таланттар барлық оқылады. Шетелде жүрген таланттарымызды өзімізге икемдемеу – біздің кінәміз. Мысалы, Бақыт Кенжеевті мен жақсы білемін. Мүмкін қазақшасы кемшін түсіп жатқан шығар. Бірақ ол тұла бойы тұнып тұрған қазақ. Бірақ таланттар мен шетелде жүлде алып өздерін халықаралық деңгейде танылып жүргендерді қатар қоюға болмайды. Қазір халықаралық жүлделердің тағдырын тамыр таныстық арқылы шешіп, өздеріне сол арқылы пиар жасап жүргендер көбейіп барады. Шын талант саясатқа да, уақытқа да тәуелді болмау керек» – дейді жазушы ағамыз Төлен Әбдіков. Ал шетелдің ашық-жабық конкурстарында алған бәйгелерінен атан түйенің белі қайысатын, шығармалары әлем тілдерінде аударылға жазушы ағамыз Сәбит Досанов «шетелде бәйге алған, пәлен тілде аударылған шығармалар өз ішінде неге танымал емес деген мәселенің өзі дұрыс қойылып отырған жоқ» деген ойда. «Біздің шығармаларымыз оқырманға жетпейді. Таралымы да аз. Одан бөлек жазушылар бір-бірінің шығармаларын оқымайды. Насихат жоқ. Одан бөлек бүгінгі оқырмандардың талғамы да әртүрлі. Онымен санаспасқа болмайды» дейді жазушы ағамыз. Шетелдік конкурстарда бағы жанған әдебиеттен кейінгі жанр әзірге киномен шектеліп тұр. Осыдан бірер жыл бұрын қазақтың ақиық ақыны Олжас Сүлейменовпен осы тақырыпта сұхбаттасудың сәті түскен еді. «Өз елінде мойндала алмаған шығарманың жат жерде бағы жанады» дегенге мен сенбеймін. 1990 жылдар мен 2000 жылдардың басында біздің қазақ киноларының басым көпшілігі конкурстық жанрға ойысып кетті. Қазақ киногерлері батысты танымалдылықтың баспалдағы деп қабылдады. Ал батыстың киносыншылары конкурс қоржынына келіп түскен қазақ киносын сәтсіз туындылардың эталлоны деп қабылдап, сәтсіз кинолардан қалай сабақ алу үшін сараптама құралына айналдырады» деген болатын. Соңғы кезде халықтық бағыттағы режиссер атанып жүрген Еркін Рақышев «конкурс үшін жазылатын шығармалардың күні өтті» деген ойды алға тартады. «Бірақ солардың қатысқан конкурстарының деңгейі өте төмен дәрежеде екені енді белгілі болып жатыр. Әлемде «А» категориясындағы 20 фестиваль бар. Конкурстық кинолардың бірде-бірі сол бәйгеге қатыса алмаған. Бәрі төменгі деңгейдегі жарыстарға барып, «лауреат атанып» қайтқан. Содан соң сол конкурстардың ұйымдастырылуының екінші қыры тағы бар. Ол – қатысқандардың бәріне лауреат деген атақ береді. Бір адамды көп уақыт алдауға болады. Ал көпшілікті алдау мүмкін емес. Соңғы кездері қоғамда «шетелде конкурста бәйге алып қайтты» деген сөздің өзі күлкі тудыра бастады. Кино – ең алдымен халық үшін түсірілуі керек. Киноның бағасын халық беруі керек. Кезінде «Қыз-Жібек» фильмі де жекелеген тұлғалардың сынының астында қалды. Қазір киноға, оған түскен әртістердің жеке басына қатысты шөп-шаламдардың бәрі де қурап кетті де, тек халықтық туынды ғана қалды. «Менің атым – Қожа» жайлы де осына айтамын. Мен қолымнан келсе, әдебиеттегі, кинодағы халықшылдық бағытты одан әрі тереңдете беруге басымдық берер едім», – дейді Еркін Рақышев.

 Гүлбаршын Айтжанбай, "Айқын" газеті